Basty bet
Көлтоғанда ауызсу бар, енді газ құбыры тартылады
Осы күні аудан әкімінің тұрғындармен есептік жиындары Боралдай және Қошқарата ауылдық округтерінде өз жалғасын тапты.
Боралдай ауылдық округінің орталығы Көлтоған ауылдық мәдениет үйіндегі есептік жиынға округке қарасты Ертай және Рысбек батыр ауылдарынан тұрғындар шақырылған. Жиын жұмысына аудандық мәслихаттың хатшысы Е.Тілеубеков, аудандық әкімдіктің бірқатар бөлім басшылары мен мекеме басшылары қатысты.
Жиынды ауылдық округтің әкімі Бауыржан Абдалиев ашып, күн тәртібіндегі мәселелерге тоқталды. Алдымен ауылдық округтің учаскелік полиция инспекторы Асхат Әшірбаев тұрғындар алдында есеп берді. Оның айтуынша, былтыр округте бір ғана мал ұрлығы қылмысы тіркелген. Сонымен қатар, әкімшілік құқық бұзушылық және қылмыстың алдын алу үшін жүргізілген шаралардың негізінде құқық бұзған азаматтарға бірқатар әкімшілік хаттамалар толтырылған. Белгіленбеген орындарға тұрмыстық қалдықтар тастаған 28 тұлғаға тиісті әкімшілік шара қолданылған екен.
Келесі кезекте тұрғындар алдында есеп берген ауылдық округ әкімі Б.Абдалиев, ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстармен қатар, техника паркінің жаңартылу жайына тоқталды. Былтыр тиісінше, округ шаруалары ауыл шаруашылығы саласындағы түрлі бағдарламалар арқылы жалпы сомасы 32 миллион теңгеге алты дана жаңа техника сатып алғанын айтты. Бұл жұмыс «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы жеңілдетілген несиеге жүзеге асырылып отыр. Шаруалар бұл жұмыстарды әлі де дамыта түсетініне сенім білдіріп, округте мал басының да артып отырғанын қуанышпен жеткізді.
Соңғы жылдары ауылдық округке табиғи газ және ауызсудың тартылуына байланысты тұрғындардың тұрмысы едәуір жеңілдей түскен. Атап айтқанда, былтыр қазынадан бөлінген қомақты қаражатқа Көлтоған және Ертай ауылдарына жаңадан ауызсу құбырлары тартылып, жыл ішінде тұрғындардың игілігіне пайдалануға берілді. Сонымен бірге, Жаңа 2022 жылдың қарсаңында Ертай ауылында табиғи газдың алауы тұтанып, тұрғындар қуанышқа кенелген болатын.
Ал биыл бұл жұмыстар округтің орталығы Көлтоған ауылында жүзеге асырылмақшы. Ол үшін биыл ауылда кварталішілік газ тарту жұмыстары өз жалғасын табуда. Соңғы ақпаратқа қарағанда, бүгінгі күнге дейін ауылдағы 132 үйге монтаждау-дәнекерлеу жұмыстары аяқталған. Көгілдір отынмен қамту жұмыстары биыл Рысбек батыр ауылында да жүргізіледі деп күтілуде. Ол үшін 44 миллион теңге қарастырылып, конкурсқа қойылған. Үстіміздегі айдың соңына дейін конкурс жеңімпазы анықталса, монтаждау жұмыстары басталатын болады. Сонымен қатар, аталған ауылдың ауызсу мәселесін шешу де күн тәртібінде тұрған мәселенің бірі. Сондай-ақ, биыл ауылдық округте көше жолдарын жөндеу, көшелерді жарықтандыру, тоғандарды тазалау жұмыстары өз жалғасын табады.
Кезек сұрақ-жауап бөліміне келгенде, Рысбек батыр ауылының тұрғыны Мыңбай Тәжібаев өз сөзінде, округ аумағын басып өтетін облыстық мәндегі автомобиль жолын күтіп ұстау, ауылдағы Жамбыл орта мектебіне жөндеу жүргізу немесе жаңа мектеп салу мәселелерін көтерсе, Ертай ауылының тұрғындары да ауылға қатысты бірқатар мәселелерді назарға алуды сұрады.
-Біздің басты мақсатымыз – таулы өңірдегі ауылдық округтердің тұрғындарын толықтай газбен қамтамасыз ету болғанын бәріңіз білесіздер. Ол үшін мен осы ауданға басшы болып келгелі бері жұмыс жасап жатырмын. Соның нәтижесінде, тұрғындар кезең-кезеңімен табиғи газға қол жеткізуде. Таяу уақытта ауданды табиғи газбен қамтудың үлесі 100 процентке жетеді деп күтілуде. Аз уақыт күтсеңіздер, округтің барлық тұрғыны газды пайдалана бастайды. Мұның тиімділігі көп екенін бәріңіз жақсы білесіздер. Бұл округте басқа да ұсақ-түйек мәселелер бар. Олар да кезең-кезеңімен өз шешімін табады деп сенемін,- деді аудан әкімі Олжас Есалханұлы.
Жиында ауылдық округтегі ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсатбек Байболов жастар тәрбиесіне көбірек көңіл бөлу қажеттігін айта келе, ауылдағы «Боралдай» бөбекжай-балабақшасының ғимараты өте тар екенін, ауыл жастарын өнер мен мәдениетке, қолөнерге, басқа да халықтық өнерлерге баулу үшін округ орталығынан «Аула клубы» мекемесінің филиалын ашу жайын көтерді. Ал ауылдық округтің қоғамдастық төрағасы Уәлихан Жаманқұлов, ауылдық округте ұлттық спорт түрлерінің кең қанат жайып келе жатқанын айта келе, округтің орталығы Көлтоған ауылынан заманауи спорт кешенін салу мәселесін қарастыруды ұсынды.
Айта кету керек, есептік жиында тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер мен ұсыныстардың дені алдағы уақытта назарға алынатын болады.