Basty bet
Отбасы құндылықтары дәріптелді
Бүгінде облысымызда Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен “Ең үздік ауылдық мәдениет үйі, клуб-2023” облыстық байқауы өтуде. Байқауға біздің ауданнан Нұрлыкент ауылдық мәдениет үйі қатысты.
Нұрлыкент ауылдық мәдениет үйі әділқазылар алқасы мен өнер сүйер қауымға байқау аясында “Отбасы – бақыт ордасы” айдарымен “Мен туған үйде…” танымдық кешін ұсынды.
Отбасылық құндылықтарды дәріптеуге арналған кешке аудандық билер кеңесінің төрағасы Мұратқали Рахметов, “Жуалы” көпшілік мешітінің имамы Сейітқазы қажы Медетбеков және аудандық ардагерлер кеңесінің өкілдері арнайы шақырылды.
Алдымен экраннан ақын Күләш Ахметованың “Менің сәулелі сәттерім” атты кітабынан “Мен туған үйде…” атты шағын сұхбатының негізінде дайындалған бейнетүсірілім көрсетілді.
Кештің алғы сөзі ауылдық округтің әкімі Нұрсұлтан Рақымбекке берілді.
Ауыл әкімі ашылғанына екі жыл ғана болған ауылдық мәдениет үйінің облыстық байқауға қатысып отырғанына ризашылығын білдіріп, сәттілік тіледі.
Мәдениет үйінің меңгерушісі Ақжол Әліпбаев сахна төріне ауылдағы ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, өсіп-өнген, сыйластықтары жарасқан, үлгілі, өнегелі отбасылар – Аташбек Әмірқұл мен Доғдыркүл Нұрованы және Данабек Медеубеков пен Тазагүл Жалиеваны құрметпен шақырды. Ата-әжелердің құрметіне Іңкәр Халық “Ата-әже” әнін шырқады.
Нұрлан Нұрлыбаев домбырамен “Насихат” термесін орындап, кештің мән-мағынасын аша түсті.
Кеш кейіпкерлері, қазыналы қариялар “Бақытты отбасы болудың сыры неде?” деген сұрақтың аясында өздерінің тәжірибелерімен бөлісті.
Аташбек Әмірқұл ата: “Бұрынғы бабаларымыз “Құдайдан кейін, дәстүрдің бұзылғанынан қорқамын” деген екен. Бүгінгі отбасылардың ажырасуы, жетімдер үйінің, қарттар үйінің көбеюі дәстүрдің бұзылғанын білдіреді.
Қазақ отбасында бұрынғы аналарымыз әкенің мәртебесін көтеріп, балаларына тұлға етіп көрсететін. Ал, қазір өкінішке орай жас отбасыларда әйел мен еркек билікке таласады.
Отбасында үлкенді сыйлау, отағасын пір тұту сияқты құндылықтарымыз жалғасын таппаса, қоғамда түрлі қиындықтар орын ала береді. Сондықтан дәстүр жалғастығын ұрпағымыздың бойына сіңіруіміз керек” деген пікірімен бөлісті. Ал, жары Доғдыркүл Нұрова жұбайының өмірде балаларына, немерелеріне жақсы әке, ата болғанын, өмірде ешқашан жаман әдет, іс-әрекет көрсетпегенін мақтанышпен жеткізді. Өнерлі ата-әжелер “Жұбайлар жыры “әнін бірге шырқады.
Ал, Данабек ата мен Тазакүл апай сыйластықтарын, өмірдегі қызықты сәттерін әңгімеледі.
Кеш кейіпкерлері бүкпесіз, ашық әңгімелерінен кейін “Аңсау” әнін орындады.
“Жуалы” көпшілік мешітінің имамы Сейітқазы қажы Медетбеков жас отбасыларды тату болуға шақырды.
“Қай отбасында сыйластық, татулық бар ол отбасына көктен береке келеді.
Бақ пен ырыс бірлік бар жерге барады. Қай жерде қақтығыс бар, жамандық бар ол жер Алланың қаһарына ұшырайды. Сондықтан болмашыға ұрысып, бәле қуыспау керек.
Ата мен әже отбасында өз орнын, бағасын, қадірін кетірмесе, ұл мен қыз әке-шешесін қадіріне жетіп, қадірлей білсе, бақыт та, байлық та сол отбасында” деді, Сейітқазы қажы Медетбеков.
Көрермендерге жүргізуші “Қазір балаларды бес күн балабақшаға береміз. Тіпті апталап, айлап демалыссыз жұмыс істейтін балабақшалар да ашылды. Сіздер бұған не дейсіздер?” деген сауалды жолдады.
Бұл сұраққа ардагерлеріміз Мұратқали Рахметов, Қалдан Назаров, Аташбек Әмірқұл сынды қариялар “Бала отбасында ата-анасының мейіріміне қанып өсуі керек. Сонда бала мейірімді болады.
Адами құндылықтар, тазалық, тәртіп, барлығы ата-ананың сөзімен іс-әрекеті арқылы бала бойында қалыптасады. Әсіресе, ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбиенің рөлі ерекше” деп жауап берді.
Бұдан кейін “Халің қалай, ақ келін?” айдарында залдағы келіндер қойылған сұрақтарға жауап берді. “Даналық сөздерден дән ізде”, “Тамшы сөз бен қамшы сөз” айдарларымен отбасы құндылықтары туралы мақал-мәтелдер айтылды.
Ақжол Әліпбай, Әбиірбек Тінәлиевтің орындауындағы әндер мен Есекей Ләззат пен Назерке Серіктің ақын Қалқаман Сариннің “Жақсылық жасасаң…” өлеңі көрерменнің жүрегінен орын алды.
Танымдық кешті облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары, әділ қазылар алқасының мүшесі Жанат Тұрлығұлова қорытындылады.
-Кешке арқау етіп алған тақырыптың өзі бүгінгі қоғамдағы маңызды мәселе – отбасы құндылықтары.
Кешті өткізу әдісі де ерекше. Кеш кейіпкерлерінің әңгімесі, мәдениет үйінің меңгерушісі, яғни жүргізушінің көрерменмен байланысы, айтылған жанды дауыстағы әндер, қойылған сұрақ-жауап, көрерменнің белсенділігі барлығы тақырыпты ашып, тамаша әсер алдық,- деді Ж.Тұрлығұлова.
Жалпы байқаудың қорытындысы барлық аудандарда өтіп, аяқталған соң шығарылатын болады.
***
Сонымен бірге аталған басқарманың ұйымдастыруымен облыстық халық шығармашылығы орталығының 65 жылдығына орай аудандық, қалалық мәдениет үйлерінің арасында “Ең үздік әдістемелік кабинет” облыстық байқауы өтті.
Аудандық мәдениет үйінің әдістемелік кабинетінің жұмысымен әдістемелік бөлімнің меңгерушісі Гүлжан Досмырзаева таныстырды. Байқау әдістемелік кабинеттің көрнекі безендірілуі, жабдықталуы, құжаттары, әдістемелік-тәжірибелік жұмыстар, клуб құрылымдарының жұмысы, ауылдардағы клуб мекемелерінің ақпараттандыру жұмыстарын үйлестіру, әдістемелік шеберлік, әдіскердің жетістігі, сөйлеу қабілеті бойынша бағаланды.
***
Сондай-ақ, әуесқой балалар үйірмелерінің “Бала АРТ” аудандық байқауы өтті. Байқау бес номинация бойынша ұйымдастырылды. Бірінші аспапта ойнау номинациясына төрт өнерпаз, вокал (жеке) хор немесе кез келген аспаптың сүйелмелдеуімен өнер көрсету номинациясы бойынша 17, хореография номинациясына 14, қолөнерге 4 өнерлі бала қатысты.
Байқау нәтижесінде 4 номинация бойынша 7 нөмір (жеке орындауда, топпен орындауда және қолөнер үйірмесі) іріктеуден өтіп, облыстық байқауға қатысуға арнайы сертификатқа ие болды.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»