Basty bet
2,5 пайыздық несиені кімдер ала алады?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Мемлекет экономикалық еркіндікті қолдайды. Бірақ халықты нарық тұрақсыздығының ықпалынан барынша қорғайды. Шағын және орта бизнесті мейлінше дамытады», – деп кәсіпкерлерге айрықша қолдау көрсетілетінін атап көрсетті.
Мұндағы негізгі мақсат – шағын және орта бизнесті ел экономикасының басты драйверіне айналдыру. Жалпы Жолдау жүктеген міндеттердің жүзеге асырылу нәтижесіне зер салсақ, осы жылдан бастап кәсіпкерлік саласында сең қозғалып, бизнестің дамуына қатысты арнайы реформа жүзеге асырыла бастағанын байқауға болады. Мәселен, салық кодексі, салықтық әкімшілендіру, мемлекеттік сатып алу, бизнеске қатысы бар бюджет секілді бірқатар заңдарды қайта қарау қолға алынды. Сонымен қатар жастарға қолдау ретінде 2,5 пайызбен несие беру жүзеге асырыла бастады.
Осы ретте біз “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Руслан Айтбаевтан бұл несиені қандай санаттағы жастар ала алатынын сұраған едік. Ол 21-35 жас аралығындағы кәсіпкер ретінде тіркелген кез келген тұрғын өтінім беріп, құжаттары несие алу шарттарының талабына сай келсе, осы қолдауға ие болатынын айтты.
– Мемлекет үшін мұның тиімділігі жастарды қолдай отырып, олардың арасындағы жұмыссыздықты азайтуда болып отыр. Сонымен қатар осы арқылы жас кәсіпкерлер несиеге қол жеткізіп, өз жұмысын жандандырса, елдегі бизнес нысандарының қатары да артады. Бірақ бір айта кететін жайт, бұрын жергілікті жұмыспен қамту орталықтары арқылы жастар мемлекеттен көлемі 400 айлық есептік көрсеткішті құрайтын қайтарымсыз қаржы алып келген еді. Енді ол грант жастарға берілмейді. Өйткені биылдан бастап жастарға 2,5 пайыздық несие берілетін тетік іске қосылғандықтан, 400 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі мемлекеттік грантты жастарға беру тоқтатылды.
Жалпы осы мемлекеттік гранттың көлемі жыл сайын ұлғайып отыратынын айта кету керек. Өйткені оның көлемінің ұлғаюы әр жылғы айлық есептік көрсеткіш көлемінің өсуімен тікелей байланысты. Биыл бұл грант көлемі 1 миллион 380 мың теңгені құрап отыр. 400 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі осы қайтарымсыз қаржы жастармен қатар қандастарға, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға, ерекше қажеттілігі бар жандар секілді тағы да басқа халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына бұрынғыдай беріле береді. Ал жастар «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының Жамбыл филиалы арқылы аталған жеңілдетілген несие алады.
Несие алуға ниеттенген өңірлік өрендер аудандық жұмыспен қамту орталығына барып, алдын ала кеңес алса артық болмайды, – деді Руслан Ғабитұлы
Ресми мәліметтерге сүйенсек, несие алушыларға қойылатын талаптар кәсіпкерлік қызметті жаңадан бастағысы келетін немесе кәсіпкерлікпен бұрыннан айналысатын 21-ден 35 жасқа дейінгі жастар үшін 2,5 пайызбен конкурстық негізде шағын несие беру басталды. Ол үшін біздің облысқа қазына қаржысынан 1 миллиард 735 миллион теңге бөлінген. Берілетін несие сомасының көлемі 5 миллион теңгеге дейін. Осы шағын несиені мал шаруашылығы бағытында алғандар 7 жылға дейінгі мерзімде, ал кез келген өзге мақсаттағы кәсіп үшін алғандар 5 жыл ішінде өтеуі керек.
Кәсіпкерге қойылатын талаптарға келсек, кәсіпкерлікпен айналысқанына 5 жылдан асқан азаматтар бұл жеңілдікті ала алмайды. Анығын айтқанда, кәсіпкер ретінде тіркелгеніне алты жыл болған жеке кәсіпкерлікке бұл несие берілмейді. Сондай-ақ несие алуға өтінім берген адамда тиімді кепілдік мүлкі болуы тиіс. Ол үшін жастар жағдайына қарай жылжымайтын мүлікті кепілзат ретінде ұсына алады. Оған ауылдық жердегі сабан кірпіштен салынған баспана да жарай береді, оның қай жылы салынғаны маңызды емес. Бірақ ол баспана тәуелсіз сарапшылар арқылы бағаланып, несие сомасы соған қарай беріледі. Сонымен қатар өтінім берген жастардың несие тарихы таза болуы тиіс. Ал несие тарихы бүлінбегендер қатарына соңғы екі жылда бұрынғы банктерге берешегін 180 күннен кешіктірмей төлеген азаматтар жатқызылады.
Әзірге “Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының Жамбыл филиалы ешқандай өтінім қабылдап жатқан жоқ. Себебі, қаржының түсуіне байланысты өтінім қабылдау ақпан-наурыз айларына жоспарланып отыр. Әулиеаталықтардың ішінде бөлінген қаржыға орай 350 жастың осы несиені алуына мүмкіндігі бар.
Иә. Мынадай нарықтық заманда бос жүрген жастар жолын тауып, елмен бірге жанталасып, жеңілдетілген несие немесе грант алуға ұмтылуы қажет. Мемлекет жасаған мүмкіндікті халқы мүлт жібермей, жағдайын түзеп алған елдің ғана әлеуметтiк-экономикалық ахуалы жақсарады. Ал халықтың тұрмыс жағдайы түзелсе, саяси ахуал да тұрақты болады.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»