Basty bet

Жеке кәсіпкер экологиялық таза өнімді көбейтуге мүдделі

Сейсенбі күні аудан әкімінің міндетін атқарушы Асхат Жабағы аудан әкімі аппаратының кіші мәжіліс залында жеке қабылдауға алдын ала жазылған бірқатар азаматты жеке сұрақтарымен қабылдау жүргізіп, олардың өтініш-тілектеріне назар аударды.

Қабылдауда болған Б.Момышұлы ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Әсима Шекеева екі жылдан бері аудан орталығындағы жеке үйінің ауласында Калифорниялық шылаушын өсіріп, оны көбейтіп жатқанын айтып, аталған кәсіптің тың жоба екенін жеткізген ол оған мемлекет тарапынан қаржылай көмек-қолдау болса деген өтініш-тілегін жеткізді.
-Менің бұл кәсіптің түрімен тұрақты айналысып келе жатқаныма біршама уақыт болды. Бұл – тың жоба. Оған түсінбейтін кейбір азаматтар: «Шылаушын өсіргені несі, осы да кәсіп болып па?» деген сияқты біржақты пікір айтуы әбден мүмкін. Мен мұның әсіресе, әйел кәсіпкерлер үшін өте тиімді жоба екенін айтып, оны дәлелдеп те жүрмін. Бұл кәсіптің түрі көршілес Түркістан облысында жақсы жолға қойылған. Біздің ауданда айналысып жатқандар бар. Бірақ өте аз.
Шылаушын өсіру арқылы малдың қиын шірітіп, одан таза биогумус өндіруге болады. Биогумус дегеніңіз – бау-бақша дақылдарын егіп, одан экологиялық таза мол өнім алуға таптырмайтын пайдалы биоорганикалық заттың түрі. Басқа бақшаның өнімдеріне қарағанда, биогумус салу арқылы егілген дақылдың түрі өте мол өнім береді әрі экологиялық жағынан да таза болады. Менің аудан басшылығына қайырылып отырған себебім, аудан көлемінде шылаушын өсіруші кәсіпкерлердің басын қосып, кооператив құру арқылы мемлекеттік қаржылай көмек-қолдауларға бірлесіп қол жеткізсек дейміз. Ауданда бұл кәсіптің түрін дамыту өте маңызды,- деді жеке кәсіпкер.
Тың жобаны қолға алған жеке кәсіпкердің өтінішін мұқият тыңдаған аудан басшылығы бұл жөнінде тиісті шараларды қабылдап, алдағы күндері өңірдегі шылаушын өсіретін кәсіпкерлердің басын қосу арқылы жиналыс ұйымдастырылатынын жеткізді.
Жеке қабылдауда сондай-ақ, Күреңбел ауылының тұрғыны Оңалбай Бүтінбаев жеке мәселелермен қайырылып, оған тиісті жауап берілді.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close