Basty bet
Жұмыстың нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Неге?
аудандық аппараттық кеңесте өңірдегі жол құрылысының барысы қаралды
Апта басында аудан әкімі аппаратының кіші мәжіліс залында аудан әкімі Жалғас Мұртазаның төрағалығымен аудандық аппараттық кеңестің кезекті отырысы өтіп, онда бірінші мәселе – 2024 жылы аудан көлемінде жүргізіліп жатқан жол құрылыстарының атқарылу барысы мен сапасы, екінші мәселе ретінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының аясындағы атқарылып жатқан нақты жұмыстар қаралды.
Аппараттық кеңестің күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Жатқанбаев баяндама жасап, бөлім басшысы өңірде жол құрылыстарына байланысты атқарылып жатқан жұмыстардың барысына, сонымен қатар, жол салу сапасы, жол құрылысының орындалу мерзімінің уақтылы атқарылуы және ауданға қарасты елді мекендерде орналасқан саябақтардың абаттандырылуы туралы нақты жұмыстарға тоқталды.
-Құрметті Жалғас Әлижанұлы және аппараттық кеңеске қатысушылар!
Ең алдымен аудандағы автомобиль жолдары туралы ақпарат бере кеткенді жөн көріп отырмын. Атап айтқанда, аудан аумағындағы автомобиль жолдарының ұзақтығы -561,2 шақырымды құрайды. Оның ішінде: республикалық маңызы бар автомобиль жолдары – 58,1 шақырым; – облыстық маңызы бар автомобиль жолдары – 132 шақырым; – аудандық маңызы бар автомобиль жолдары – 108,12 шақырым; – ауылішілік автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 263,0 шақырымды құрайды.
Жуалы ауданында 2024 жылы жалпы 1240,0 мың теңге (республикалық бюджеттен (РБ) -744599,0 мың теңге, (жергілікті бюджеттен (ЖБ) – 448487,0 мың теңге қаралып, осының нәтижесінде, барлығы 40 жобаның аясында жалпы ұзындығы – 42,47 шақырым автомобиль жолын орта жөндеу жұмыстары жүзеге асырылу үстінде.
Жалпы 2024 жылдың қорытындысымен жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті аудандық мәндегі автожолдардың үлесін – 99 пайызға, ал елді мекен көшелері бойынша бұл көрсеткішті – 91 пайызға жеткізу межеленіп отыр.
Ендігі кезекте нақты атқарылған жұмыстарға тоқталсам, аудандық мәндегі «Шақпақата-Ынтымақ-2,73 шақырым» жол құрылысы (қаржысы -51 млн теңге, жұмыстар 2023 жылдан биылға өтпелі). Аталған жол құрылысында асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді.
«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының аясында 824,0 мың теңгеге барлығы – 28 жобаның аясында – 28,38 шақырым жол құрылысын жүргізу жоспарланып, бүгінгі күнге 15 жоба бойынша асфальт төсеу жұмыстары жүргізілсе, 12 жобаның негіздемесі әзірленген, ал бір жобамен мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілген.
Атап айтсақ, Қайрат ауылында Ә.Беделбаев көшесін орташа жөндеу (0,925 шқ) Мердігер мекеме «Мерей Строй Инвест» ЖШС. Асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді. Диқан ауылындағы Абай және Жамбыл көшелерінің бір бөлігінің жолдарын орташа жөндеу (1,04 шқ), мердігері «Мерей Строй Инвест» ЖШС. Бүгінгі күнге жолдың негіздемесі жасалып қойған. Көктөбе ауылындағы Бейсен Сапирова көшесін орташа жөндеу (1,127), мердігері «Алатау-Бәйтерек» ЖШС. Асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек, Көлбастау ауылындағы Д.Қонаев көшесін орта жөндеу (1,777), мердігері «Мерей Строй Инвест» ЖШС, асфальт төсеу жұмыстары толықтай аяқталды. Талапты ауылындағы Қызыбек би көшесін орташа жөндеу (0,659) жалпы қаржысы 15385,0 мың теңге. Мердігер мекеме (Алатау-Бәйтерек ЖШС). Асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді.
Бірқатар ауылдық округтерге қарасты ауылдарда жөндеу жұмыстары аяқталса, ал кейбірінде толықтай аяқталмай отыр. Бірқатар көшелерлі жөндеу үшін негіздемелері жасалғанымен, белгісіз себептерге байланысты асфальт жабыны төселмеуде.
Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен 365,0 мың теңгеге 11 жоба 11,169 шақырым жоспарланып, бүгінгі күнге 3 жобаның аясында асфальт төсеу жұмыстары жүргізіліп, 8 жобаның негіздемесі жасалса, 1 жоба конкурска жарияланған.
Жол құрылысы барысында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндадым, ендігі кезекте жол жөндеу жұмыстарының сапасын қамтамасыз ету мәселесі туралы баяндайын.
Жол жөндеу жұмыстарының барысындағы сапасын қамтамасыз ету мақсатында ҚР көлік министрлігінің автомобиль жолдары комитетіне қарасты «Жол активтерінің Сапа орталығы» кәсіпорнымен тығыз бірлескен жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі күнге ұлттық сапа орталығымен Ақсай ауылдық округі -1341,3 мың теңге, Мыңбұлақ -1536,3 мың теңге, Билікөл -1443,0 мың теңге, Қарасаз -671,0 мың теңге, Боралдай -1682,2 мың теңге, Қызыларық ауылдық округтерімен -202,0 мың теңгеге келісім-шарт жасалынған. Ал Б.Момышұлы ауылы -6 жоба, Нұрлыкент -5 жоба, Күреңбел -1 жоба, Шақпақ ауылдық округі -(6 жобамен) келісім-шарт жасалмаған,- деді жауапты бөлімнің басшысы Қ.Жатқанбаев.
Қайрат Есенбекұлы өз кезегінде кеңестің күн тәртібіндегі маңызды мәселеге байланысты аудан аумағында орналасқан саябақтар мен скверлердің жай-күйіне де тоқталды. Оның айтуынша, ауданда Б.Момышұлы, Қайрат, Қарасаз, Күреңбел, Ертай және Көлтоған ауылдарында 8 саябақ, 2 сквер орналасқан. Аталған саябақтарда көктемгі екі айлық іс-шарасы және «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акцияларының аясында тазалық шараларымен қатар, шөптерін жұлу жұмыстары атқарылған. Дегенмен, бірқатар саябақтар мен скверлерде жөндеу жұмыстарын атқару қажет. Атап айтқанда, Б.Момышұлы, ауылындағы орталық саябаққа, «Жастар аллеясына» және Күреңбел ауылындағы саябақты жөндеуден өткізу үшін қаржы қарастырылған. Ендігі кезекте аталған саябақтарда қоршау, плиталарын ауыстыру, жаңадан ағаштар отырғызу, жарықтандыру тағы басқа ағымды жұмыстарды атқару қажет.
Сонымен қатар Б.Момышұлы ауылындағы «Мәңгілік ел», «Жасай бер, Қазақстан!» саябақтары мен орталық және Көлтоған ауылындағы ардагерлер скверлері ағымды жөндеу және абаттандыру жұмыстарын қажет етеді.
Аппараттық кеңестің отырысында күн тәртібіндегі мәселе – Б.Момышұлы ауылында 2024 жылғы жол салу сапасы, жол құрылысының орындалу мерзімінің уақтылы атқарылуы және саябақтардың абаттандырылуы мәселесі қаралып, онда ауыл әкімінің уақытша міндетін атқарушы Марат Керімбердиев баяндама жасады.
Айта кету керек, жол құрылысы саласындағы атқарылған жұмыстарға байланысты аудан әкімі Жалғас Мұртаза пікір білдіріп, бұл бағыттағы кейбір жұмыстардың кешеуілдеу себептеріне де тоқталды.
-Құрметті әріптестер, өздеріңіз жақсы білетіндей, соңғы екі жылдың көлемінде Жуалы ауданында жол жөндеу бағытында қыруар жұмыстар атқарылу үстінде. Жыл сайын атқарылып жатқан жөндеу жұмыстарына келсем, 40 шақырымнан астам автомобиль жолдарына жөндеу жүргізіліп келеді. Тиісінше, бірінші кезекте жөндеуден өткен автожолдардың сапасына баса көңіл бөлген жөн. Автожолдардың дені ауылдық округтерде орналасқан. Ауыл әкімдері бұл бағытта «Жол активтерінің Сапа орталығы» кәсіпорнымен тиісті келісім-шарттар жасасуы қажет. Олай болмаған жағдайда жөнделген автожолдарды қабылдай алмаймыз. Бұған жергілікті бюджеттен тиісті қаражат бөлінген.
Күн тәртібіндегі мәселеге байланысты тағы бір мәселе бар. Ол өңірге қарасты автожолдардың уақтылы жөнделмеуі. Бұл ретте ауылдық округтің әкімдері автожолдардың сапалы жөнделуіне және жұмыстардың уақтылы атқарылуына тікелей жауапты. Жаз мезгілінің жартысына жуық уақыты өтіп кетті. Кейбір ауылдарда жол жөндеу құрылысы әлі де басталмай отыр. Атап айтқанда, ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылында бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар өте мардымсыз. Жұмысты ширату қажет. Уақыттан кешеуілдеуге болмайды.
Одан бөлек, аудан орталығында саябақтарды ретке келтіру, жалпы өңірді абаттандыру және тазалық бағытындағы жұмыстарда сылбырлық байқалады. Жобаның аяқталу мерзімін күтіп отырмай, белгіленген межеге тезірек жетулеріңіз қажет. Ертең-ақ күз келеді. Өңірде жауын-шашын болып, күн суытса, жұмыстан де береке кетеді. Бұл үшін жөндеу жұмыстарына жарияланған конкурстардың нәтижесін тездету қажет.
Айтатын тағы бір маңызды мәселе – өңірдегі автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстарына «Ауыл – Ел бесігі!» бағдарламасымен аудан қазынасынан 250 миллион теңгеге дейін қаражат бөліну үстінде. Жобаның қаржысы бар. Жасыратын несі бар, дайын жобалық-сметалық құжаттарды іздеп әуреге түсетін кездер өте көп болады. Жобаларды дайындауға көбірек көңіл бөлу қажет. Құрметті ауыл әкімдері, жұмысты ширатуға тиіссіздер! Мен Сіздерге осыны ескертемін,- деді өңір басшысы Жалғас Әлижанұлы.
Жалғас Әлижанұлы аудандық аппараттық кеңестің барысында «Таза Қазақстан» републикалық экологиялық акциясының аудан көлемінде атқарылу барысына да жеке тоқталды.
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен биыл сәуір айының басында қолға алынған «Таза Қазақстан» републикалық экологиялық акциясының маңызы өте зор. Бұл бағыттағы жұмыстардың атқарылуы облыс басшысының да тікелей бақылауында. Сондықтан аталған акцияға баса көңіл бөлуге тиіспіз.
Акцияның аясында тазалық жұмыстарымен қатар, ауылдарды абаттандыру, көше бойларына гүлзарлар егу, тал-дарақтар отырғызу жұмыстарын атқару қажет. Атқарылған жұмыстар бір бөлек. Ең бастысы, оның сапасымен қатар, тұрғындарға жақсы көңіл күй сыйлау мәселесіне де баса көңіл бөлінуі керек. Басқасын былай қойғанда, аудан орталығындағы саябақтарды абаттандыру мен ондағы тазалық жұмыстары көңіл көншітпей отыр. Ондағы жөндеу және абаттандыру жұмыстары әлі басталған жоқ. Тұрғындар саябақтың қызығын қыс мезгілінде көре ма?! Саябақтарды абаттандыру мәселесіне бүгіннен бастап көңіл бөлінуі қажет. Бұл – ауылдық округ әкімдерінің барлығына қатысты мәселе. Одан кейін округтердегі тазалық жұмыстарына да мән беріңіздер. Зерделеу жұмыстары барысында бірқатар ауылдық округтен кездейсоқ қоқыс тастау фактілері анықталды,- деп атап өтті аудан басшысы.
Қорыта келгенде, өңірдегі автомобиль жолдарын орта жөндеу жұмыстарына ел қазынасынан аз қаржы бөлініп отырған жоқ. Сондықтан, мемлекеттік сатып алу бағытындағы конкурстардың нәтижесін тездету, сонымен қатар, атқарылған жұмыстардың сапасына көңіл бөлу және мердігерлермен жұмысты үйлестіру мәселесіне әсіресе жергілікті ауылдық округтің әкімдері баса көңіл бөлуі қажет-ақ. Атқарылған жұмыстардың нәтижесіз болуы осыны анық көрсетіп отыр. Жұмысқа деген көзқарастың дұрыс болуы, сайып келгенде, оң нәтижені де қамтамасыз етпек…
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»