Basty bet

Жауапты науқаннан қысылмай шығады

«Қыс – қатал сыншы» десек те биылғы ауа райы шаруаларға қолайлы болып тұр. Негізінен бұл уақытта сақылдаған сары аяз қысып, борандатып, қалың қар түсіп жатушы еді. Ал, биыл қаңтар айының басынан күн жылынып, жайма-шуақ күндер көп болды. Тек арасында тұманды, жаңбырлы күндерден соң арты қарға ұласып, жауған қар жерде тұрмай еріп кетіп жатыр.

Аптаның сәрсенбісінде таңертеңнен бастап жапалақтап жауған ақ ұлпа қар тоқтап, түс ауа батыстан жел соқты. Ызғарлы қыстың желіне қарамай, күннің ашықтығын пайдаланып, Талапты ауылына барар жолдағы бұрынғы Орақ-балға мекенінің солтүстігінде орналасқан «Дулат» шаруа қожалығының қыстағына қарай жол тарттық.
Қыстаққа барар жол кедір-бұдыр, таңертең жауған қар болмаса жол лайлы, батпақты. Мұнда жол талғамайтын көліктер болмаса, жолда тұрып қалуыңыз мүмкін.
Кедір-бұдыр жолмен жүріп, Талапты елді мекеніне апарар тас жолдан бір шақырым қашықтағы қожалықтың қыстағына жеттік. Бірақ, екі үлкен алабай ит бізді көліктен түсірмеді. Тек қожайыны келген соң ғана қора-жайға қарай бет алып, қожалықтың қыстақтағы жай-күйімен таныстық.
Шаруа қожалықты Рәтбек Қырғызбаев 2012 жылы құрған. Иелігінде 120 гектар егістік жері бар. Мұнда жыл сайын 20 гектарға эспарцет, 30 гектарға жоңышқа егіліп, қалған жерге арпа, бидай себіледі екен. Сонымен қатар, шаруа «Сыбаға» бағдарламасы аясында ет бағытында жұмысын бастап, Солтүстік Қазақстан өңірінен 40 бас «Герафорд» тұқымды ірі қара малын алып келген. Қазіргі таңда ісі оңға басып, мал басы артқан. Қорада 60 бас «Герафорд» тұқымды ірі қара малы және 120 бас жергілікті қазақы «Еділбай» тұқымды қошқарлар бордақыға қойылған. Ал, союға дайын 20 бас ірі қара малы бөлек қораға байланған.
Шағын ғана жерді алып тұрған қожалықтың қорасы бірнеше сарайға бөлінген. Жаңадан бордақыға қойылған бір жарым жасар ірі қара, ұсақ малдар сырттағы қораға қамалған. Күнделікті мініске арналған екі жылқы да осында тұрады. Жем-шөп те жеткілікті дайындалған. Малдың уақтылы қамын жасау үшін шөп мал қораға жақын жерге жиналыпты.
-Мұндағы жұмыстарды ұлым Ерланмен сенімді жұмысшымыз Виктор Русанов атқарады. Биыл бұл қыстақта қыстағанымызға бесінші жыл. Өте жайлы, әрі аудан орталығына да жақын. Егістік жеріміз де осы маңда орналасқан. Үй-жайымызды шаруға қолайлы етіп соғып алдық. Қыстақтағы жарық мәселесін де шешіп, күн электрлі батареясын орнаттық. Жарықсыз болмайды. Құдықтың және бұлақтың суын пайдаланамыз. Қораларды ұлымыз жаңадан қосып, тірлікті өрге дөңгелетіп отыр.
Ірі қара малдары бір орнында тұрып семіреді. Алты ай бордақылау үшін күнделікті үш мезгіл жем-суы уақтылы беріледі. Етін Тараз, Шымкент қалаларындағы ет корпустарына өткіземіз. Ісіміздің алға басуына мемлекет тарапынан көп көмек көрсетілуде. Шаруаларға арналған мемлекеттік бағдарлама арқылы несие алып, мал басын көбейтудеміз, – дейді қожалық иесі Рәтбек аға.
Қожалықтың төрағасы тек қыстақтағы шаруасымен таныстырып қана қоймай, алдағы жоспарларымен де бөлісті. Ол ет бағытымен қоса, алдағы уақытта сүт бағытын да қолға алуды жоспарлауда.
Сондай-ақ, жақында қораның маңындағы тоғанды тазалатыпты. Қазір оған бес бұлақтың суы жиналуда екен. Рәтбек ағаның тоғанды да мақсатты пайдаланып, балық шаруашылығымен айналысу ниеті бар. Одан бөлек, олар көктемде Меркі ауданынан 500 түп түрлі сортты алма көшетін әкеліп егіпті. Алмаағаштары жерсініп, өніп кеткенге ұқсайды. Енді осы бағытта биыл Меркі ауданындағы әріптестерінен алмұрт әкеліп отырғызу да ойында бар.
-Бұрын бұл тоғанда су көп жиналған. Тек бұлақтың көзі ашылмай, тоған уақтылы тазаланбай қалған. Ұлымыз екеуміз ақылдаса келе, тоғанды тазалаттық. Енді көктемге дейін бес метрге дейін тереңдікте су жиналады деп күтудеміз. Сонда балықтың түр-түрін әкеліп, балық өсірумен шұғылдануға болады. Қолда бар дүниені дұрыс пайдалану керекпіз. Сонда біздің шаруа қожалық мал шаруашылығымен қатар балық шаруашылығын қолға алып, жеміс ағаштарын егіп, алма бағын жасайтын боламыз. Бие сауып, ұлттық сусын қымызды да әзірлейміз. Жалпы біз жан-жақты, сан салалы істі қолға аламыз деп отырмыз.
Әзірше, биылғы қыс біз үшін қолайлы. Өткен жылғы қуаңшылықтың салдарынан егістіктен аз өнім алсақ та, қыстың қамын ойлап, жеткілікті мал азығын әзірледік. Қыстан қысылмай шығамыз деп ойлаймыз. Мал қыстату науқаны ойдағыдай қалыпты өтуде, – дейді шаруашылық басшысы.
Ісін мықтап қолға алған шаруа қожалықтың қора-жайының алдында екі жаңа трактор, «ЗИЛ» жүк көлігі, «Нива» автокөлігі, басқа да бірқатар ауыл шаруашылығы тіркемелері тұр.
Боран соғып, жол жабылса, олар өз техникаларымен қарды күреп тазалайды. Егістіктегі жұмыстарына да осы техникаларын пайдаланады.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close