Basty bet
Ұлт руханиятына қызмет – жауапты міндет
Бұл кәсіби мереке – ел руханиятына қызмет етіп жүрген мәдениет пен өнер саласының мамандары үшін айрықша күн. «Арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деп Халық жазушысы Шерхан Мұртаза журналистер қауымының бейнетқор еңбегін сипаттаса, осы сөзді мәдениет және өнер қызметкерлеріне де қарата айтуға әбден болады. Өйткені, аудан көлемінде өтіп жататын сан түрлі мазмұндағы, ірілі-ұсақты, алуан сипат-көріністі мәдени іс-шараларды, концерттер мен қойылымдарды, шығармашылық кештерді, кездесулерді т.б. белгіленген уақытында, асқан жауапкершілікпен, көпшіліктің көңілінен шығатындай тап-тұйнақтай атқарып шығу – мәдениет саласы қызметкерлерінің әдепкі жұмысы, сан-салалы қызметінің бір сәті ғана. Мұның бәрі айтуға ғана оңай. Оның артында басшылықтың ұйымдастырушылық қызметінен, қызметкердің орындаушылық жауапкершілігіне дейінгі қаншама күш-жігер, төгілер тер жатыр.
Осы орайда, 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұржан Жаңабаевпен руханият саласының бүгінгі тыныс-тіршілігі төңірегінде әңгімелескен едік.
– Нұржан Жандарбекұлы, кәсіби мереке құтты болсын! Жалпы ауданның мәдениет саласының бүгінгі тынысы туралы айтып өтсеңіз.
-Мәдениет – ұлттың рухани келбетін айқындайтын қастерлі сала. Сондықтан бұл бағыттағы әрбір жұмыс үлкен жауапкершілік пен тынымсыз ізденісті талап етеді. Бүгінде ауданда халыққа мәдени қызмет көрсететін халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы мен 24 мәдени нысан тұрақты жұмыс атқарады. Оның ішінде, 1 аудандық мәдениет үйі, 11 ауылдық мәдениет үйі және 12 ауылдық клуб бар. Руханият саласында 300-ге жуық маман ел игілігі жолында тынымсыз еңбек етуде.
Сонымен қатар, аудан мәдениетінің мерейін үстем етіп жүрген бес халықтық атағы бар шығармашылық ұжымымыз бар. Олар – «Бөкейтау» вокалды-аспапты ансамблі, «Қызғалдақ» ән-би ансамблі, «Жуалы» және «Мыңбұлақ» халық театрлары, сондай-ақ, «Жаңабаевтар» отбасылық ансамблі. Бұдан бөлек, аудандық орталық кітапхана, 25 ауылдық кітапхана мен тарихи-өлкетану музейі тұрғындардың рухани сұранысын қанағаттандырып, мәдени өмірдің ажарын айшықтап келеді.
– Соңғы жылдары мәдениет саласында қандай оң өзгерістер орын алуда?
– Ауданда мәдениет нысандарын жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Ең алдымен Қайрат ауылдық мәдениет үйі ел игілігіне берілсе, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының аясында Көлбастау ауылдық мәдениет үйі пайдалануға берілді. Бұл – ауыл тұрғындарының рухани өміріне серпін берген маңызды нысандардың бірі. Жуырда аталған мәдениет ошағында Аналар күніне орай «Анаға құрмет – ұлтқа тағзым» Аналар мектебінің ашылуы да көпшіліктің көңілінен шығып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған игі бастамаға айналды.
Әрине, уақыт талабына сай жаңғыртуды қажет ететін мәдениет нысандары да бар. Атап айтқанда, Күреңбел, Бәйтерек және Шақпақ ауылдық мәдениет үйлеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туындап отыр. Сонымен қатар, Жаңаталап, Қызыларық, Қошқарата ауылдарындағы мәдениет нысандарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта қаржы мәселесі оң шешімін тапса, Қарабастау мен Көктөбе ауылдарындағы мәдениет ошақтарына да ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарда бар. Алда мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, қолдау тауып жатса, жоспардағы жұмыстар атқарылатын болады.
Бүгінде руханият саласына қойылатын талап та, жауапкершілік те артып келеді. Осыған орай биыл мәдениет саласының материалдық-техникалық базасы заман талабына сай жаңартылып, мәдениет мекемелерінің жұмысын жетілдіруге баса мән берілді.
– Аудандағы шығармашылық жұмыстар мен үйірмелердің жұмысы қалай жүргізілуде?
-Бүгінде аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығында 89 үйірме тұрақты жұмыс істейді. Оның 49-ы балаларға арналған. Бұл – жас буынның өнерге деген қызығушылығын арттырып, шығармашылық қабілетін шыңдауға бағытталған маңызды жұмыстардың бірі. Жыл басынан бері ауданда 246 мәдени іс-шара ұйымдастырылып, оған 78 мыңнан астам көрермен қамтылды. Оның ішінде балалардың қатысуымен 123 іс-шара өткізілді. Сонымен қатар, аудан көлемінде сала мамандарының тынымсыз еңбегінің нәтижесінде мазмұнды да ауқымды мәдени шаралар ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылуда.
Қазіргі таңда мәдениет саласына цифрландыру үдерісі де қарқынды енгізілуде. Ән жазу, дыбыс өңдеу, бейнероликтер мен клиптер әзірлеудің заманауи бағдарлама арқылы игеріліп, шығармашылық жұмыстар жаңа бағытта дамып келеді. Осы мақсатта сала мамандары арнайы курстардан өтіп, кәсіби біліктіліктерін арттыруда.
– Тарихи-мәдени мұраларды сақтау бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Аудан аумағында 365 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Оның біреуі республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне енсе, 61-і жергілікті маңызы бар нысандар қатарына жатады. Сонымен қатар, 303 тарихи-мәдени мұра нысаны алдын ала есепке алынған. Қазіргі таңда 10 ескерткіштің мемлекеттік актісі жасалып, биыл тағы 20 ескерткіштің құжатын рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.
– Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытындағы жұмыстарға тоқталсаңыз.
– Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Тілдерді оқыту орталығы арқылы 200-ден астам өзге ұлт өкіліне мемлекеттік тілді үйрету сабақтары ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, ономастика саласында да нәтижелі жұмыстар бар. Бүгінде бір ауыл мен 13 ауылдық округтегі 49 елді мекеннің атауы толық қазақшаланған. 13 ауылдық округ атаулары топонимикалық жер-су атаулармен аталса, аудан орталығының атауы Даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлының құрметіне Б.Момышұлы ауылы деп кісі есімімен аталады. Аудандағы 49 елді мекенде 278 көше орналасқан, 180 көше кісі есімімен, 30 көше топонимикалық жер-су атауымен, 69 көше дәстүрлі атаумен аталады.
– Мәдениет саласындағы өзекті мәселелер қандай?
– Негізгі мәселелердің бірі ретінде саладағы кадр тапшылығын айтуға болады. Әсіресе, фольклорлық аспаптарда ойнайтын мамандар мен хореографтар жетіспейді. Алдағы уақытта жастарды «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы тарту бағытында жоғары оқу орындарымен жұмыстар жүргізілуде.
– Ауданның мәдениет саласының жетістіктері аз емес екенін білеміз. Осы орайда, өнерпаздардың биылғы бағындырған белестеріне тоқталып өтсеңіз?
– Мәдениет саласында білікті мамандар мен өз ісінің нағыз майталмандары еңбек етіп келеді. Жыл сайын сала қызметкерлері түрлі байқауларда топ жарып, үздіктердің қатарынан көрініп жүрген жайы бар. Оның ішінде, аудан өнерпаздары биыл да облыстық, республикалық деңгейдегі байқауларда жоғары жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Атап айтқанда, биыл Шымкент қаласында өткен «Жарапазан Fest» республикалық байқауында «Жуалы» тобы ІІІ орынды иеленіп, ұлттық өнердің ұлықталуына сүбелі үлес қосты. Сонымен қатар, «Әулиеата әуендері» жобасына қатысқан Еркебұлан Жандарбек пен Ғалымжан Шопанбаев есімді жас дарындар гала-концертке жолдама алып, өнердегі ізденіс пен талпыныстың жарқын үлгісін көрсетті. Ал, Байзақ ауданында өткен «Жігіт сұлтаны – 2026» байқауында аудандық мәдениет үйінің қызметкері Қуаныш Сүйінбай ІІІ дәрежелі Дипломмен марапатталып, аудан намысын абыроймен қорғады.
Осы сәтті пайдалана отырып, барша әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтап өтейін. Руханият саласында еңбек етіп жүрген барша мәдениет және өнер саласының қызметкерлерін кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Мәдениет – ұлттың рухани қазынасы, елдің жан дүниесінің айнасы. Халықтың рухани байлығын арттырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, сол жолда тынбай еңбек етіп жүрген сала мамандарының еңбегі әрдайым құрметке лайық. Сондықтан, мәдениет қызметкерлеріне шығармашылық шабыт, толайым табыс тілеймін. Ел руханиятының дамуына қосып жүрген еңбектеріңіз елене берсін! Мереке құтты болсын!
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”
