Basty bet

Табыстың кілті – табанды еңбекте!

өңірге танымал кәсіпкер Нүрилә Мәлібековамен тағылымды кездесу кеші өтті

Жақында аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығына қарасты Шыңбұлақ ауылдық клубында «Ауыл келіні – берекенің бастауы!» тақырыбында тағылымды кеш ұйымдастырылып, оған қонақ ретінде шақырылған Жуалы ауданының іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, жеке кәсіпкер Нүрилә Мәлібекова нәзік жандылармен ой-пікір алмасып, өмірлік бай тәжірибесімен бөлісті.
Іс-шараны өткізудегі басты мақсат – өңірге танымал кәсіпкерлердің ел дамуы жолындағы қажырлы еңбегін кеңінен насихаттау, өзара тәжірибе алмасу, өңір жастарына мотивация беру, сонымен бірге, іскер әйелдер мен ер азаматтардың жарқын жетістігін қоғамға үлгі-өнеге ретінде көрсету.
Тағылымды кездесу кешіне Бауыржан Момышұлы ауылында тұратын көпбалалы ана, үлкен бір отбасының ұйытқысы, өңірге белгілі жеке кәсіпкер, аудандық Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, аудандық мәслихаттың депутаты, Б.Момышұлы ауылындағы «Топжарған» оқу орталығының негізін қалаушы әрі аталған мекеменің директоры Нүрилә Мәлібекова және №29 М.Жұмабаев атындағы орта мектептің директоры, ұлағатты ұстаз және аудандық мәслихаттың депутаты Эльмира Абишева қатысты.
Кештің ашылуында еңбек ардагері, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әшірхан Исақов сөз сөйлеп, жиналғандарға ағалық ақ тілегін арнап, көпшілікке батасын берді. Кездесу барысында кешке қонақ ретінде шақырылған өз ісінің кәсіби шебері, білікті маман Нүрилә Эдиханқызы өзінің еңбек жолындағы қиындықтары мен жетістіктері, кәсіп бастап, оны аяққа тұрғызудағы өмірлік тәжірибесі, жарқын жетістік пен мол табысқа жету жолындағы еңбек пен табандылық туралы, сонымен қатар, адал еңбек етудің пайдасын кеңінен баяндап, қатысушылардың сұрағына да қызықты етіп жауап берді.
Қатысушылар кеш қонағына толғандырған сұрақтарын қойып, одан пайдалы кеңестер алды деуге болады.
Тағылымға толы іс-шараға ауылдың көпбалалы аналары, жас келіндер және белсенді әйелдер қатысты. Кәсіпкермен кездесу кеші өте мазмұнды өтіп, қатысушыларға үлкен мотивация сыйлағанын баса айтқан жөн. Сонымен қатар, жиында Әйел-Аналардың қоғамдағы рөлі, отбасы-ошақ қасындағы тәлім-тәрбиенің маңызды тұстары, ауыл-аймақтың дамуына, туған өңірдің гүлденуіне қосар үлесі жөнінде де пайдалы пікірлер айтылды. Іс-шара өте мазмұнды ұйымдастырылып, қатысушыларға үлкен әсер қалдырғаны анық.
Қазақ халқының дүниетанымында: «Баланың тұсауын кім кессе – мінезі соған тартады» деген сенім-нанымның бар екені белгілі. Ежелден желісі үзілмей осы күнге жеткен байырғы бабалардың дәстүріне сүйеніп, жаңадан тәй-тәй басып, енді ғана өмірге алғаш рет қадам жасаған ауыл бүлдіршінінің қадамы оң болып, ғұмыры ұзақ, болашақта елге белгілі айтулы тұлға болып қалыптассын деген ізгі ниетпен кеш қонағы, кәсіпкер Нүрилә Мәлібековаға тұсаукесер рәсімін жасатып, батасын алғанымызды да қуанышпен айта кеткенді жөн көрдім. Кездесу соңында кеш қонақтарына ұйымдастырушылар тарапынан алғыс білдіріліп, алдағы уақытта мұндай тағылымды кездесулерді жалғастырудың қажеттілігі атап өтілді.

Айман ОРТАЕВА,
Шыңбұлақ ауылдық клубының маманы

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close