Basty bet
Жерасты жылыжайы – ауыл кәсіпкерлігінің жаңа бағыты
Жамбыл ауданына қарасты Айша бибі ауылының тұрғыны Әбдіғали Жағабеков ауыл кәсіпкерлігінің тың үлгісін көрсетіп отыр. Ол жерасты жылыжайын салып, табысын еселеп, өз кәсібін жүйелі түрде дамытып келеді. Бұл бастама – «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасының нақты нәтижесінің бірі, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Кәсіпкер аталған бағдарлама аясында 8,6 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, 6 сотық жерге заманауи жерасты жылыжайын салған. Бүгінде мұнда гүлдердің бірнеше түрі өсіріліп қана қоймай, көкөніс өндірісі де қатар қолға алынған. Соның арқасында өнім көлемі артып, табыс көзі тұрақтана түскен.
Жобаның басты артықшылығы – оның технологиялық тиімділігінде. Жерасты жылыжайы жылуды ұзақ сақтайды, бұл өз кезегінде шығынды азайтады. Ал жаз айларында ішкі температураның бірқалыпты болуы өсімдіктің сапалы өсуіне мүмкіндік береді. Нәтижесінде өнімнің өзіндік құны төмендеп, нарыққа қолжетімді бағамен ұсынылуда.
– Мен агроном ретінде бұл жобаның әлеуетін дұрыс пайдалануға тырыстым. 8,6 миллион теңге несие алып, жылыжай құрылысын бастадым. Алғашында газания, петуния, бархат, лалагүл секілді гүлдерді өсіріп саттым. Қазір көкөніс бағытында да жұмыс істеп, қызанақ, қияр, кәді өсіріп жатырмын, – дейді кәсіпкер Әбдіғали Жағабеков.
Оның айтуынша, бұған дейін қаланы көгалдандыруға қажетті гүлдердің басым бөлігі сырттан жеткізілетін. Сондықтан ол жергілікті нарықты өз өнімдерімен қамтуды мақсат еткен. Бүгінде бұл бастама нақты нәтижесін беріп отыр.
Жамбыл аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бауыржан Тоқтасыновтың мәліметінше, «Ауыл аманаты» жобасы аудан көлемінде қарқынды жүзеге асуда. Соңғы екі жылда 100-ден астам жоба ұсынылып, олардың басым бөлігі кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы саласына бағытталған. Соның нәтижесінде жаңа жылыжайлар іске қосылып, тігін цехтары, сұлулық салондары, жиһаз өндірісі және медициналық қызмет көрсету нысандары ашылған.
– Бұл – ауыл тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік. Ең бастысы – ынта мен еңбек. Мемлекет тарапынан қажетті қолдау бар. Айша бибі ауылындағы жерасты жылыжайы – соның айқын дәлелі, – дейді бөлім басшысы.
Осылайша, ауыл кәсіпкерлері жаңа технологияларды тиімді пайдалану арқылы табысын арттырып қана қоймай, өңір экономикасының дамуына да үлес қосып келеді.