Basty bet
Көлiктегi қылмыстық құқық бұзушылықтарға жаза қатаң екенін халық білуі қажет!
Ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылында соңғы екі жылда көлік иелерінің күрт өсуі байқалуда. Бұл өз кезегінде жол-көлік оқиғаларының өсуіне әкеледі. Әсіресе, көлік жүргізуде тәжірибелері аз жүргізушілер мен жол жүру ережесін қатаң бұзатындар бұған себеп болып отыр.
Көлік жүргізуші ең біріншіден жолда қандай жағдай болса да сақтықты мұқият сақтауы қажет. Өйткені ол салмағы екі тоннадан асатын темір көлікті жүргізуде. Егер ол осы көлікпен жол-көлік оқиғасын жасап, адамның денсаулығына немесе өміріне қауіп төндірсе, ол міндетті түрде заңнамаларға сай жауапкершілікке тартылатыны белгілі.
Бүгінгі таңда Б.Момышұлы ауылы көшелеріндегі жолдарда көліктердің жүру жылдамдығы өте жоғары. Жүргізушілердің барлығы межелі жерге жетуге асығыс. Әсіресе демалыс күндері орталық базар аймағында көліктердің көптігінен жүргізушілер сақтықты сақтай бермейді. Бұл өз кезегінде әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкеледі.
Көлік жүргізушілердің жауапкершілігін жоғарылату мақсатында заңнамада қарастырылған төмендегідей ақпаратты ескерсе дұрыс болады.
Әкімшілік істер бойынша:
Жол-көлік оқиғасына байланысты аудандық сотта 2022 жылдың 12 айында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің келесідей баптары бойынша істер қаралған:
608-бап. Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқаруы бойынша 40 іс қаралып, оның 39-ына жаза тағайындалды, яғни 38 айыппұл салынып, бір арнайы куәлігінен айыру.
610-бап. Көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтiруге, көлiк құралдарының немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген бұзушылығы бойынша 97 іс қаралып, 96-сына жаза тағайындалды, яғни бір ескерту, 93 айыппұл салынып, екі арнайы куәлігінен айыру.
611-бап. Жүргізушінің жол-көлік оқиғасына байланысты міндеттерді орындамауы бойынша, 3 іс қаралып, оның үшеуіне жаза тағайындалды, яғни үш айыппұл салынды.
Қылмыстық істер бойынша:
2022 жылдың 12 айында Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi келесідей баптары бойынша істер қаралған:
345-бап. Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы бойынша төрт іс қаралып, төрт іс бойынша жаза тағайындалды, яғни бас бостандығынан айыру жазалары (2 жылдан 10 жылға дейін қылмыстың ауырлығына қарай).
346-бап. Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру бойынша алты іс қаралып, оның барлығына жаза тағайындалды, яғни бір айыппұл салынып, екі бас бостандығынан шектеу, үш бас бостандығынан айыру (бір жылдан 10 жылға дейін қылмыстың ауырлығына қарай).
Әрине жасыратыны жоқ, ірі жол апатына соқтыратын оқиғалардың көбісі жүргізушілердің қателігінен болатын белгілі. Содан кейін бұған техникалық ақаулар, жолдың нашарлығы, ауа райының қолайсыздығы және т.б. факторлар да әсер етеді.
Бірақ бәрібір, жол апатының дені жүргізушілердің жол ережесін сақтауға жеткілікті көңіл бөлмеуінен, көлік жүргізу тәжірибесінің аздығынан және жол ережесін жетік білмеуінен туындайды. Бұл айтуға ғана оңай болғанымен, өте ауыр жағдай. Дегенмен, көлік жүргізушісі сана-сезімі бар, екі көзі көретін адам. Сол себептен ол сақтық шараларын сақтап, адамның өміріне қауіп төндірмеуге деген жауапкершілікті сезінуі парыз.
Жол-көлік оқиғасынан денсаулығына, өміріне зардабы тиген адам ол біреудің баласы, анасы, әкесі, ағасы, әпкесі немесе інісі болып табылады. Сол себептен, әрбір көлік жүргізуші осыған көп көңіл бөлуі қажет. Осыны ескермейтін көлік жүргізушілер бар. Оларға қатысты заң жүзінде жоғарыда көрсетілгендей қатаң жазалар міндетті түрде қолданылатынын азаматтардың барлығы білуі керек!
Жазира Оралова,
аудандық сот кеңсесінің бас маманы