Basty bet

“Шерхан туған топырақ – руханияттың алтын бесігі”

Туған жердің қадірін танып, елге еңбегі сіңген дара тұлғаларды ұлықтау – ұлттың рухани сабақтастығын жалғайтын маңызды құндылықтардың бірі. Себебі, ел тарихында өшпес із қалдырған тұлғалардың өмір жолын, шығармашылық мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізу – өткенге құрмет қана емес, келешекке бағытталған тағылымды іс.
Қазақ әдебиеті мен журналистикасында өзіндік орны бар, шындықты ту етіп, әділдікті өмірлік ұстанымына айналдырған Халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза – ұлт руханиятының биік тұлғаларының бірі. Оның есімі қазақ халқының тарихында ерекше орын алады. Қаламгердің қаламынан туған әрбір шығармада елге деген сүйіспеншілік, халыққа деген жанашырлық және туған жерге деген перзенттік махаббат айқын көрінеді.
Ш.Мұртаза өзінің шығармашылық жолында қарапайым халықтың тағдырын, елдің мұңын, қоғамның өзекті мәселелерін батыл көтерді. Ол журналистика саласында да, әдебиетте де ақиқаттың сөзін сөйлеп, азаматтық ұстанымынан айныған жоқ. Қаламгердің «Жазушының міндеті – халыққа қызмет ету» деген сөзі оның бүкіл ғұмырының басты қағидасына айналды.
Осындай ұлт үшін өлшеусіз еңбек еткен тұлғаның рухын ұлықтаған тағылымды шара ауданға қарасты Мыңбұлақ ауылдық округінің Талапты ауылында өтті. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған «Берекелі ауыл – Ел мерейі» өнер фестивалі аясында ұйымдастырылған «Шерхан туған топырақ – руханияттың алтын бесігі» атты рухани кеш қасиетті мекеннің мәртебесін арттырып, ауыл жұртына ерекше әсер сыйлады.
Талапты ауылының төрінде өткен бұл шара – жай ғана мәдени басқосу емес, ұлт әдебиетінің алып тұлғасына деген ел құрметінің, туған жерге деген сүйіспеншіліктің және рухани мұраны дәріптеудің жарқын көрінісі болды.
Шерхан Мұртаза үшін туған жердің орны ерекше еді. Оның шығармаларында Жуалының кең даласы, Мыңбұлақтың табиғаты, ауыл адамдарының қарапайым болмысы ерекше жылылықпен суреттеледі. Қаламгер туған өлкенің әрбір тынысын жүрегімен сезініп, оны шығармалары арқылы бүкіл қазаққа таныта білді.
Сондықтан да Шерағаңның туған топырағы – тек бір ауылдың ғана емес, қазақ руханиятының алтын бесігі. Бұл мекеннен түлеп ұшқан тұлғаның есімі бүгінде елмен бірге жасасып келеді.
Рухани кешке келген қонақтарды ұйымдастырушылар ерекше ықыласпен қарсы алды. Шара басталғанға дейін Талапты ауылдық клубының ауласында «Ауылдың дәмі» тақырыбында ұлттық нақыштағы көрме ұйымдастырылып, ауылдың берекесі мен салт-дәстүрі кеңінен таныстырылды. Қазақтың қонақжайлығы мен ұлттық құндылықтарын дәріптеген бұл көрме келушілерге ерекше әсер қалдырды.
Сонымен қатар, «Ұлт руханиятының абызы» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылып, онда Шерхан Мұртазаның шығармалары, қаламгер туралы жазылған зерттеу еңбектері мен әдеби басылымдар ұсынылды. Көрме арқылы оқырмандар жазушының шығармашылық әлеміне тереңірек үңіліп, оның қазақ әдебиетіне қосқан өлшеусіз үлесін бағамдады.
«Шерхан ізімен» тақырыбында музей экскурсиясы да кеш мазмұнын толықтыра түсті. Экскурсияда жазушының балалық шағы, еңбек жолының қалыптасуы, шығармашылық белестері мен туған жерге деген байланысы кеңінен баяндалды. Қонақтар ұлы қаламгердің өмір жолына қатысты деректермен танысып, жазушы мұрасының тереңдігін сезінді.
Кештің шымылдығын ашқан жүргізушілер туған жерден шыққан ұлы тұлғаның ел жадында мәңгі сақталатынын атап өтіп, Ш.Мұртазаның қазақ әдебиеті мен журналистикасындағы орнына тоқталды.
«Жер бетінде әр адамның жүрегіне ерекше ыстық мекен болады. Ол – туған жер. Ал, сол туған жерден халқының мақтанышына айналған тұлға шықса, сол мекеннің мәртебесі тіпті биіктей түседі. Бүгін біз Талапты ауылында – Халық жазушысы, қоғам қайраткері, ұлт руханиятының қайсар тұлғасы Шерхан Мұртазаның кіндік қаны тамған қасиетті топырақта бас қосып отырмыз», – деген сөздер кештің негізгі мазмұнын айқындады.
Көрермен назарына ұсынылған «Бірегей» деректі фильмі арқылы қонақтар Шерхан Мұртазаның өнегелі өмір жолына, азаматтық келбетіне, шығармашылық мұрасына тағы бір мәрте қанықты. Фильм қаламгердің ел алдындағы еңбегін, сөз өнеріндегі биік орнын айқын көрсетті.
Рухани кештің құрметті қонақтары қатарында Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын, Жамбыл облыстық «Шынның жүзі – Шераға» атты жыр мүшәйрасының бас жүлде иегері, облыстық «Ақ жол» газетінің жауапты хатшысы Нұржан Қадірәлі және Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Нұржан Әліш болды.
Қаламгерлер Шерхан Мұртазаның әдебиеттегі орнына тоқталып, оның шығармаларының тәрбиелік мәні мен ұлттық рухты қалыптастырудағы маңызын атап өтті. Ақындар ұлы тұлғаға арналған жырларын оқып, Шераға рухына тағзым жасады.
Кеш барысында Фариза Оңғарсынованың «Шерағаңа арнау» шығармасы, Д.Байдалиевтің «Ақиқаттың алдаспаны – Шераға», Т.Нұрбердінің «Ақиқаттың ақ найзасы», Ә.Үркімбаевтың «Шерханға сағыныш» атты өлеңдері мәнерлеп оқылып, көрерменнің көңіліне жол тапты.
Жас өнерпаздардың орындауындағы жыр жолдары арқылы Шерхан Мұртаза тұлғасына деген құрмет, сағыныш пен сүйіспеншілік сезімі жеткізілді. Кештің көркемдік мазмұнын арттырған музыкалық шығармалар да көпшіліктің көңілінен шықты. Мырзахан Ахметтің «Асыл Шераға» әнін «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің әншілері орындап, ұлы қаламгер рухына музыкалық тағзым жасады.
Ақын Жәудір Артықбаеваның «Жуалының тау самалы» әні туған өлкенің табиғатын, оның көркем келбетін әуезді әуенмен жеткізсе, ардагер әнші Бақытжан Абделиев орындаған «Ескі ауыл» әні ауылдың қадірін, өткен күндердің сағынышын, туған жерге деген ыстық ықыласты сезіндірді.
Ш.Мұртаза – қазақ халқына ғана емес, түркі дүниесіне ортақ тұлға. Ол қазақ пен қырғыз халықтарының рухани байланысын әрдайым жоғары бағалады. Осы достықтың белгісі ретінде қырғыздың халық әні «Жолыққан қандай жақсы» шығармасы орындалып, бауырлас халықтар арасындағы сыйластық пен жақындық көрініс тапты.
Шараның қорытынды бөлімінде аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова сөз сөйлеп, рухани кештің маңыздылығына тоқталды. Ол Шерхан Мұртаза сияқты ұлы тұлғалардың мұрасын дәріптеу – елдік құндылықтарды сақтаудың маңызды бағыты екенін атап өтті.
Кеште шараның мазмұнын байытып, ұйымдастырылуына үлес қосқан қонақтарға Алғысхаттар табысталды.
Талаптының топырағы туған ұлын ешқашан ұмытпайды. Шерхан Мұртазаның есімі – Жуалының ғана емес, бүкіл қазақ елінің мақтанышы. Оның шығармалары уақыт өткен сайын өз құндылығын арттырып, ұрпақ тәрбиесіне қызмет ете бермек.
«Шерхан туған топырақ – руханияттың алтын бесігі» тақырыбындағы рухани кеш – ұлы қаламгерге деген құрметтің, туған жерге деген сүйіспеншіліктің және ұлттық рухты дәріптеудің жарқын көрінісі болды.

Аяжан ҚАЗЫБЕК,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close