Basty bet

Ауыл тұрғындарының саулығы жолында аянбай қызмет атқарып келеді

Ауыл – елдің алтын діңгегі. Сондықтан ауыл тұрғындарының денсаулығын сақтау мен нығайту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Ауылдық жерлерде медициналық қызмет көрсету өзіндік ерекшеліктерге ие. Елді мекендердегі тұрғындар санының аздығы, елді мекендердің бір-бірінен алшақтығы медициналық көмекті ұйымдастыруда қосымша жауапкершілікті жүктейді. Бұл жауапкершілікті жүзеге асыруда ауылдық дәрігерлік амбулаториялар мен фельдшерлік-акушерлік пункттер маңызды рөл атқарады.

Жалпы, ауданда 48 денсаулық сақтау мекемесінде ақ халаттылар тұрғындарға медициналық қызмет көрсетуде. Оның ішіндегі аудандық орталық аурухана мен емханадан бөлек, елді мекендерде сегіз дәрігерлік амбулатория, бес фельдшерлік акушерлік пункт және 33 медициналық пункт жұмыс істейді. Ауылдық дәрігерлік амбулаторияда жалпы тәжірибелі дәрігерлер мен мейірбикелер жергілікті тұрғындарға дер кезінде медициналық көмек көрсетіп, түрлі аурудың асқынуының алдын алуда. Олардың нұсқаулығымен уақтылы жүргізілген тексерулер мен кеңестер тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға септігін тигізуде.
Қарасаз ауылдық округінің орталығы Қарасаз ауылындағы дәрігерлік амбулаториясының қызметкерлері де осы мақсатта жұмыла еңбек етуде. Бүгінгі мақаламызда Қарасаз дәрігерлік амбулаториясының тыныс-тіршілігі жайында баяндайтын боламыз. Дәрігерлік амбулаторияның жаңа ғимараты 2017 жылы қыркүйек айында ауыл тұрғындарының игілігі үшін пайдалануға берілген болатын. Бүгінде мұндағы дәрігерлер мен медбикелер күн-түн демей ауыл жұртының денінің сау болуы үшін аянбай еңбек етуде.
Сонымен бірге бұл жерде жұмыскерлер үшін де, ауырып ем іздеген науқастар үшін де барлық жағдай жасалған. Бұлай дейтініміз, ғимарат заманауи медициналық құрылғылармен, қажетті төсек-орындармен және құрал-жабдықтармен жабдықталған.
Ғимаратқа кіре берістен бастап барлық бөлмелері мұнтаздай тап-таза болса, медбикелер де ақ халаттарын сымдай тартып, ұқыптап киіп, өз істеріне аса жауапкершілік танытып, жұмыстарына әлдеқашан бел сыбана кірісіп те кеткен екен. Мұның барлығы сырт көзге ерекше әдемі әрі үйлесімді көрінеді. Бұдан біз “Тазалық – саулық негізі” қағидасын берік ұстанатын ұйымшыл ұжым екенін анық аңғарғандай болдық.
Дәрігерлік амбулаторияда дәрігердің қабылдауына келген тұрғындардың қарасы көп. Тұрғындар дәрігерге кезекпен кіріп, өздеріне қажетті медициналық көмекті алуда. Өз денсаулығына байланысты кеңес алуға келген тұрғындарды қабылдаған дәрігер үйге шақырған науқасқа баруға да асығуда. Бұл мұндағы медицина қызметкерлерінің атқаратын жұмыстарының бірі. Тағы бір байқағанымыз, мұнда халық даналығындағы “ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде” деген сөзінің ілініп тұруы медицина саласының қызметкерлері ауыл тұрғындарына саламатты өмір салтын барынша насихаттап, түрлі аурулардың алдын алуда еңбек етіп жатқанын білдіргендей.
Қазіргі таңда, дәрігерлік амбулаторияда жоғары санатты, білікті мамандар жұмыс істейді. Амбулатоирияда ерлі-зайыпты, жалпы тәжірибелі дәрігер Жамшид және Дилбора Сайдалиевтермен бірге алты учаскелік медбике, бір процедуралық ем-шара медбикесі, бір зертханашы, бір акушер, бір жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі, екі тазалықшы және бір күзетші жүйелі жұмыстар атқарады.
Қарасаз дәрігерлік амбулаториясында зертхана, акушерлік, екпе егу, ине шаншу, төрт адамға арналған күндізгі ем алу, ЭКГ, дәрігерге дейінгі тіркеу бөлмесі, балалар бөлмесі және жалпы тәжірибелі дәрігерлер кабинеті бар.
Сонымен қатар, дәрігерлік амбулаторияға алты ауылдық, яғни, Қарасаз ауылдық округінің Жұрымбай, Қарасу және Көктас ауылдық медпункттері қарайды және Жетітөбе ауылдық округінің Шыңбұлақ, Майбұлақ және Қосмұрат ауылдық медпункттері енеді. Дәрігерлік амбулаторияға қарасты алты ауылдық медпункттің жұмысына әрі тазалығына ұдайы бақылау жүргізіп отыратын тәжірибелі маман, аға медбике Венера Ертаеваның айтуынша, бүгінде амбулаторияда жалпы 3149 адам тіркеуде тұр. Оның ішінде, 15 жүкті әйел және 0 мен 1 жас аралығында 40 бала бар.
Аға медбикенің сөзіне сүйенсек, ауыл тұрғындары көбінде қан қысымы, жүрек-қан тамырлары, қант диабеті және бронхит ауруымен жиі шағымданып келетіндігін айтады. Ең өкініштісі, қазіргі уақытта аурудың бұл түрлерімен тек егде жастағылар ғана емес, сонымен қатар жастардың да ауыратындығы болып отыр. Бүгінгі таңда дәрігерлік амбулаторияда диспансерлік есепте, оның ішінде 259 адам жоғары қан қысымы, 80 адам жүрек-қан тамырлары, 57 адам қант диабеті, 23 адам онкология, 10 адам бронхиалды астма және басқа аурулармен есепке алынған. Сонымен қатар, қан айналымы жүйесі, тоқ ішек және тік ішек обрының алдын алу, омырау безі және жатыр мойны обырының алдын алу бойынша бірқатар науқастар тиісті тексерістен өтіп тұрады. Одан бөлек, мұнда мүмкіндігі шектеулі 80 ересек және 18 бала бар. Екі Ауған соғысының ардагері және бес Семей полигонының ардагері жылына бір рет алдын ала тексеруден өткізіледі.
Ал, жалпы тәжірибелі дәрігер Дилбора Сайдалиева қазіргі таңда ауыл тұрғындары уақтылы медициналық тексерістен өтіп, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарайтынын айтады.
–Ауыл тұрғындарының денінің сау болуы біз үшін маңызды. Бүгінде ұжымның бірлескен жұмысының, яғни, түрлі аурулардың алу шараларының дұрыс жүргізілуінің нәтижесінде тұрғындардың денсаулығы жақсарып келеді. Ауруды емдегеннен гөрі оның алдын алған әлдеқайда тиімді екені баршамызға белгілі. Тұрғындарға уақтылы медициналық тексеруден өтіп, екпе алып, қан қысымын, қандағы қант мөлшерін бақылап отыруды насихаттау арқылы көптеген қауіпті дерттердің алдын алуға болады. Әсіресе, жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті сияқты созылмалы сырқаттарды ерте анықтау – ұзақ әрі сапалы өмір сүрудің кепілі.
Дәрігердің күнделікті қабылдауына әр жастағы 40-50-ге жуық науқас келеді. Кейде инфекциялық жұқпалы аурулардың көп таралуы кезінде келушілер саны одан да көп болады. Шұғыл жағдайда медициналық көмек бекітілген хаттама аясында көрсетіледі. Ауылда ана мен бала денсаулығына да аса мән беріледі. Ай сайынғы қабылдаулар, скрингтік тексерулер уақтылы жүргізіледі. Қазіргі таңда аналар балаларына уақтылы екпе алуда. Ауыл тұрғындарының арасында екпеге байланысты көзқарас өзгерді. Өйткені, қазір ата-аналар өздері ауруханаға келіп, балаларының денсаулығы үшін екпелерін уақтылы алуда.
Біздің ортақ мақсатымыз бар, ол – дені сау, белсенді, бақытты ауыл қалыптастыру. Осы мақсатта тұрғындарға саламатты өмір салтын ұстанып, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырамын. Әр адамның денсаулығы өз қолында. Ауыл тұрғындарының уақтылы медициналық тексерістен өтіп, жауапкершілік танытуы – еңбегіміздің еш кетпегені деп білемін, – дейді жалпы тәжірибелі дәрігер Дилбора Сайдалиева.
Дені сау ұлт – мемлекеттік тірегі. Ал, Қарасаз дәрігерлік амбулаториясының ұжымы мемлекеттің байлығы саналатын халықтың денінің сау болуы жолында аянбай етуде. Бір мақсатқа жұмылдырылған ұжымның бірлескен еңбегінің нәтижесінде қарасаздықтардың денсаулығы жақсаруда. Өйткені, бүгінгі сұхбат барысында дәрігерлік амбулаторияға келген әр науқастың шағымын мұқият тыңдап, жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанының куәсі болдық.

Таңдаулы материалдар

Close