Basty bet

Басты мақсат – елін сүйетін білімді, еңбекқор, адал азамат тәрбиелеу

Аудандық «Достық» мәдениет үйінде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының аясында ұйымдастырылған «Шабыт» жобасының кезекті іс-шарасы – «Өнер мен идея – шабыттың тоғысқан тұсы» тақырыбындағы мерекелік концерттік бағдарламасы көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Кештің басты мақсаты – жас ұрпақтың шығармашылық қабілетін дамыту, өнерге деген қызығушылығын арттырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу.
Бағдарлама алты негізгі құндылыққа негізделді: тәуелсіздік пен отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық.
Сонымен қатар, білім беру мекемелері қатысқан іс-шарада мәдениет үйінің алаңында «Смарт бала», «Еңбегі адал – жас өрен», «Балалар кітапханасы», «Ұшқыр ой алаңы», «Қамқор» және «Шабыт» жобалары таныстырылды. Оқушылардың жасаған қолөнер бұйымдары көпшілік назарына ұсынылып, шығармашылық ізденістер паш етілді. Сондай-ақ, жиында аудан мектептеріндегі «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының 2025–2026 оқу жылындағы жұмыстары қорытындыланды.
«Өнер мен идея – шабыттың тоғысқан тұсы» атты концерттік бағдарламаның ашылуында Жуалы ауданы білім бөлімінің басшысы Бақыт Шертаева сөз сөйледі.
–Бала – біздің болашағымыз ғана емес, бүгінгі қоғамның толыққанды мүшесі. Оның тәрбиесі мен қауіпсіздігі, сапалы білім алуы – баршамызға ортақ міндет. Саналы, білімді, тәрбиелі ұрпақ – ел ертеңінің кепілі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізілгені белгілі. Бұл бағдарлама балалардың жақсы адам, адал азамат болып қалыптасуына үлкен ықпал етеді. Бағдарламаның басты мақсаты – елін сүйетін, білімді, мәдениетті, еңбекқор әрі адал азамат тәрбиелеу.
Бала тәрбиесінің алғашқы іргетасы отбасында қаланады. Отбасы – мейірім мен өнегенің, жауапкершілік пен сыйластықтың мектебі. Ал, мектеп – сол іргетасты нығайтып, баланың тұлғалық дамуына бағыт беретін орта. Сондықтан, отбасы мен мектеп арасындағы тығыз байланыс – тәрбиенің табысты болуының басты шарты.
Қазіргі таңда бала тәрбиесінде түрлі сын-қатерлер аз емес. Ақпараттық кеңістіктің кеңеюі, әлеуметтік желілердің ықпалы, құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелері бәрімізден сергектік пен бірлескен әрекетті талап етеді. Осы орайда мектеп тек білім берумен ғана шектелмей, қауіпсіз орта қалыптастыруға, құқықтық сауаттылықты арттыруға және рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтуға баса мән беруде.
Біз үшін әр баланың қауіпсіздігі, психологиялық жайлылығы және жан-жақты дамуы – басты назарда. Тәрбие жұмыстары жүйелі жоспар негізінде жүргізіліп, ата-аналармен бірлескен іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылып келеді. Дегенмен, тәрбие – бір тараптың ғана міндеті емес. Ол – отбасы, мектеп және қоғамның өзара ықпалдастығының нәтижесі.
«Адал азамат» тәрбиесі – қоғам дамуының негізгі тірегі. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы жас ұрпақты ұлттық құндылықтарға баулып, қоғамда елжанды әрі жауапты тұлға қалыптастыруға негізделген. Әрбір жас адалдықты өмірлік ұстанымына айналдырғанда ғана еліміздің болашағы жарқын болады.
Қорытындылай келе, бала тәрбиесіне бей-жай қарамай, серіктестік рухта бірлесе жұмыс істеуге шақырамын. Бірлескен әрекет арқылы ғана біз тәрбиелі, білімді, жауапкершілігі жоғары ұрпақ қалыптастыра аламыз. Адал ұрпақ – ұлт болашағының кепілі. Бала бақыты – қоғам бақыты, – деді Бақыт Рахымжанқызы.
«Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының «Шабыт» жобасы оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, өнерге қызығушылығын арттыруға және сахна мәдениетін меңгертуге бағытталған. Жоба балалардың Отанға деген сүйіспеншілігін өнер мен мәдениет арқылы жеткізіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуді мақсат етеді.
Келесі сөз кезегі Жуалы ауданы ата-аналар комитетінің төрайымы Зейнеп Дәуреноваға берілді. Ол өз сөзінде бала тәрбиесі – тек отбасы мен мектептің ғана емес, тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті. Сондай-ақ, әрбір баланың жетістігі – ата-ана, ұстаз және қоғамның ортақ табысы екенін жеткізді.
Әрі қарай іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты. Оқушылар өнерлерін көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Әсіресе, ұлттық өнерді ұлықтаған ұлттық аспапта орындалған күйлер мен патриоттық әндер кеш мазмұнын байыта түсті. Сонымен қатар, сахналық қойылымдар арқылы адалдық, еңбекқорлық, достық пен адамгершілік құндылықтары насихатталды.
Шараға қатысқан жас өнерпаздар өз таланттарын паш етіп қана қоймай, шығармашылық ізденістің маңызын көрсете білді. Кеш барысында өнер мен идеяның үндестігі көрініс тауып, көрермендер рухани әсер мен ерекше шабыт алды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Шабыт» жобасы аясында өткізілетін мұндай мәдени іс-шаралар жастардың эстетикалық талғамын қалыптастырып, қоғамдық белсенділігін арттыруға ықпал етеді. Бұл – өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі маңызды қадамдардың бірі.

Таңдаулы материалдар

Close