Basty bet
ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕМЕН СУСЫНДАП ӨСУДЕ
«Балаға берілген бірінші тәрбие ата-анасын, туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады» деп ақын, ұстаз Ыбырай Алтынсарин айтпақшы, әр отбасындағы балаға берілген жақсы тәлім-тәрбие оның жақсы тұлға болып қалыптасуына әсер етеді. Яғни, отбасындағы өзара сыйластық, ынтымақ, сүйіспеншілік пен адамгершілік, тағы да басқа адами жоғары қасиеттерге ие жандар бақытты жанұяның біріне айналады. Мұндай ата-бабамыздан қанымызға сіңген жақсы қасиеттер әр жанұядан табылса, елдің көсегесі көгерері даусыз.
Отбасы бақыты үшін көп нәрсенің қажеті жоқ. Жанұя мүшелерінің сыйластығы, махаббаты, бір-біріне деген құрметі мен сүйіспеншілігі болса жетіп жатыр. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», деп бекерге айтпаса керек. Адам баласы өмірді отбасы арқылы таниды. Отбасы – адамның рухани құндылықты бойына сіңіретін ортасы. Талапты ауылында ынтымағы жарасқан, тәрбиелі де саналы ұрпағы бар Балданбаевтар жанұясы тұрады.
Бұл жанұяның отағасы Әзілхан Каналбайұлы осы ауылдың тумасы. Көпбалалы отбасында тәрбиеленген.
Өнегелі әрі еңбекқор отбасында тәрбие алған Әзілхан Каналбайұлы мектепті тамамдаған соң, түрлі шаруалар атқарған, Қазіргі таңда Талапты ауылындағы мешіттің имамы. 2007 жылы шақпақаталық Замира Өміралиевамен отау құрады.
Еңбекпен шыңдалған Әзілхан аға ауылдың қоғамдық өміріне де атсалысып, кейінгі ұрпаққа үлгі болуда.
-Өзім көпбалалы отбасында тәрбиеленіп, өстім. Сегіз ағайындымын. Отбасында әкеміз өте байсалды жан еді. Ең бастысы, адалдық, тазалықты қалайтын. Анам үйдің ұйытқысы болып, бізге жақсы тәлім-тәрбие берді. Балалардың барлығы тәрбиелі. Білім мен еңбекке, жақын болып өсіп келеді. Мен де әке ретінде балалардың осындай жан болғанын мақтан тұтамын. Бәрі де жанұяның бірлігі мен ауызбіршілігіне байланысты.
Ал, отанасы Замира үйдің ерке қызы боп өскен. Отбасында бір ұл, бір қыз. Негізгі мамандығы мұғалім, үйленген соң үйде бала күтімімен отырған, қазіргі таңда ауылындағы «Балауса» бөбекжай-балабақшасында тәрбиеші болып жұмыс істейді.
– Бойжетіп, осы әулетке келін болып түстім. Өзім көпбалалы отбасы болсам деп армандайтынмын. Киелі қара шаңырақтың ақ босағасын аттап, үлкен үйдің келіні атандым. Ата-енем өте қарапайым, қадірлі, жанашыр жандар еді. Олар мені өз қыздарындай қабылдап, ортаға сіңісіп кетуіме көмектесті. Білмегенімді үйретіп, жөн сілтеп, келіндік міндетімді абыройлы атқардым. Бір жаман сөз айтып, ұрысқан емес,-дейді Замира Өміржанқызы.
Балданбаевтар жанұясында алты ұл, бір қыз дүниеге келген. Барлығы мектеп қабырғасында жақсы үлгеріммен оқиды.
Иә, кез келген жанұяда берекелі бірлік пен сүйіспеншілік, бауырмалдықтың орнауы ата-анадан берілген жақсы тәрбиенің көзі. Балданбаевтар жанұясының үлкенді-кіші мүшелері ұлттық тәрбиемен сусындап, ата-ананың ақ батасымен өсіп келеді. Батамен көгеріп, өніп-өсіп, еңбек етіп жатқан қарапайым отбасы. Ендеше, Балданбаевтар жанұясының шаңырағына береке дарып, ынтымақ-бірліктің мәңгі орнауына шын жүректен тілектеспіз.
Лаура Мұсабекова,
«Жаңа өмір»