Basty bet
ҚҰРЫЛЫС ПЕН ИНФРАҚҰРЫЛЫМ – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ НЕГІЗГІ ТІРЕГІ
Елдің ертеңі – бүгін қолға алынған нақты істермен өлшенеді. Ал сол істердің ішінде құрылыс пен инфрақұрылымды жетілдірудің орны ерекше. Себебі жаңа мектеп пен аурухана, сапалы жол мен заманауи тұрғын үй – халықтың тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, мемлекеттің экономикалық әлеуетін нығайтатын маңызды факторлар.
Мемлекет басшысы Қазақстанның дамуындағы басым бағыттардың бірі ретінде құрылыс саласын жаңа деңгейге көтеру қажеттігін атап өтті. Осыған орай 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялау жөнінде ұсыныс білдірді. Бұл – еліміздің әрбір өңірінде әлеуметтік маңызы бар нысандарды көбейтіп, елді мекендердің инфрақұрылымын кешенді түрде жаңартуға бағытталған маңызды бастама.
Жоспарға сәйкес, алдағы кезеңде өңірлерде білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларына арналған жаңа ғимараттар бой көтеріп, тұрғын үй құрылысы қарқын алмақ. Сонымен қатар тозығы жеткен нысандарды қайта жаңғыртуға, инженерлік-коммуникациялық желілерді ретке келтіруге және халыққа қолайлы орта қалыптастыруға айрықша мән беріледі. Әсіресе, ауызсу, жылу, электр энергиясы және кәріз жүйелерінің сапасын жақсарту – елді мекендердің тұрақты дамуы үшін аса маңызды міндет.
Көлік қатынасын жақсарту да назардан тыс қалмайды. Автомобиль жолдарын жөндеу мен салу, теміржол желілерін дамыту, көпірлерді жаңарту және логистикалық мүмкіндіктерді кеңейту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылуы тиіс. Өйткені дамыған жол қатынасы – ауыл мен қала арасындағы байланысты нығайтып, кәсіпкерліктің өркендеуіне, сауда-саттықтың жандануына және өңірлердің экономикалық айналымға белсенді араласуына жол ашады.
Мемлекет басшысы 2029 жылдың соңына дейін инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарына Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бағыттау қажеттігін де атап өтті. Бұл қаражатты тиімді әрі мақсатты пайдалану елдегі өзекті инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге, стратегиялық жобаларды жүзеге асыруға және құрылыс саласының мүмкіндіктерін кеңейтуге негіз болмақ.
Ауқымды құрылыс бағдарламасының тағы бір маңызды қыры – оның экономиканың өзге салаларына беретін серпіні. Жаңа нысандардың салынуы құрылысшыларға, инженерлерге, жобалаушыларға және түрлі сала мамандарына сұранысты арттырады. Нәтижесінде тұрақты жұмыс орындары ашылып, шағын және орта бизнестің дамуына мүмкіндік туады. Сонымен бірге отандық құрылыс материалдарын өндірушілерді қолдау арқылы ішкі өндірістің әлеуетін арттыруға да жол ашылады.
Бұл бастаманың түпкі мақсаты тек жаңа ғимараттар тұрғызумен шектелмейді. Ең бастысы – әрбір азамат үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру, елді мекендердің әлеуметтік жағдайын жақсарту және болашақ ұрпаққа сапалы инфрақұрылым қалдыру. Бүгін салынған мектеп – ертеңгі білімді ұрпақтың, заманауи аурухана – халық денсаулығының, сапалы жол – өңірлер арасындағы байланыстың кепілі.
Сондықтан құрылыс пен инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бұл бастама Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуына негіз болатын стратегиялық қадамдардың бірі. Әрбір өңірде жүзеге асатын жоба ел игілігіне қызмет етіп, тұрғындардың күнделікті өмірінде нақты нәтижесін көрсетуі тиіс. Өйткені елдің өркендеуі – ең алдымен, халыққа жасалған жағдаймен, өмір сапасының жақсаруымен және атқарылған істің нақты нәтижесімен бағаланады.