Basty bet
Кәсіподақ – жай ғана ұйым емес, ол ынтымақ пен бірліктің символы
Жалпы, кәсіподақ ұйымдары Қазақстан қоғамында еңбеккерлердің құқығын қорғайтын, жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы «алтын көпір» қызметін атқаратын маңызды әлеуметтік институт болып табылатыны белгілі.
Жалпы, кәсіподақтың қоғам мен мемлекет үшін маңыздылығы – «Әлеуметтік тұрақтылық», яғни кәсіподақтар еңбек ұжымдарындағы наразылықтар мен ереуілдіктердің алдын алып, мәселелерді келіссөздер (медиация) арқылы бейбіт шешуге ықпал етуі. Осылайша елдің ішкі экономикалық тұрақтылығына тікелей әсер етуі қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, «Лоббизм және Заңнама» – еңбек кодексіне және басқа да әлеуметтік заңдарға жұмыскерлердің пайдасына шешілетін өзгерістер енгізуге бастамашы бола алатындығымен сипатталады. Әрине, «Жұмыскерлерді ынталандыру» – мүшелеріне шипажайларға жолдамалар беру, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру және материалдық көмек көрсету функциялары да кәсіподақтың құзырында.
Түйін: Бүгінгі таңда Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысы тек, «сыйлық тарататын» ұйым деңгейінен шығып, мүшелік жарна жинаумен шектелмей, еңбек нарығындағы әділдікті орнатушы және азаматтық қоғамның тірегіне айналу жолында дамып келеді. Кәсіподақ, ол – «Еңбек адамының» беделін арттыруға, лайықты еңбекақы алуына және қауіпсіз ортада жұмыс істеуіне заңды тұрғыдан кепілдік беретін басты қоғамдық күш!
Кез келген іргелі кәсіпорындарда жұмысшылар мен ұжым мүшелерінің мүддесін қорғайтын және оны қолдайтын ұйым болады. Ол, әрине – кәсіподақ! Бірақ, біздің жұмысшылар, қызметкерлер көбінесе кәсіподақтың қызметін біле бермейді. Білсек те назар аудара бермейтініміз рас. Кәсіподақ санатория мен емдеу сауықтыру орындарына жолдама берумен ғана шектелмейді. Оның жұмысшыларға берер қолдауы өте үлкен.
Ақиқатына келсек, кәсіподаққа мүше болу – ол сенің мүмкіндігің. Ал, сол мүмкіндікті біз жеткілікті пайдаланып жүрміз бе?! Бұл сауалды әркім өзіне қоя білу керек деп ойлаймын. Жалпы, кәсіподақ не үшін құрылады? Ендеше, осыны шама келгенше саралап, оның жұмысын таразылап көрелік…
Біріншіден, жалпы, әлемдік тарихқа сөз салсақ, Халықаралық еңбек конфедерациясы 200 жылдан астам уақыттан бері өмір сүріп келеді. Екіншіден, Қазақстан 1993 жылы «Кәсіподақ туралы» заң қабылдады. Оған кейіннен толықтырулар мен өзгертулер енгізілгені белгілі. Кәсіподақтың Жарғылық міндеттері бар. Тиісті заңдылықтарға сәйкес ешкім де кәсіподақты құруға кедергі бола алмайды. Кімде кім оған бөгет жасайтын болса, ол заң аясында жауапқа тартылатыны да белгілі. Кәсіподаққа кез келген адам мүше бола алады. Кәсіподақта мәжбүрлеп мүше ету жоқ. Сондықтан, оған еріктілер ғана кіреді. Кәсіподақ кез келген жұмыс орнында бар. Көп жағдайда кәсіподақтың жұмысы немесе оның төрағалығы қоғамдық негізде жүзеге асырылады. «Жуалы аудандық тарихи-өлкетану музейінің» бастауыш кәсіподақ ұйымында 15 кәсіподақ мүшесі бар. Кәсіподақ мүшелері жылдық жоспар бойынша заң аясында көптеген іс-шаралар мен акциялар өткізеді. Бұл әрине, белгіленген кестеге, әртүрлі мерекелік басқа да шараларға қатысты болу керек. Кәсіподақтың ең алдымен жұмысшылардың немесе өз ұйымына мүше азаматтардың құқығын қорғайтынын айттық. Атап айтқанда, бұл қандай талап болуы мүмкін? Кәсіподақ өз азаматтарының құқығын қорғау үшін сотқа талап-арыз түсіре алады. Сонымен қатар, еңбек дауын шешуге қатысуға толық құқығы бар. Заңда көзделген немесе рұқсат етілген тәртіп бойынша митинг, жиын өткізе алады. Тиісті ресми органдарға еңбек, үй және зейнетақыны реттеуге қатысты мәселе қоюға мүмкіндігі бар.
Мақалада кәсіподақ ұйымының қоғамдағы рөлі туралы айтылды. Кәсіподақ өз мүддеңді қорғайтын және қолдайтын ұйым. Қоғамда оның маңыздылығы мен мүмкіндіктері де жеткілікті. Ел Президенті Қ.Тоқаев «Біз құрып жатқан әділетті қоғамда еңбек адамы ең 1-ші орында болу керек» деген болатын. Ал еңбек адамына түсетін қиындықты жеңілдетуге, қарапайым жұмысшылардың құқығын қорғауда кәсіподақтың атқарар жүгі ауыр. Еліміз еркіндік алып, іргесі бекігелі қарапайым еңбек адамының кәсіподаққа сенімі арта түскендей… Тоқырау кезеңінде басқа қоғамдық ұйымдар тарап кеткенде, еңбек адамдарының жанында өз міндетін атқарып, тек кәсіподақ ұйымының қалғаны әркімнің есінде шығар.
Соңғы кезеңде кәсіподақтың жұмысы жандануда. Соңғы жылдары кәсіподақ еңбек дауларын сотқа жібермей, медиация (татуластыру) жолымен шешуді жиілетті. Еңбекақының уақтылы төленуі, заңсыз қысқартуға жол бермеу, шығарылған жұмысшыларды қайта орнына қою бағытында да нақты нәтижелер бар. Цифрландыру бойынша кәсіподақтар өз жұмысына заманауи технологияларды, онлайн заңгерлік кеңес беру жүйелерін және ЖИ-консульттандарды енгізе бастады.
Елімізде жыл сайын 10 қазан – Қазақстан Кәсіподақтарының күні ретінде атап өтілуде. «Кәсіподақ тұжырымдамасында» айтылғандай, қоғамның басты құндылығы, ол – Еңбек адамы. Еңбек адамы нағыз жоғарғы құрметке ие. Ал, кәсіподақтың алдында тұрған басты мақсаты – жұмысшыларға жайлы еңбек жағдайын туғызу. Барша еңбек адамдарына мықты денсаулық, отбасыларына бақыт-береке, олардың еңбегі ұдайы сұранысқа ие болып, лайықты бағасын алсын деген тілектемін! Кәсіподақ қай кезде де жұмысшылардың еңбегін қорғауды бәрінен биік қояды.
Мария Нұрсұлтанова,
аудандық тарихи-өлкетану
музейінің ғылыми қызметкері.
Бастауыш кәсіподақ
ұйымының төрайымы