Basty bet
Бүгінгі баланың психологиялық портреті қандай?
Қысқа видеоның, әлеуметтік желінің және цифрлық ортаның балалардың зейіні мен ойлау қабілетіне әсері кейінгі кезде ғалымдар мен психологтардың жиі талқылайтын тақырыптарының біріне айналды. Халықаралық зерттеулер баланың ақпаратты қабылдау тәсілі өзгеріп жатқанын көрсетеді. Мәселен, Калифорния университетінің зерттеулері цифрлық ортада адамның бір тапсырмаға тұрақты назар аудару уақыты соңғы жиырма жылда бірнеше есе қысқарғанын анықтаған. Ал OECD ұйымының PISA-2022 зерттеуі оқу сауаттылығы көрсеткішінің төмендегенін көрсетті. Осыған байланысты ұйымдастырылған дөңгелек үстелде психолог мамандар, ғалымдар мен сарапшылар қазіргі балалардың оқу мәдениеті, әлеуметтік желінің психикалық саулыққа әсері, назар тапшылығы, цифрлық тәуелділік және отбасының рөлі туралы пікір білдірді.
Гүлмира ҚАСЕН,
педагогика ғылымының
кандидаты, доцент:
Цифрлық ортаның санаға ықпалы
– Менің ойымша, балалардың ұзақ мәтін оқуға шыдамының жетпеуі – ересектердің субъективті пікірі емес, ғылыми тұрғыдан дәлелденген когнитивтік-психологиялық құбылыс. Ғылымда бұл үдеріс «клиптік ойлау» және зейіннің цифрлық ортаның ықпалынан трансформациялануы ретінде сипатталады. Мұны растайтын зерттеулер аз емес. Мәселен, Калифорния университетінің профессоры Глория Марктың зерттеуіне сәйкес, адамның бір цифрлық тапсырмаға зейін қою уақыты 2004 жылы орта есеппен 150 секунд болса, 2012 жылы 75 секундқа дейін қысқарған. Ал соңғы деректер бұл көрсеткіштің 47 секундқа дейін төмендегенін көрсетеді. Сондай-ақ қысқа форматтағы контенттің де әсері байқалады. Зерттеулерге сүйенсек, TikTok, Reels және Shorts сияқты 20–30 секундтық бейнелерді жиі қарайтын балалардың бір тапсырмаға ұзақ уақыт шоғырлану қабілеті 27 пайызға төмендейді. Бұдан бөлек, олар ұзақ білім беру материалдарын немесе көлемді контентті соңына дейін қарамай, орта жолдан тоқтатуға 2,5 есе бейім келеді. Тағы бір назар аударатын мәселе – балалардың экраннан оқыған ақпаратты қағаздағы мәтінге қарағанда үстірт қабылдауы. Зерттеулер көрсеткендей, телефон мен планшеттен оқыған кезде бала мәтіннің мазмұнын толық түсінуге емес, оны жылдам шолып шығуға бейім болады. Бұған экрандағы түрлі хабарламалар, жарнамалар және басқа да алаңдататын факторлар әсер етеді.
Меніңше, мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, әлеуметтік желі мен қысқа видеолар балаға ақпаратты өте жылдам береді. Ми да уақыт өте келе дәл осындай қарқынға үйреніп қалады. Ал кітап оқу немесе көлемді мәтінді түсіну үшін уақыт пен шыдам қажет. Сондықтан балалар жеңіл әрі тез қабылданатын ақпаратқа көбірек ұмтылады. Екіншіден, қазіргі баланың көпшілігі интернеттегі ақпаратты толық оқымайды. Олар мәтінді басынан аяғына дейін зерделеуден гөрі, қажетті сөздер мен негізгі ойды ғана іздеп, шолып шығуға дағдыланған. Бұл да ұзақ мәтінге зейін қоюды қиындатады. Үшіншіден, балалық шақта ми өте жылдам дамиды. Бала көбіне қысқа видеолар мен жылдам ауысатын контентті тұтынса, оның миы да сол ақпарат түріне бейімделеді. Соның салдарынан терең ойлануды, талдауды және ұзақ уақыт назар аударуды қажет ететін әрекеттер қиындай түсуі мүмкін.
Дегенмен цифрлық ортаның пайдалы жақтары да бар. Қазіргі балалар ақпаратты жылдам іздеуге, қажет мәліметті тез табуға және жаңа технологияларды еркін меңгеруге қабілетті. Сондықтан мәселе технологиядан бас тартуда емес, қысқа контент пен кітап оқудың, цифрлық орта мен терең ойлаудың арасындағы тепе-теңдікті сақтай білуде дер едім. Қазіргі баланың зейін қою қабілеті физиологиялық тұрғыдан қысқарып кетті деп кесіп айтуға болмайды. Алайда олардың ақпаратты қабылдау және тұтыну тәсілінің айтарлықтай өзгергенін ғылыми зерттеулер көрсетіп отыр. Нейробиологтар мен когнитивтік психологтардың пікірінше, адам миының негізгі зейін механизмі түбегейлі өзгермейді. Бірақ цифрлық орта назарды жиі бөліп, оның тұрақтылығына әсер етуі мүмкін.
Мысалы, Калифорния университетінің профессоры Глория Марк жүргізген зерттеу нәтижесі цифрлық құрылғыларды пайдаланушылардың бір тапсырмаға үздіксіз назар аудару уақыты кейінгі жиырма жылда айтарлықтай қысқарғанын көрсетеді. 2004 жылы адам орта есеппен бір экрандық тапсырмаға 2,5 минуттай көңіл бөле алса, кейінгі зерттеулерде бұл көрсеткіш 47 секундқа дейін төмендеген.
Сондай-ақ, әлеуметтік желінің балалардың зейініне ықпалы жөніндегі зерттеулер де көбейіп келеді. 2025 жылы жарияланған халықаралық зерттеуде сегіз мыңнан аса баланың бірнеше жыл бойы бақыланған деректері талданған. Зерттеу нәтижесі әлеуметтік желіні жиі қолдану мен назарды ұзақ уақыт шоғырландыру қабілетінің әлсіреуі арасында байланыс бар екенін көрсеткен. Меніңше, мұның басты себептерінің бірі – цифрлық платформаның жұмыс істеу ерекшелігі. Қысқа видеолар, үздіксіз жаңарып отыратын лента және тұрақты хабарламалар миға жылдам әсер етеді. Соның салдарынан бала бірден нәтиже беретін ақпаратқа үйреніп, ұзақ уақыт ойлануды немесе терең зейін қоюды қажет ететін әрекеттерді қызықсыз қабылдауы мүмкін. Сондықтан қазіргі таңда балалардың назарын сақтау мәселесі олардың табиғи қабілетінің әлсіреуінен емес, ақпараттық ортаның түбегейлі өзгеруінен туындап отыр деп есептеймін.
Баланың оқу дағдысының қалыптасуына, ең алдымен, отбасы ықпал етеді. Үйдегі оқу мәдениеті, ата-ананың кітапқа деген көзқарасы және күнделікті әрекеті баланың оқуға қызығушылығын айқындайды. Зерттеулер де кітап оқитын отбасыларда өскен баланың сөздік қоры молырақ болатынын, сауаттылық деңгейі жоғары қалыптасатынын көрсетеді. Үйде кітаптың болуының өзі баланың оқуға деген табиғи қызығушылығын арттырады.
Бұл жерде ата-ананың жеке үлгісі ерекше маңызды. Психологияда адамның мінез-құлқы мен дағдыларының бір бөлігі бақылау және еліктеу арқылы қалыптасатыны белгілі. Сондықтан бала көбіне айтылған сөзден гөрі көрген әрекетті қайталайды. Ата-ана бос уақытында кітап оқып отырса, бала да оқуды қалыпты әрі қызықты іс ретінде қабылдайды. Ал оқуды тек міндет немесе мектеп тапсырмасы ретінде көрсету оның қызығушылығын төмендетуі мүмкін.
Қазір мектептегі білім беру жүйесі мен цифрлық ортаның арасында белгілі бір алшақтық байқалады. Бүгінгі балалар ақпаратты жылдам, көрнекі әрі интерактивті форматта қабылдауға үйренген. Ал мектеп бағдарламасының басым бөлігі мәтінмен жұмыс істеуге, ұзақ уақыт зейін қоюға және жүйелі ойлауға негізделген. Мысалы, әлеуметтік желі мен қысқа бейнеге дағдыланған балаға бір тақырыпқа 40–45 минут бойы назар аудару қиын болуы мүмкін. Сондай-ақ ақпаратты терең талдаудан гөрі оны жылдам шолып шығу дағдысы қалыптасады. Ал цифрлық платформадағы ойын элементтері, жарқын визуал және жылдам кері байланыс дәстүрлі оқулықтар мен дәптерлерді балаға тартымсыз етіп көрсетуі ықтимал. Сондықтан мәселе балалардың қабілетінде емес, олардың өсіп жатқан ақпараттық ортасы мен білім беру тәсілдерінің арасындағы айырмашылықта деп ойлаймын.
Қазіргі баланың білімге көзқарасына тағы бір маңызды фактор әсер етіп отыр. Олар кез келген ақпаратты интернеттен немесе жасанды интеллект құралдарының көмегімен бірнеше секунд ішінде табуға болатынын жақсы біледі. Сондықтан кей жағдайда оқушылар ақпаратты жаттап алудан гөрі, оны қайдан және қалай табуға болатынын маңызды деп қабылдайды. Бұл білім беру жүйесіне де жаңа талап қойып отыр. Сонымен қатар цифрлық орта балаларды бір мезетте бірнеше ақпарат ағынымен жұмыс істеуге дағдыландырады. Бір уақытта хабарлама оқу, бейне көру, музыка тыңдау және тапсырма орындау қалыпты жағдайға айналды. Алайда мұндай орта күрделі мәселені шешуге немесе ұзақ уақыт бір тапсырмаға зейін қоюға қажетті дағдылардың әлсіреуіне әсер етуі мүмкін.
Тағы бір байқалатын өзгеріс – визуал ақпараттың басымдығы. Қазіргі балалар бейне, анимация және дайын визуалды контентті көбірек тұтынады. Соның салдарынан мәтінді оқи отырып, оны қиял арқылы елестету және мазмұнын терең түсіну дағдысы бұрынғыдай қарқынды дамымауы мүмкін.
Бұған қоса, мектептегі оқу жүктемесі мен цифрлық ортадағы үздіксіз ақпарат ағыны қатар келген кезде бала психикасына қосымша салмақ түседі. Ақпараттың шамадан тыс көп болуы шаршауды күшейтіп, мазасыздық деңгейін арттыруы ықтимал. Кей жағдайда балалар виртуал кеңістіктегі жылдамдық пен еркіндікке үйреніп, мектептегі тәртіп пен талаптарды қабылдауда қиындыққа тап болады. Сондықтан қазіргі таңда мәселені технологиядан қауіп көруден емес, оны тиімді пайдаланудан іздеу қажет деп ойлаймын. Цифрлық құралдар мектеп пен кітаптың бәсекелесі емес, керісінше, білімді терең меңгеруге көмектесетін қосымша мүмкіндікке айналуға тиіс. Басты мақсат – баланы ақпаратты тұтынушы ғана емес, оны талдайтын, бағалайтын және саналы қолданатын тұлға ретінде қалыптастыру.
Эльмира ҚАЛЫМБЕТОВА,
психология ғылымының
кандидаты:
Баланы кітап оқуға үйрету маңызды
– Иә, TikTok, Reels, Shorts сияқты қысқа форматтағы контенттің балалардың ақпаратты қабылдауына әсері бар. Үнемі жылдам ауысатын қысқа бейнелерді көру миға ақпаратты тез қабылдауға және назарды бір нысаннан екіншісіне жиі ауыстыруға дағдыландырады. Соның салдарынан оқу, кітаппен жұмыс істеу немесе ұзақ уақыт зейін қоюды қажет ететін тапсырмаларға шоғырлану қиындай түседі. Бала миы біртіндеп ақпаратты жылдам тұтыну форматына бейімделе бастайды.
Ұзақ мәтін оқу мен қысқа бейнелерді көру кезінде мида әртүрлі танымдық үдерістер іске қосылады. Ұзақ мәтін оқу зейінді тұрақтандырып, ойлау, талдау және қиялдау қабілеттерін дамытады. Қазіргі бала ақпаратты бұрынғы ұрпақтарға қарағанда әлдеқайда көп тұтынады. Дегенмен мәселе ақпарат көлемінде емес, оны қабылдау қарқынында болып отыр. Ақпаратты үздіксіз және жылдам тұтыну көбіне оны талдауға, салыстыруға және сыни тұрғыдан бағалауға жеткілікті уақыт қалдырмайды. Сондықтан қазіргі кезде саналы түрде оқу, ой қорыту және рефлексия жасау дағдыларының маңызы артып келеді.
Әлеуметтік желіні шамадан тыс пайдалану психологиялық саулыққа да әсер етуі мүмкін. Үздіксіз ақпарат ағыны, өзін өзгелермен салыстыру, мақұлдау мен қолдауға деген қажеттілік мазасыздықтың, күйзелістің және эмоциялық тұрақсыздықтың артуына ықпал етеді. Әсіресе эмоциялық дамуы әлі толық қалыптаспаған балалар мен жасөспірімдер мұндай әсерлерге көбірек бейім келеді. Дегенмен шешуші фактор тек экран алдында өткізілген уақытта жатқан жоқ. Баланың қандай контент тұтынатыны, оны қалай қабылдайтыны және цифрлық ортаны қандай мақсатта пайдаланатыны да аса маңызды. Цифрлық тәуелділіктің алғашқы белгілері баланың мінез-құлқынан байқалады. Гаджет қолжетімсіз болған кезде ашулану, мазасыздану, бұрын қызықтырған істерге қызығушылықтың төмендеуі, шынайы қарым-қатынастан гөрі виртуал байланысты жиі таңдауы немесе экран уақытын шектеуге қарсылық танытуы цифрлық технологияның бала өмірінде шамадан тыс маңызды бола бастағанын көрсетуі мүмкін.
Кейінгі кезде ғалымдар баланың ақпаратты қабылдау ерекшеліктеріне ғана емес, оқу тәсілдерінің өзгеруіне де назар аудара бастады. Мәселен, 2018 жылы Educational Research Review журналында жарияланған және 54 ғылыми зерттеуді қамтыған мета-талдау экраннан оқыған адамның мәтінді қағаздан оқығандарға қарағанда үстірт түсінуге бейім екенін көрсетті. Зерттеу авторлары цифрлық ортада оқырман мәтінді жылдам шолуға көбірек ұмтылатынын, ал қағаздағы мәтін мазмұнды тереңірек қабылдауға мүмкіндік беретінін атап көрсетеді. Сондықтан кітап оқу мәдениетінің сақталуы тек әдебиетке қызығушылық мәселесі ғана емес, сонымен қатар зейін, талдау және терең ойлау қабілеттерін дамыту мәселесі де болып отыр.
Психологиялық саулыққа қатысты алаңдаушылық та артып келеді. АҚШ бас хирургының (U.S. Surgeon General) 2023 жылы жариялаған арнайы баяндамасында әлеуметтік желінің балалар мен жасөспірімдердің психикалық саулығына ықтимал әсері туралы ескертілген. Құжатта әлеуметтік желіні шамадан тыс пайдалану мазасыздықтың күшеюіне, өзін өзгелермен салыстырудың артуына, ұйқы сапасының төмендеуіне және эмоциялық әл-ауқаттың нашарлауына ықпал етуі мүмкін екені айтылған. Әсіресе тұлғалық және эмоциялық дамуы әлі қалыптасу кезеңіндегі жасөспірім мұндай әсерге көбірек осал келеді.
Кітап оқудың адам миына әсері туралы кейінгі кезде көптеген зерттеу жүргізілді. Америкалық нейробиолог Мэриэнн Вулф өзінің Reader, Come Home атты еңбегінде цифрлық дәуірде «терең оқу» қабілетінің әлсіреу қаупіне назар аударады. Ғалымның пікірінше, кітап оқу тек ақпарат алудың құралы емес. Ол адам эмпатиясын, сыни ойлау қабілетін, күрделі мәтіндерді түсіну дағдысын және өзгенің көзқарасын қабылдау мүмкіндігін дамытады. Ұзақ мәтінді оқу барысында ми талдау жасауға, ой қорытуға, байланыстарды анықтауға және оқиғаны елестетуге мәжбүр болады. Ал мұндай үдеріс тұлғаның интеллектуал және эмоциялық дамуы үшін маңызды саналады.
Жалпы халықаралық зерттеулерге қарасақ, қазіргі балалар мен жасөспірімнің алдында үш үлкен сын-тегеурін тұрғанын байқауға болады. Біріншісі – жалғыздықтың артуы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2025 жылғы баяндамасында әлемдегі әрбір алтыншы адамның жалғыздық сезімін бастан кешіретіні айтылған. Екіншісі – оқу сауаттылығының төмендеуі. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының PISA-2022 зерттеуі көптеген елде оқушылардың мәтінді түсіну және талдау көрсеткіштері төмендегенін көрсетті. Үшіншісі – назар тұрақтылығының әлсіреуі. Калифорния университетінің профессоры Глория Марк жүргізген зерттеулер цифрлық орта жағдайында адамның бір тапсырмаға ұзақ уақыт назар аударуы қиындап бара жатқанын анықтады.
Меніңше, үш мәселе бір-бірімен тығыз байланысты. Назардың шашырауы терең оқуды қиындатады, терең оқудың азаюы сыни ойлау мен эмоциялық түсінуді әлсіретеді, ал шынайы қарым-қатынастың азаюы жалғыздық сезімінің күшеюіне әсер етуі мүмкін. Сондықтан бүгінде баланы тек ақпарат табуға емес, кітап оқуға, ойлануға, талдауға және шынайы қарым-қатынас құруға үйрету бұрынғыдан да өміршең мәселеге айналып отыр.
Ana tili.kz