Basty bet
Көше жолының құрылысы көпшіліктің көңілінен шықса игі…
Нұрлыкент ауылында жалпы ұзындығы – 6,5 шақырым көше жолы орта жөндеуден өтуде
Тұрғындардың тұрмысын жеңілдету ісіне жағдай жасау – мемлекет дамуының басты талаптарының бірі екені белгілі. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін ел өңірлеріндегі тұрмыстық игіліктері жоқ ауылдардың барлығы инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл – міндетті меже. Қазіргі таңда жыл санап елде демографиялық өсімнің артып келе жатқаны анық байқалады. Бұл – қуанышты жағдай, әрине.
Басқа өңірлер сияқты қасиетті Жуалы ауданында да тұрғындар санының жыл санап артып келе жатқанын ескерсек, өңір тұрғындарын таза ауызсу жүйесімен, табиғи газ құбырымен, электр желілермен және қанағаттанарлық автомобиль жолдарымен қамтамасыз ету мәселелеріне облыс басшылығының тарапынан да көбірек көңіл бөлініп отыр. Өңірдегі қанағаттанарлық автомобиль жолдарының үлесін арттыру маңызды міндеттердің бірі. Бұл бағытта аудан көлемінде қолға алынған бірқатар жобалар сәтімен жүзеге асырылу үстінде.
Тұрмыстық игіліктердің бірі ретінде инженерлік-инфрақұрылымдық жүйелерді жаңғырту, оның ішінде, басты қатынас құралы саналатын автожолдардың сапасын жақсарту жұмыстарын ерекше атап айтуға болады. Оның ішінде, ауыл-аймақтарды және алыс ауылдарды ауданның орталығымен жалғайтын және ауылішілік көше жолдарын жөндеу жұмыстарының маңызы зор.
Бұл мақсатта, 2023 жылы аудан көлемінде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының аясында барлығы – 27,7 шақырымды құрайтын автомобиль жолына орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілгені белгілі. Оның ішінде, аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында барлығы 18 көшенің жолы орта жөндеуден өткізілді. Былтыр қасиетті өңірде барлығы – 30 шақырымға жуық жол жөндеуден өтсе, 2024 жылға жалпы ел қазынасынан 1 миллиардтан астам қаржы-қаражат қаралып, 40 жобаның аясында барлығы – 42,47 шақырым автомобиль жолын орта жөндеуден өткізу жұмыстары жоспарланған. Өңірдегі жол құрылысының жұмыстары мамыр айында басталып та кетті.
Оның ішінде, биыл аудандық мәнге ие жалпы ұзындығы – 2,73 шақырымды құрайтын «Шақпақата-Ынтымақ» автожолы (қаржысы 51 млн теңге, жұмыстар 2023 жылдан 2024 жылға өтпелі) орта жөндеуден өтсе, оған қоса, жергілікті бюджеттен қомақты қаражат қарастыру арқылы – 11 жобамен 12 шақырым жол жөнделмек. Осыған сәйкес, мамыр айының басында жол құрылысына жауапты мердігерлер анықталып, қазір ауылдарда жол жөндеу жұмыстары қарқынды атқарылу үстінде.
Жол жөндеу ісінде аса маңызға ие бағдарламалардың бірі – «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының аясында биыл 824,0 мың теңгеге 28 жобамен жалпы ұзындығы -28,47 шақырым жол жөндеуден өтетінін айта кеткен жөн. Биыл жол жөндеу жұмыстары ауданға қарасты ауылдық округтердің басым бөлігінде жүргізілу үстінде. Ауданның орталығы саналатын Б.Момышұлы ауылында да бірқатар көшені орта жөндеуден өткізу жұмыстары жоспарланған.
Айтса айтқандай, жол – экономиканың күретамыры. Осыған сәйкес, ауыл тұрғындарының күнделікті қарым-қатынас құралы саналатын ауылішілік және ауыларалық жолдардың сапасын арттыру өте маңызды мәселе. Осыған сәйкес, биыл «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының аясында өңірдегі үлкен ауылдардың бірі – Нұрлыкент ауылында жалпы ұзындығы жеті шақырымды құрайтын ауылішілік көше жолдарының құрылысы жүргізіліп, орта жөндеуден өтті. Атап айтқанда, бұған дейін ауылдағы – Болашақ, М.Бектаев, Шапағат және Ынтымақ көшелері мердігерлердің тарапынан орта жөндеуден өтіп, мұнда жол құрылысы толықтай аяқталды. Жол жөндеу бағытындағы ауылдағы үлкен жобалардың бірі ретінде – Е.Байғазиев көшесінің жолын орта жөндеу жұмыстары атқарылу үстінде. Ауылдың басты көшесі саналатын Е.Байғазиев көшесінің жалпы ұзындығы – 4,6 шақырымды құрайды. Аталған көше жолының құрылысына тапсырыс беруші – Нұрлыкент ауылдық округі әкімінің аппараты. Жобаның жалпы құны – 142 млн теңгені құрайды. Жалпы аталған ауылдағы көше жолдарының құрылысын атқаруға – 182 млн теңге бағытталып отыр.
Айта кету керек, аталған жобаның жеңімпазы болып танылған тараздық «Компания Инвест МК» ЖШС жол жөндеу құрылысын мамыр айының орта тұсында бастап, қазіргі таңда жұмыстар аяқталуға таяу. Ауылды қақ жарып өтетін басты даңғыл жолдың құрылысы аяқталып, ендігі кезекте ұзындығы 1,835 шақырымды құрайтын Е.Байғазиев көшесінің бұрылысында жол жөндеу жұмысы қызу атқарылу үстінде. Сәтін салса, жұмыстар тамыз айының алғашқы аптасында аяқталуға тиіс.
Қайсыбір құрылыс болсын, оның сапалы атқарылып, тұрғындардың игілігіне ұзақ жыл қызмет көрсетуі өте маңызды. Осыған сәйкес, мердігер мекеме жол құрылысының сапалы атқарылуына барынша күш салуда. Көше жолының ені – 6 метрді, ал төселген асфальт жабынының қалыңдығы – 6 сантиметрді құрайды. Жол құрылысының сапасын тұрақты бақылауға алған техникалық қадағалаушы мекеме «ҚұрылысСаудаЭкспо» ЖШС-ның басшысы Темірхан Үсенов құрылыс жұмыстарының тиісті талапқа және жобалық-сметалық құжаттамада көрсетілген техникалық талаптарға сәйкес атқарылып жатқанын айтады. Қадағалаушы мекеменің өкілдері жол құрылысы басталғаннан бері осында жүр.
Мердігер мекеме – «Компания Инвест МК» ЖШС-ның учаске бастығы Рамис Ахуновтың айтуынша, жол құрылысына бас-аяғы 10 шақты арнайы техниканың және жол құрылысының бірнеше маманы жұмылдырылған. Атап айтқанда, мұнда ескі жолдың табанын тегістеуге арналған автогрейдер, битум тасымалдайтын гудронатор техникасы, су тасымалдайтын техника, асфальт төсеуга арналған техника (асфальтоукладчик), онымен қоса жалпы салмағы 16 тоннаны құрайтын ГРВ маркалы резиналы каток, салмағы 15, 16, 25 тоннаны құрайтын грунттық катоктар жұмысты сапалы атқарып, жолға төселген асфальтты тығыздауға үлкен сеп болу үстінде.
Біз мердігер мекеменің жұмысқа жауапты басшыларымен Е.Байғазиев көшесі бұрылысының құрылысын атқару үстінде тілдестік. Үлкен автогрейдер жолдың орнын тегістесе, жұмысшылар асфальт төсейтін орынды дайындап, оған тиісінше, битум шашылды. Иә, бұл процестің барлығын техникалық қадағалаушы мекеменің өкілі Т.Үсенов тұрақты қадағалау үстінде. Жол салу барысын өзіміз де көргендей, облыс орталығынан 25 тонналық жүк көлігімен жаңа әкелінген ыстық асфальт арнайы техниканың көмегімен жолдың табанына төселуде. Бұдан кейін грунттық катоктармен таптау жұмысы атқарылады. Қарап отырсаңыз, мұның барлығы үлкен процесс. Тек көңіл қойып, жұмысты талапқа сай атқару қажет.
Жұмыс болған жерде кемшіліктің де болмай тұрмайтыны белгілі. Өткен жолы аудан әкімі Жалғас Мұртазаның Нұрлыкент ауылының тұрғындарымен болған кездесуінің барысында тұрғындар Е.Байғазиев көшесін орта жөндеуден өткізу кезінде оның кей тұстары ойпаң болып, оған жауын суы жиналып жатқанын айтқан болатын. Жұмысқа жауапты мердігер мекеме басшыларынан бұл туралы да сұрағанбыз. Олар жол төсеу жұмыстары толығымен аяқталғаннан кейін аталған кемшіліктердің де орнын толтыратынын жеткізді. Жол құрылысы жобасын өз қадағалауына алған техникалық қадағалаушы мекеменің басшысы Т.Үсенов те өз сөзінде, құрылыс барысында орын алған олқылықтарды жою жөнінде мердігер мекемеге ескерту берілгенін жеткізді.
Мақаланың бас тақырыбын «Көше жолының құрылысы көпшіліктің көңілінен шықса игі…» деп қойып отырғанымыздың да өзіндік себебі бар. Олай болатыны, көптен күткен көшелердің жолы орта жөндеуден өтті деп қуанғанымызбен, кей құрылыстардың техникалық талаптарға сәйкес атқарылмайтыны бар. Сондықтан, қазынадан осыншама қаржы бөлініп, жасалған көше жолдарының сапасы талапқа сәйкес болуы қажет. Тұрмыстық игіліктерді ұзақ күткен ауыл тұрғындарының да басты тілегі де осындай…
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»