Basty bet
Заманауи кіші футбол стадионы пайдалануға берілді
Шақпақ ауылдық округіне қарасты Ынтымақ ауылында заманауи кіші футбол стадионының салтанатты ашылу рәсімі ұйымдастырылып, ауыл тұрғындары үшін қуанышты күнге айналды.
Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Айдос Асабаев, аудан әкімінің кеңесшісі Әбдікерім Уркумбаев, спорт саласының ардагері Мақсұтбек Арзымбетов және аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Керімхан Төреқұлов қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа спорт нысанының ашылуымен құттықтап, ақжарма тілектерін жеткізді.
Жиын барысында жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыру, саламатты өмір салтын және жас ұрпаққа қолайлы орта қалыптастыру мәселелері кеңінен қозғалды. Сонымен қатар, осынау игі бастамаға қолдау білдірген ауыл азаматтарына алғыс айтылып, тұрғындардың ризашылығы жеткізілді.
Стадионның ашылуында таспаны аудан әкімінің орынбасары Айдос Асабаев және ауыл ардагері Күнтубек Еркебаев қиып, ақсақалдар ақ батасын берді.
Спорттық іс-шара аясында жасөспірімдер арасында кіші футболдан тартысты турнир ұйымдастырылып, жас спортшылар өз шеберлігін көрсетіп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Турнир қорытындысында І орынды «Шақпақтас» командасы қанжығасына байлады. Ал, ІІ орын «2017» командасы бұйырса, ІІІ орынды «2013» командасы иеленді. Сонымен қатар, турнирде “Үздік шабуылшы” номинациясымен Омар Тоқтан, “Үздік қақпашы” номинациясымен Диас Бегалы, “Үздік қорғаушы” номинациясымен Алихан Әбді және “Үздік ойыншы” аталымымен Арслан Бағдатұлы марапатталды.
Турнир соңында ауыл тұрғындары мен демеушілердің қолдауымен жеңімпаз және жүлдегер командаларға ақшалай сыйлық, медальдар мен Диплом табысталды. Бұл марапаттар жас спортшылардың жігерін жанып, алдағы уақытта үлкен жетістіктерге жетуіне зор серпін бермек.
Ақжан Ахметов,
Шақпақата ауылы