Basty betSport

Нұржас облыс чемпионы атанды

Спортшы алғашқы жеңіліс пен жеңісті ешқашан ұмытпайды. Олар үшін алғашқы жеңіс төккен тер мен еткен еңбектің еш кетпегенін білдіреді. Алға қарай ұмытылыс жасауға септігін тигізіп, жігерлендіреді.

Осы ретте, Қайрат ауылының тұрғыны Нұржас Қыдырбай да алғашқы жеңісіне қол жеткізіп, қазақ күресінен чемпион атанды. Яғни, ол қазақ күресінен жасөспірімдер мен кіші жасөспірімдер арасында өткен Жамбыл облыстық чемпионатында 60 келі салмақта белдесіп, І орынды қанжығасына байлады.

Чемпионатқа ауданнан бір топ спортшы қатысқан болатын. Жарыс Т.Рысқұлов ауданында өтіп, жерлестеріміз намысты қолдан бермей, боз кілемде сынға түсті.

Бұл қуанышты хабарды Нұржастың әкесі Нәби Қыдырбайұлы жеткізді.

– Әр ата-ана үшін перзентінің жеңісін көру бақыт емес пе?! Үш қыздың арасындағы жалғыз ұлымыз бала күнінен спортқа бейім болды. Ең алғаш футбол, бокс, дзюдо үйірмелеріне қатысып, бағын сынап көрді. Кейіннен ауылдағы бұрынғы мешіттің ғимараты спорт мектебі ретінде пайдалануға беріліп, ол жерде балаларды спортқа баули бастады.

Осы кезде ұлымды бапкері Аслан Жапарқұлов қазақ күресімен шұғылдануға насихаттады. Нәтижесінде, күнделікті жаттығуларынан қалмай, түрлі жарыстарға қатысты. Ең алғаш Т.Рысқұлов ауданында өткен жарыстан ІІІ орын алып келді. Бұл оған мотивация болды. Алға қарай жылжуға, жеңіске деген үміт отын жағып, ұлымды ұлттық спорт түрімен айналысуына үлкен септігі тиді.

Қазіргі таңда Нұржас №15 мектеп-лицейінің 9 сынып оқушысы. Алдағы уақытта өтетін ел чемпионатына дайындық үстінде жүр. Біз де отбасымызбен оған қолдау білдіріп, жеңіс тұғырынан көрінуіне тілекші болып отырамыз. Баласы бәйгеге түссе, үйде тақымын қысып отыратын халық емеспіз бе?! Әрине, әр жарысқа аттанған сайын ұлымыздың сағы сынбай, еңбегі ақталса деген үмітпен оның жеңіске жетуіне тілекші боламыз. Дегенмен, ең бастысы жеңіс емес, оның пайдалы іспен айналысып, спортқа ден қойғанына қуанамыз. Бапкерлеріне де алғысымыз шексіз. Дүбірлі додаларда ел намысын қорғайтын, жеңіс тұғырынан көрінетін шәкірттері шыға беруіне тілектеспіз, – деп Нәби аға ағынан жарылды.

Ел чемпионатында өңірдің намысын қорғайтын Нұржасқа сәттілік серігің болып, жеңісті күндерің көп болсын дейміз. Бүгінгі алғашқы жеңісімен біз де құттықтаймыз!

Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close