Basty bet

Заңға бағыну – ел болашағына деген биік жауапкершілік

Мемлекеттік қызмет – халықтың сенімін арқалаған үлкен жауапкершілік. Әсіресе, ауылдық округ деңгейіндегі әкім үшін бұл жауапкершіліктің маңызы ерекше. Себебі, жергілікті атқарушы орган мен тұрғындар арасындағы байланыс күнделікті өмірде тікелей жүзеге асады. Азаматтардың өтініштері, әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелер, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы сияқты бағыттардың барлығы халықпен ашық әрі адал жұмыс істеуді талап етеді.
Осындай жағдайда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тек заң талаптарын орындау ретінде қарастырылмауы керек. Бұл – ең алдымен, халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін сақтау мәселесі.
Менің түсінігімде, сыбайлас жемқорлық профилактикасы адамның санасынан басталады. «Мәселені таныс арқылы шешуге болады» немесе «ақша беріп тездетуге болады» деген түсінік қоғамда қалыптаспауы тиіс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет – заңды құрметтеуден, адалдықтан және жауапкершіліктен қалыптасады. Сондықтан біздің басты мақсатымыз – құқықбұзушылық орын алғаннан кейін ғана шара қолдану емес, оның алдын алатын ортаны қалыптастыру.
Әкімдік жұмысының нәтижесін тек атқарылған жұмыстардың санымен өлшеу жеткіліксіз. Оның маңызды көрсеткіштерінің бірі – тұрғындардың мемлекеттік органға деген сенімі. Кез келген азамат өз мәселесімен әкімдікке келген кезде оны тыңдайтын, заң аясында нақты жауап беретін және мәселенің шешу жолын түсіндіретін қызметкерді көруі қажет. Әрбір азаматтың өтінішіне бірдей көзқараспен қарау – сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың маңызды тетігі.
Сыбайлас жемқорлықпен күресті тек жазалау шараларымен байланыстыру дұрыс емес. Жауапкершіліктің бұлтартпастығы маңызды болғанымен, одан да маңыздысы – заң бұзушылыққа алып келетін себептердің алдын алу. Ол үшін мемлекеттік орган ашық, қызметкер жауапты, ал басшы жеке үлгі көрсетуі қажет. Сонымен бірге әр азамат өз құқықтары мен міндеттерін біліп, мәселелерін тек заңды жолмен шешуге ұмтылғаны жөн.
Біздің ауылдық округте де бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғаса береді. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасына, тұрғындардың өтініштерін қарауға, шешім қабылдаудың ашықтығына және қызметтік әдеп талаптарының сақталуына баса мән береміз.
Мен әкім ретінде бір нәрсені анық түсінемін: халықтың сенімін жоғалту оңай, ал оны қайта қалыптастыру өте қиын. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметші өз қызметіне «маған не береді?» деген емес, «мен халыққа не бере аламын?» деген көзқараспен қарауы қажет!
Адалдық – бір күндік науқан емес, ол адамның өмірлік ұстанымы. Ал сыбайлас жемқорлықтың профилактикасы осы ұстанымды қоғамның барлық саласында орнықтырудан басталады. Біздің мақсат – тұрғындар әкімдікке сеніммен келетін, өз мәселесін заңды жолмен шешуге болатынына кәміл сенетін орта қалыптастыру. Адал қызмет – халыққа деген құрмет болса, Заңға бағыну – елге деген жауапкершілік. Ал, халық сенімін сақтау – әрбір мемлекеттік қызметшінің басты міндеті!
Руслан Назарбеков,
Қошқарата ауылдық
округінің әкімі

Таңдаулы материалдар

Close