Basty bet
Тарихи сәттің куәсі болу – мен үшін үлкен қуаныш
“Amanat” партиясының кезектен тыс XXIV съезіне Жамбыл облысынан сайланған делегаттармен бірге барып, қатысып қайттық. Бәріміздің көңіл күйіміз өте көтеріңкі. Мен өзімнің бойымдағы қуанышты, мақтаныш сезімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын.
Жол бойы делегаттар айтқан әңгімеміздің барлығы – осы съезд, форумнан алған әсеріміз жайында болды.
Партия төрағасы Ерлан Қошанов партия атынан Қасым-Жомарт Кемелұлының кандидатурасын ұсынамыз дегенде жаппай мандатымызды көтеріп, қолдау білдірдік. Себебі, Қасым-Жомарт Кемелұлының ұстанымы, алға қойған жоспарлары, жаңа бастамалары еліміз үшін маңызды.
Осындай тарихи сәттің куәсі болу, өз үлесімізді қосу біз үшін үлкен қуаныш, бақыт деп білемін.
Съезге еліміздің түкпір-түкпірінен мыңнан астам делегаттар жиналды. Съезд делегаттарының барлығының жанарында үлкен үміт, қуанышты сезім байқалды.
Түс ауа халықтық колацияның бастамасымен Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын Қазақстан президенттігіне ұсыну туралы қолдаушылар форумына қатыстық. Форумға “Amanat” партиясымен бірге өзге саяси партиялар мен республикалық қоғамдық ұйымдардың өкілдері де қатысты. Яғни, онда үлкен де, кіші де, түрлі ұлт өкілдері де бар. Ең маңыздысы, барлық партия өкілдері Президентті қолдайтынын білдірді. Бұл қазіргідей күрделі кезеңде өте маңызды қадам. Бізге қай кезде де бірлігімізге бекемдік қажет.
Алқалы жиында сөз алған Қасым-Жомарт Тоқаев ұлтты ұйыстыратын жеті қағиданы атап өтіп, қазақстандықтардың алдында тұрған мақсат пен межені тізбелеп берді.
Сондай-ақ форумда сөйлеген кісілердің сөзінің әсері, Президентке деген сенімі бізге күш-қуат берді. Айта кетерлік мәселе – сөйлеген кісілердің ешқайсысы Президентті мақтап, мадақтап, қолпаштаған жоқ. Нақты атқарған жұмысы мен алдағы жоспарларына тоқталды, болашаққа үлкен сенім артты. Мәселен, еліміздің тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров өте керемет сөйледі. Мұның бәрі Президентіміздің еңбегіне, қабілетіне деген құрмет, сенім деп білеміз.
Жалпы, алдағы Президент сайлауы халқымыздың береке-бірлігін арттырып, мемлекет дамуының жаңа кезеңіне жол ашады деп сенеміз.
Керімқұл Бегалиев,
облыстық мәслихаттың депутаты