Basty bet

Кітап оқу – тұлға биігіне баспалдақ!

Кітап – адамзат баласының баға жетпес асыл құндылығы. Білім мен мәдениеттің биік белестеріне жетелейтін – тәрбие құралы. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлы «Танымның бар тамашасы – кітапта, оған қол жеткізу үшін кітап оқудан жалықпа», «Артық ғылым кітапта, ерінбе оқып көруге» деп насихаттайды. Ақынның бұл терең мағыналы сөздерінен кітап оқудың кез келген тұлғаны дамытудың қайнар көзі екенін түсінесің.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жас ұрпақтың кітаппен дос болуы керегін үнемі еске салып келеді. Наурыз айында Атырау облысында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы «Кітапқұмарлық – жақсы қасиет… Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» деп кітап оқу мәдениетін орнықтыруға шақырды.
Жапон халқының «Әуелі миды тойдырайық, сонда ол қарынды тойдырады» деген даналық сөзі де оларда кітап оқу мәдениетінің жоғары деңгейде қалыптасқанын білдірсе керек. Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханов та «Біз Жапониядан үйренейік, екінші Жапония болайық» деп айтуы да озық елде кітап оқу мәдениетінің берік орныққанын аңғартады. Ал, 14 жасынан бастап Жапонияда білім алып, сол елдің озық үлгісін бойына сіңіріп өскен қазақ қызы Жадыра Сембайдың Instagram әлеуметтік желісіндегі мына жазбасы шын мәнінде жапондықтар кітап оқудың пайдасын жақсы ұғынған халық екенін түсінуге болады. Желі де қазақ қызы «Жапонияда ересектер жылына шамамен 170 кітап оқиды. Жасөсіпірім балалар ең азы – 30 кітап, ең көбі – 70 кітап, ал ұстаздар жылына 220-240 кітап оқиды. Жапондықтар жалақысының 30-40 пайызын кітап сатып алуға жұмсайды. Мысалы, Қазақстанға келгенде мұнда кітап дүкендері өте аз екеніне таңғалдым. Қай жерден кітап сатып алатынымды білмедім. Ал Жапонияда метро, автобус аялдамаларында міндетті түрде кітап тұрады» деп, өзі де ай сайын жаңа кітап сатып алып, оқу арқылы жапондықтармен теңескенін жазады. Яғни, ол өзімен бірге оқитын студенттердің орамды ой айтуының, озық ойлы адам болуының, білімділігінің сыры олардың көп кітап оқуымен байланыстырады. Міне, Мемлекет басшысы айтып отырған озық ойлы ұлт болуымыздың бірден-бір жолы кітап оқу екені осы мысалдан-ақ аңғаруға болады.
Көркемсөз бен көсемсөздің хас шебері Шерхан Мұртазаның сөзімен айтсақ, «Кітап – ғажайып қазына. Кітапты сүймеген Құдайды да сүймейді. Адам жанын тот басса, оны тек кітап қана кетіре алады. Әрине, асыл кітап, адал кітап». Ал, кітапхана – оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір. Аудандағы тағылымы мол тәрбие ошағы саналатын орталық кітапхананың алар орны орасан зор. Орталық кітапханадағы кітапханашылар оқырмандарға жылы шырай танытып қызмет көрсетіп, өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруда. Ал, кітапхананың абономент бөлімінен оқырмандар қатары үзілген емес.
Жалпы, абономент бөлімінің кітап қорында 37 768 дана кітап бар, оның ішінде 16 385 данасы мемлекеттік тілдегі әдебиеттер. Жыл басынан бастап бөлімге 91 дана жаңа кітап келіп түскен. Оның 83-і мемлекеттік тілде. Бөлімнің 1215 оқырманы бар. Кітап берілімі 15 191 болса, оның 7100-і мемлекеттік тілде. Кітапхананың Аманжол Дүрәлі, Дәулетжан Байдалиев, Сейітқазы Медетбеков, Анна Малышева, Айдос Есеналиев, Күләш Таубалдиева, Людмила Нелюбова, Камшат Құрматаева, Владимир Якимов, Борис Романчук, Светлана Терзиди, Раушан Сыпатаева және тағы да басқа тұрақты оқырмандары бар.
Абономент бөлімінде тұрғындарға оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Шарифат Каниева, кітапханашылар Арайлым Біттібай және Гүлнар Исаева қызмет көрсетуде.
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында елдің ертеңі мен келешегі үшін атқарылар кезек күттірмес қадау-қадау міндеттерді атап көрсетті. Әсіресе, жастардың кітап оқуына, олардың арасында кітап оқу мәдениетін орнықтыруға ерекше назар аударды. Орталық кітапханада Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жас ұрпақты кітапханаға тарту, олардың арасында кітап оқуды насихаттау жұмыстары ұдайы жүргізілуде.
Әлеуметтік желіде әр кітапхана жеке парақшаларына әрбір өткізілген іс-шараларын үнемі жариялап, оқырмандардың жазған пікірлерін назарда ұстауда. Кітапханаларда оқырмандарды кітапханаға тарту, кітап оқуға шақыру мақсатында «COWORKING» орталығы бар. Бұл орталық жұмысты ұйымдастыруда бүгінгі күні кең тараған форматтың бірі және жастардың өз шығармашылығын одан әрі дамытуына жол ашады.
Бүгінгі жас буынның талғамы жоғары. Олардың басым бөлігі бизнес, мотивация, психологияға байланысты әдебиеттерді сұрап жатады. Әрине, бірінші кезекте біз жастармен жұмыс істейміз. Олар іздеген кітапты мейлінше тауып беруге тырысамыз. Себебі, оқимын, білемін деген жасқа жол көрсету – біздің міндетіміз. Сонымен қатар, қазақ ақын-жазушыларының мерейтойларына, атаулы күндерге арналған іс-шараларға міндетті түрде жастарды қатыстырамыз. Қызығушылық танытып, әрбір іс-шараға тұрақты қатысатын, білімқұмар жас оқырмандарымыз жетерлік,- дейді кітапхананы дамыту бөлімінің меңгерушісі Күләш Таубалдиева.
Маманның айтуынша, оқырмандарды кітапханаға тарту мақсатында мектеп оқушыларына кітапханаға саяхат өткізудің пайдасы мол. Саяхат барысында оқушыларға кітапхана ережесі, қызметі, кітап қоры жөнінде ақпараттар, кітап көрмелері, басылымдар, көпшілік іс-шаралар жөнінде мәліметтер беріліп, олардың қызығушылығын оятуға септігін тигізуде. Кітап көрмелерімен, көркем шығармалармен, танымдық энциклопедиялармен, жасөспірімдерге арналған газет-журналдармен таныстыру да өз нәтижесін көрсетсе керек. Сонымен қатар, кітапханаға келіп түскен жаңа әдебиеттерді насихаттау жұмысы қолға алынған. Қазақ өлеңдерінің қадір-қасиетін білетін ақындардың шығармалары мен көркем сөздің шебері болған жазушылардың шығармаларын талдап түсіндіруді де кітапханашылар жиі жүргізіп отырады. Мұндай жоспарлы жұмыстар арқылы балалар кітапханаға жиі бас сұғып, оқырмандар қатарының көбеюіне өз үлестерін қосуда.
Одан бөлек, оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінде қазақ халқының даңқты қолбасшысы, Кеңес Одағының Батыры, аса көрнекті жазушы Бауыржан Момышұлының шығармашылығын насихаттауға арналған «Ерлігі мен өрлігі биік – Бауыржан» атты кітапханалық жоба құрылғанын баса айта кеткен жөн. Сондай-ақ, бөлімдегі «Жас толқын» жастар клубы арқылы жас оқырмандардың кітап оқуын шығармашылықпен ұштастыруына мүмкіндік туғызып отыр.
Уақыттың талабынан қалмай, оқырмандарға қызмет көрсетіп отырған кітапханашылардың еңбегі зор. Алайда техника мен технологияның қарыштап дамыған заманында көпшілік ақпарат көзін ғаламтордан іздеп, кітапты электронды нұсқада оқуға әдеттенген. Жастардың көп уақыты әлеуметтік желілерде отырумен өтетіндігі де жасырын емес. Одан келер пайда қандай? Әрине, бос уақыт өткізу ғана. Ал, сол қалта телефонда уақытты құр өлтірмей, жанды байытар рухани азық болатын бір кітап оқу әлдеқайда пайдалы. Сонымен қатар, кітапханаға жиі бас сұғып, кітап оқуды сонау тарихы тереңде жатқан қазақ ақын-жазушыларының бізге қалдырған бай мұрасынан бастаған абзал.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close