Basty bet
Азаматтардың өтініші тұрақты бақылауда болады
Кеше аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдады.
Қабылдауға келген алғашқы азамат жайылым жер сұрап келген. Азаматтың мәселесін тыңдай келіп Асхат Базарбайұлы аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысына азаматқа мәселеге қатысты мән-жай туралы жазбаша жауап беруін тапсырды.
Келесі қабылдауға келген жалғызбасты ана тұрғын үй, мүмкіндігі шектеулі баласын зейнетке шығаруға көмек және тұрақты немесе қоғамдық жұмыс сұрап келіпті. Асхат Жабағы тұрғын үй ауданда жоспарланған тұрғын үйлер соғылған соң кезегімен берілетінін түсіндірді. Жұмыс мәселесі бойынша Мансап орталығының басшысына барынша заңды жолдарын, мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды. Ал, баласын мүгедектігіне байланысты зейнетке шығару мәселесі бойынша көмектесуді аудандық орталық аурухананың бас дәрігеріне тапсырды.
Бауыржан Момышұлы ауылы тұрғынының төрт пәтерлі жер үйдің екі пәтер ауласының мекенжайы ешқандай көшеде көрсетілмегенін, бұл мәселе такси, жедел жәрдем қызметін шақыруда, басқа да мәселелерде қиындық тудырып жүргенін айтып, осы мәселені реттеп беруін өтінді. Асхат Жабағы ауыл әкіміне азаматтың үйіне барып, жағдайды көзбен көріп, жолдарын қарастырып, реттеп беруді тапсырды.
Қабылдауға келген қалған азаматтар қайтыс болған атасының атындағы жерді өз атына аудару мәселесі, базардан кәсіпкерлікпен айналысуға жер беру, үйіне газ кіргізіп беру сияқты түрлі жеке мәселелермен қайырылған. Асхат Базарбайұлы азаматтардың өтініштері бойынша тиісті басшыларға тапсырма берді.
Сонымен бірге аудан әкімінің аппаратына азаматтардың өтініштері бойынша хаттама жазылып, мәселелердің орындалуын бақылауда ұстауды тапсырды.
Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”