Basty bet

Жуалы ауданы Бауыржан Момышұлы ауылының жергілікті қоғамдастық мүшелерімен өткен жиналыстың №7 хаттамасы

Бауыржан Момышұлы ауылы
10 қараша 2025 жыл сағат: 10:00
Жиналыс төрағасы: Р.Кусембаев – Бауыржан Момышұлы ауылының әкімі.
Жиналыс хатшысы: А.Ниязова – Бауыржан Момышұлы ауылы әкімінің аппаратының бас маманы.
Жиналысқа қатысқандар: Жергілікті қоғамдастық мүшелері – 28 адам.
Күн тәртібінде:
Бауыржан Момышұлы ауылындағы жаңа көшелерге Қали Сатаров көшесі және Есіркеп Дауылбаев көшесі атауларын беру туралы.
Тыңдалды: Р.Кусембаев – Бауыржан Момышұлы ауылының әкімі: «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елдімекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің 2023 жылғы 1 тамыздағы №211 бұйрығына сәйкес, Бауыржан Момышұлы ауылындағы жаңа көшелерге Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімімен, яғни Қали Сатаров көшесі және Есіркеп Дауылбаев көшесі деп атаулар беру туралы түскен ұсыныс бойынша халықтың пікірін ескеруге жиналып отырмыз. Ұсынылып отырған ҰОС ардагерлерінің өмірбаянымен қысқаша таныстыра кетсек:
Қатардағы жауынгер Қали Сатаров (1914-05.08.1943ж.ж.) Қазақ КСР Жамбыл облысы Жуалы ауданының Ақтөбе ауылында дүниеге келген. 1942 жылы бұрынғы ОҚО-ның Сайрам әскери комиссариатына әскер қатарына шақыртылып соғысқа аттанған. №5 танк армиясының №1 арнайы танкіге қарсы батальонының №6 жойғыш бригадасының есеп командирі болған. Ерлігі мен күш-жігерінің арқасында өзінің қол пулеметының көмегімен жау әскерінің 20-дан астам жауынгері мен офицерін өлтірген. 1943 жылы із-түзсіз жоғалған жауынгерлер қатарында есептеліп жерленген. «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған.
Аға сержант Дауылбаев Есіркеп 1919 жылы Жамбыл облысы Жуалы ауданының Ақтөбе ауылында дүниеге келген. №71 гвардиялық атқыштар дивизиясының №151 гвардиялық артиллериялық полкінің зеңбірек командирі болған. Марапаттары: 05.02.1943 жылы №06/н гвардиялық танкке қарсы артиллериялық полкінің 4-бұйрығымен «Ерлігі үшін» медалімен(№251788); 18.10.1944 жылы 71 гвардиялық атқыштар дивизиясының №134/н бұйрығымен 3-дәрежелі «Данқ» орденімен(№235234); 09.05.1945 жылы КСРО Жоғары Кеңесі Төралқасының Жарлығымен «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған.
ҰОС ардагерлерінің өмірбаянымен таныстыңыздар, енді өз ой-пікірлеріңізді ортаға салуды сұраймын.
Сөйлеген: К.Дәуренов – жергілікті қоғамдастық төрағасы: Бауыржан Момышұлы ауылындағы жаңа тұрғын үй алқабындағы жаңа көшелерге ҰОС ардагерлері Қали Сатаров пен Есіркеп Дауылбаевтың есімін беру өте орынды. Жеңістің 80 жылдығы аясында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімін ұлықтау – ұрпаққа өнеге, елге рух береді. Бұл ұрпақ тәрбиесінде мәні зор, елдің рухын көтеретін іс деп санаймын.
Сөйлеген: Ш.Мамаджанов – жергілікті қоғамдастық мүшесі: Ауылдың жаңа тұрғын үй алқабындағы жаңа көшелерге ҰОС ардагерлерінің есімімен Қали Сатаров көшесі және Есіркеп Дауылбаев көшесі деген атаулар беру туралы ұсынысты қолдаймыз, сондай-ақ көше атауын беру кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру керек деп есептейміз. Ұсыныс, ҰОС-на қатысқан азаматтардың ерлігін ескеріп ауылдан арнайы саябақ немесе аты-жөндері жазылған мемориалдар ашу және осы ұсынылып отырған ардагерлердің есімімен берілген көшелерді бастау алатын бөлігіне аты-жөні, ерлігі, марапаттары және суреттері қойылған тақтайшалар орнатылса.
Сөйлеген: С.Байсериков – жергілікті қоғамдастық мүшесі: ҰОС ардагерлерінің ерлігін ескере отырып, олардың есімімен көшелерге атау беру өте орынды жұмыс. Толығымен құптаймыз. Ұсыныс ретінде, аудандағы басқа да ҰОС-на қатысқан, ҰОС-да із-түзсіз кеткен жауынгерлер деп танылған азаматтардың да көрсеткен ерлігін ескере отырып алдағы уақытта көшеге атау берілсе.
Сөйлеген: Б.Төрехан – жергілікті қоғамдастық мүшесі: Менің айтарым, жаңа көше атау беруге байланысты ашып отырған жиналыс өте орынды. Президенттің тапсырмасына сәйкес Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аясында Ұлы Отан соғысы батырларының есімін ұлықтау өте дұрыс ұсыныс, бүгінгі күннің талабына сай үлкен мәселе деп есептеймін. Ономастикалық атауларды ретке келтіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды жан-жақты қолдаймын.
Сөйлеген: Р.Кусембаев – Бауыржан Момышұлы ауылының әкімі: Бауыржан Момышұлы ауылындағы жаңа көшелерге Қали Сатаров көшесі және Есіркеп Дауылбаев көшесі атауларын беру бойынша айтылған пікірлерді ескеру мақсатында ашық дауысқа саламыз.
Қолдағандар: 28 адам
Қарсы болғандар: жоқ
Қалыс қалғандар: жоқ
Ауыл әкімі ашық дауыс беру қортындысы бойынша Бауыржан Момышұлы ауылындағы жаңа көшелерге Қали Сатаров көшесі және Есіркеп Дауылбаев көшесі атауларын беру туралы ұсыныс жергілікті қоғамдастық мүшелерінің көпшілік дауыстарымен қолдау тапқандығын жариялады.
ЖИНАЛЫС ШЕШІМІ:
1. Бауыржан Момышұлы ауылындағы 1-жаңа көшеге Қали Сатаров көшесі, 2-жаңа көшеге Есіркеп Дауылбаев көшесі атаулары берілсін.
2. Осы ұсыныс жергілікті өкілді және атқарушы орган тарапынан тиісті аумақ халқының пікірін ескерудің қорытындысы бойынша бірлескен шешіммен облыстық ономастика комиссиясының қарауына енгізілсін.

Жиналыс төрағасы Р.Кусембаев
Жиналыс хатшысы А.Ниязова

Таңдаулы материалдар

Close