Basty bet

Билердің араласуымен қысқартылған даулар

аудан тұрғындары дауларды сотқа жеткізбей, өзара татуласумен шешуде

Ауданымызда билердің абыройы жоғарылауда. Аудан тұрғындары тарапынан дауларды билердің көмегімен сотқа дейін жеткізбей тоқтату деректері артып келеді. Даулардың ішінде көбінесе жер дауы, қарызды өндіру, отбасы-тұрмыстық даулар, неке бұзу даулары, материалдық шығынды өндіру, т.б. даулар тоқтатылып, екі тарап татуласып бір-біріне деген талаптарынан бас тартуда.
Мысалы, ағымдағы жылдың басынан бері аудандық сотта 3 қылмыстық іс, 1 әкімшілік іс, 47 азаматтық дау билердің көмегімен тоқтатылды. Сотқа дейін билердің араласуымен 2 қылмыстық құқықбұзушылық, 6 әкімшілік іс, 22 азаматтық даулар татуласумен реттелді.
Ауданда бүгінгі таңда жеке бастың құқықтарына қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша сотқа дейін татуластыру үрдістері билер кеңесінің мүшелері мен аудандық учаскелік полиция қызметкерлерімен бірлесе жұмыстары жүргізілуде.
Мысалы, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 73-бабына сай отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер бойынша ерлі-зайыптылар арасындағы отбасындағы болып жатқан кикілжіңдер мен ұрыс-керістер, учаскелік полиция мен билердің көмегімен реттеліп екі жақ татуласып, әкімшілік істі сотқа дейін жеткізбеуге толық мүмкіншілік бар.
Б.Момышұлы ауылының әкімшілігі ғимаратында орналасқан «Отбасылық кеңес» кабинетінің мамандары отбасы даулары мен неке бұзуға бет бұрған ерлі-зайыптылармен құқықтық кеңес және психологиялық қолдау жұмыстарын жүргізіп, учаскелік полиция мен билердің қолдауымен екі жақты татуластыруда.
Азаматтық даулар бойынша статистикалық мәліметтерге сай ауданымызда көбінесе жер даулары, қарыз даулары, және неке бұзу даулары татуласумен шешілуде.
Билердің осы бағытта атқарып жатқан жұмыстары туралы аудан азаматтары тарапынан жағымды лебіздерін байқауға болады. Әсіресе сотқа дейінгі қарызды өндіру даулары бойынша дүкендердің иелері өздерінің жылдап жиналған қарыздарын осы билердің көмегімен қайтарып жатыр, яғни дауды сотқа жеткізбей бітімгершілікпен шешіп, қарызын қайтарып алуда.
Мысалы айта кетсек, жауапкер азамат Б. азық-түлік дүкенінен 2 жыл бұрын 110 000 мың теңгенің азық-түлік тауарларын қарызға алып, осы күнге дейін қайтармаған. Арызданушы өз кезегінде қарызын қайтару үшін сот арқылы емес, билердің көмегімен сотқа дейін шешуге ұмтылды.
Өйткені дүкеннің иесі яғни арызданушы сотта оның ісі біраз күнге созылатынын, сот орындаушы оның қарызын жауапкерден өндіру үшін бір талай уақыт кететінін сезді.
Дауды сотқа жеткізбей билердің көмегімен екі жақ келісімге келіп, жауапкер 2 айдың ішінде қарызын бөліп қайтаруға келісіп, арызданушы да жауапкер де дауды шешудің өздеріне ыңғайлы жолын тапты деп айтсақ болады. Бұл бір ғана мысал, айта берсек даудың түрлері көп.
Мысалы, ауылдық жердегі үлкен 30 гектар егістік жерге 100 жылқы бас түсіп кетіп, бидайды таптап, егістік жердің егесіне әжептеуір материалдық шығын келтірген. Жылқылардың егесі билерден осы дауды бітімгершілікпен шешіп беруге көмек сұрайды. Нәтижесінде жылқылардың егесі жердің егесімен өзара келісіп оған материалдық шығынды өтеп беріп, дау татуласумен шешілді.
Дауласушы жақтардың ең бірінші мақсаты дауды өздеріне тиімді түрде шешу, бітімгершілік пен татуласу келісімдері осының жолын көрсете алады. Ал Билер болса осы мәселеде қол ұшын беруге күнделікті дайындығын көрсетуде.
Араздасқан азаматтар сотқа дейін бітімге келуге ниеттері бар, оған жол ашатын билер. Мемлекеттің іргетасі тұрақтылықтан басталады, тұрақтылық ол бейбітшілік, сондықтан ағайын сабырлыққа келудің арты жаман болмайды, керісінше тек жақсылыққа апарады.
Атам заманнан билер соты өзінің шынайылығымен халыққа ең жақын, әділ шешімдерімен елді аузына қаратып, дауласқан екі тараптыӊ да көӊілінен шығатын жүйелі билігімен ел құрметіне бөленгендігін айту қажет.
Азаматтардың сотқа дейін бітімгершілікке келуіне аудандық сот, прокуратура, аудандық ішкі істер бөлімі қолдау жасауға мүдделі.
Қазіргі таңда аудан бойынша билер кеңесінің 45 мүшесі бар, әр ауылдық округта 2-3 биден тіркелген. Азаматтар өздерінің дауларын билер арқылы сотқа дейін шешіп, екі жақты бітімге келулеріне ыңғайлы болуы үшін ауылдық округ әкімдіктерінен билерге жұмыс жасайтын арнайы бөлмелері қарастырылған.

Дулат Досыбайлы,
Жуалы аудандық соты
кеңсесінің бас маманы-
сот отырысының хатшысы

Таңдаулы материалдар

Close