Basty bet
Көкөніс көшетін өндірудің көл-көсір пайдасы бар
нұрлыкенттік диқандар әрбір екінші үйде көшетті молынан өндіреді
Ерте көктемнен бастап қара күзге дейін бел жазбай, еңбек ететін қауым ол – диқан қауымы екені бесенеден белгілі. Ел қадірін ел баққан ерлер ғана білетінін ескерсек, қара жердің қадірін де жерді баптаған диқан ғана жақсы білсе керек.
Әсіресе, ауданға қарасты Нұрлыкент ауылында көктемде көшет егіп, жаз бойы бау-бақша баптайтын диқандардың қарасы мол. Орта есеппен алғанда, Нұрлыкентте әрбір екінші тұрғын жер еміп, диқаншылықпен айналысқанды жөн көреді.
Тәуелсіздік жылдары Өзбекстан, Қарақалпақстан Республикаларынан және Түркімен жерінен осында қоныс аударып, орныққан еңбекқор қандастарға күнкөрістің одан басқа көзі де жоқ.
Диқаншылық – бір жағынан еңбек салты болса, екіншіден – бұл мол табыстың да көзі. Ерінбей еңбек еткенде ғана мол табысқа кенелуге болатынын еңбекқор азаматтар жақсы білсе керек.
Уақытпен санаспай, таңның атысы, күннің батысы ерінбей еңбек ету арқылы отбасын асырап, сол арқылы мемлекет пен қоғамға да пайдасын тигізіп келе жатқан бейнетсүйгіш ағайынның бұл әрекетін жанкештілік дерсің. Оларға алғыстан басқа айтарың да жоқ…
Нұрлыкент ауылының жергілікті диқандары көкөніс көшеттерін егу ісіне ерте көктемнен бастап кіріседі. Ең алдымен үй іргесіндегі парник жасалатын жердің топырағы жақсылап өңделіп, оған қарақи немесе т.б. минералды тыңайтқыштар салынады. Соның әсерінен оған егілген қай дақыл болсын, жақсы өсіп жетіледі. Ал, тыңайтқыштармен байытылған құнарлы топырақта өндірілген көшет қана мол өнім береді. Диқандар жыл сайын наурыз айының орта тұсынан бастап үй іргесіндегі жерлеріне шағын жылыжай (парник) жасап, оған негізінен қырыққабаттың және қызанақ, болгар бұрышы, баклажан және пияз, т.б. бау-бақшалыққа егілетін көкөністердің барлық түрінің тұқымын сеуіп, одан көшетті де молынан өндіруге күш салу үстінде. Бұл – жергілікті диқандар үшін жыл сайын атқарылатын дәстүрлі шаруаның бірі.
Биыл да ерте көктемде еңбекқор диқандар жұмысқа қызу кірісті. Үй іргесіндегі аз ғана жеріне парник жасап, одан көкөніс көшетін молынан өндіріп отырған жергілікті диқанның бірі – Мүсілім Өтенов. Диқаншылықтың қыр-сырын бес саусағындай жетік меңгерген жігіт ағасы бұл істі отбасы мүшелерімен бірге атқарады. Бұл – олардың отбасылық ортақ кәсібі десе де болады. Апта ортасында Мүсілімнің үйіне барғанымызда, диқан есік алдында парникке егілген көкөніс көшеттерінің арамшөбін тазартып жатқанын көрдік. Оған жұбайы Умида апай мен кенже ұлы Бекарыс көмектесуде.
-Көшет егіп, баптау – біздің жыл сайын атқаратын үйреншікті жұмысымыз. Биыл да бұл іске наурыз айының басынан кірістік. Жерді өңдеп болған соң, шамамен наурыз айының 10-ынан кейін парникке алғашқы тұқымды сепкенбіз. Көшеттер қазір бой алып, өсіп те қалды. Мамырдың орта тұсында көшеттер әбден жетіліп, алқапқа егуге жарап қалады.
Парникке негізінен қызанақтың 10 шақты сорты, оның ішінде, «Волгоград», «Юсуф», «Сұлтан», «Риогранде», «Чири» және «Черный принц», т.б. сапалы әрі мол өнім беретін таңдаулы сұрыптардың тұқымы егіліп, бапталады. Ал қырыққабаттың «Бухарест», «Ринда» және ақ бас қырыққабат («Белый кочан») сұрыптары егілген. Бұлар негізінен голландтық сапалы қырыққабат тұқымдары саналады. Көшеттің сапалы әрі мол болуы, біріншіден, парникке егілетін тұқымдық материалдың сапасына байланысты. Қырыққабат тұқымын үлкен қалалардағы арнайы дүкендерден таңдап сатып аламыз. Ал, қызанақтың тұқымы негізінен өзімізде дайындалады. Ол үшін күзде әбден толысып піскен әртүрлі сортты қызанақтың дәндері қолмен алынып, салқын әрі құрғақ орында кептіріледі. Өз тұқымынан өндірілген көшет жақсы болады, өну және мол өнім беру жағынан алғанда да, өте сенімді.
Көшет өндіру – оңай жұмыс емес. Оған жас сәбиге қарағандай күтім жасамасаң, еңбегіңнің барлығы зая кетеді. Оны күннің ыстығынан және суықтан қорғау қажет. Ол үшін күндіз парниктің беті қалың клеенкадан ашылып, кеш бата қайта жабылады. Бұл жас көшеттің суықтан үсіп кетпеуі үшін жасалады. Көшет бой алып өсе бастаған кезде арасында арамшөптер де көбейеді. Оны қолмен біртіндеп жұлу қажет. Абайламаса, шөппен бірге жас көшеттер де жұлынып кетуі мүмкін. Сондықтан, мұндай жұмыстардың барлығы адам қолымен мұқият атқарылады,- дейді тәжірибелі диқан.
Мүсілім Өтенов жұбайы Умида апай екеуі есік алдындағы шағын ғана үй іргелік жерлеріне жыл сайын 10-15-ке дейін парник егіп, көкөніс көшеттерін молынан өндіреді. Әр парниктің аумағы әжептеуір. Оның ені екі метр болса, ұзындығы 10 метрді құрайды. Көшет дәндері топыраққа түсіп, сабағы бой алып шыға бастағаннан кейін парниктің үсті қалың клеенка материалмен жабылады. Ары қарай күнделікті күтім жасалады. Көшетті күнара суғарып отыру да маңызды. Күтіп-баптау, суғару, бетін ашып-жабу жұмыстары уақтылы атқарылғанда ғана соған сәйкес, жұмыс та нәтижелі болмақ. Біз диқанның ауласына кіргенімізде, отбасы мүшелері көшеттің арасын арамшөптен тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр екен. Олар жұмыс атқара жүріп, бір жағынан бізбен сөйлесуге де уақыт тапты. Бір сөзбен айтқанда, жергілікті диқандар уақытты тиімді пайдалануға тырысады. Өйтпесе, тағы болмайды. Көшеттің өсіп-өнуі оның күтіп-баптау жұмыстарына тікелей байланысты екені айтпаса да түсінікті.
Нұрлыкент ауылындағы Өтеновтар әулетін ауылдастары диқаншылықты кәсіп еткен еңбексүйгіш, сол арқылы ауыл-аймаққа үлгі-өнеге болған қарапайым шаруа жандар ретінде жақсы таныса керек. Олай болатыны, әулеттің мүшелері «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара отырып, аудан аумағын басып өтетін «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» автокөлік дәлізінің бойындағы (Б.Момышұлы ауылының тұсы) 15 гектар егістік алқапты шаруадан жалға алып, онда көп жылдан бері қырыққабат, тағы да басқа көкөніс дақылдарын егіп баптап, оны отандық нарыққа қолжетімді бағада өткеріп келеді. Ол үшін ағайынды Өтеновтар күш біріктіру арқылы әрқайсысы, 2-4 гектардан қырыққабат егеді. Оған өздері күтім жасап, өнімін алғанша тынбай еңбек етеді. Ағайынды азаматтардың ортаншы ұлы Мүсілім Әбдірайымұлы да жыл сайын екі гектар қырыққабат алқабын баптауды дәстүрге айналдырғанын айтады.
-Осында тұрып жатқанымызға 30 жылға жуық уақыт болса, оның 25 жылында отбасымен бірге диқаншылықты тұрақты түрде кәсіп етіп келе жатырмыз. Биыл міне, парникте өндірілген қырыққабат көшетін шамамен 15-20 күннен кейін алқапқа жекелеп қондырамыз. Көшет егілгеннен кейін ары қарай күтіп-баптау, суғару жұмыстары басталады. Жылда атқаратын негізгі жұмыс осы. Күнделікті күнкөрісімізді де, отбасылық табысты да осы қасиетті қара жерден, диқаншылық кәсібінен айырып отырмыз. Денің сау болса, қимылдап еңбек еткенге ештеңе жетпейді. Бұған да шүкір, отбасымыз аман, бауырымыз бүтін. Балаларды да осы кәсіппен асырап, жеткізудеміз. Ең бастысы, балаларымыз еңбекке тәрбиеленуде,- дейді Мүсілім Өтенов.
***
Нұрлыкент ауылын – диқандардың, еңбексүйгіш азаматтардың ауылы деп бекер айтып отырғанымызды сезіп отырған шығарсыз?!. Ауылдағы әрбір көшені аралап жүрсеңіз, әрбір екінші үйдің шарбағында отбасы мүшелерімен бірге парник егіп, көкөніс көшетін бастау жұмыстарын атқарып жатқан адамдарды анық байқайсың. Мұнда әрбір екінші үйде парник егіледі. Ауылдағы еңбекқор азаматтардың қатарында тұрғындар Серік Бекенов және Нұрғали Әжіқұловтың отбасылары бар. Олар да өз алдарына шағын ғана үй іргелік жерлеріне 10 парникке дейін тұқым егіп, көкөніс көшетін өсіреді. Шамамен бір парникте 5 мың данаға дейін көшет өнетін болса, бұл әжептеуір көрсеткіш.
Ерлі-зайыптылар Серік пен Әлияның бұл кәсіппен айналысқанына алты жыл болған екен. Олар есік алдындағы бау-бақшалық жерге биыл жеті парник егіп, онда негізінен қырыққабат көшетін өндіруде. Олар үйде өндірілген көшеттерді ауыл сыртындағы үш гектар алқапқа отырғызып, оны жаз бойы баптауды дәстүрге айналдырған.
-Жуалы жерінде негізінен қырыққабаттың «Бухарест» және «Ринда» аталатын сұрыптары ғана жақсы жерсініп, мол өнім береді. Бұл – дәстүрлі тұқым түрлері. Бұл екі тұқым да басқаларға қарағанда, ерте пісіп-жетіледі. Топырақтың қасиеттілігі шығар, жергілікті жерде өндірілген қырыққабатқа еліміздің барлық аймағынан сұраныс өте жоғары. Сондықтан біз де жыл сайын алқап көлемін ұлғайтуға тырысамыз. Бірақ егістік алқаптың көлемі шектеулі. Оның үстіне, қырыққабат егетін егістік жерді ауылдастардан жалға аламыз. Өз жеріміз болмағандықтан, амал жоқ. Әйтпесе, бұл дақылдың түрін молынан өсіруге мүмкіндігіміз бар. Былтыр қырыққабатқа баға жақсы болды. Бұл – біз сияқты шағын шаруаларға үлкен көмек,- дейді отанасы Әлия.
***
Нұрлыкент ауылында дәстүрлі қырыққабат дақылын баптаумен тұрақты айналысатын Нұрғали Әжіқұловтың да диқаншылық кәсібінде көп жылдық тәжірибесі бар. Олар да ағайынды азаматтармен бірлесіп жыл сайын ауыл маңындағы 7-8 гектар алқапқа қырыққабат өсіретінін айтады. Қайсыбір дақылдың көшеттен өсіп, өнім беретінін ескерсек, алқапқа қондырылатын қырыққабат көшеттері ең алдымен есік алдындағы парниктерде егіліп, бапталады. Нұрғалидың да отбасы биыл үй іргесіндегі шағын бау-бақшалық жерге парник жасап, онда қырыққабат көшетін егіп, баптауда. Диқанның айтуынша, тұқым сәуір айынның басында себілген екен.
-Қырыққабат көшеті 40 күнде толық жетіледі. Одан кейін ғана алқапқа қондыруға болады. Диқандардың тілімен айтқанда, көшет осы уақыт аралығында пісіп-жетіледі. Көшетті одан ертерек жұлуға болмайды. Өйткені, толық жетілмегеннен кейін сабағы да сынғыш келеді,- дейді ол.
«Бухарест» деп аталатын қырыққабат көшеті алқапқа қондырылғаннан кейін 85-90 күннің аралығында толықтай өнім бере бастайтын көрінеді. Ол үшін әрине, дақылдың бабын келістіріп, оған тиісті күтім жасау қажет.
Диқаншылық – табысы мол кәсіптің түрі. Ауызбен айтуға оңай болғанымен, бұл кәсіп – адамнан үздіксіз еңбекті, ізденісті және қол күші мен маңдай терді төгуді қажет ететінін жақсы білеміз. Ерінбеген жан ғана диқан бола алады. Қандай кәсіптің түрі болсын, маңдай тердің өтелгені жақсы.
Осы тұста диқандарға қатысты әрі көп жылдан бері түйіні тарқамай келе жатқан бір мәселе бар. Мұны ауылда парникте көшет өндіретін диқандардың ортақ мәселесі деуге болады. Аулада өндірілген көкөніс көшеттері негізінен аудан орталығындағы базарда саудаланатыны белгілі. Ол үшін базар аймағында белгіленген арнайы орын жоқ. Көшет сатушылар базар аймағындағы әр дүкеннің алдында отырып, «жасырынып» сауда жасауға мәжбүр.
-Белгілі орын болмаған соң, ауылдың учаскелік полиция инспекторлары да көшет саудасына кедергісін келтіруде. Біз ешкіммен бәсекелес емеспіз. Базардағы көкөніс сатушылар осылай ойлауы мүмкін. Көшет саудасы небәрі 15-20 күнге ғана созылады. Сол аралықта сауда-саттық жасауға мүмкіндік беріліп, жағдай жасалса екен деген тілегіміз бар. Жергілікті атқарушы биліктің өкілдері немесе ауыл әкімшілігі диқандардың осы мәселесін оң шешіп берсе, дұрыс болар еді,- дейді нұрлыкенттік диқандар.
Шынында, көшет өндіру үлкен еңбекті, уақыт пен күшті талап ететін жұмыстың бірі. Бұл – бір жағынан диқандардың отбасы үшін науқандық табыстың көзі. Ал, өңірде көшет өндірісін ұлғайтып, онымен аудан тұрғындарын қамтып отырған диқандардың көшет сатуына кедергі келтірудің орнына Б.Момышұлы ауылының әкімшілігі немесе базар басшылары оларға арнайы орын қарастыру қажет деп санаймыз. Себебі, мұның азық-түлік қауіпсіздігіне және өңірдегі баға тұрақтылығына да тікелей әсері бар. Көкөніс көшеті саудасының уақытша екенін ескерсек, оны молынан өндіруге күш салған еңбекқор азаматтарға мүмкіндік берудің маңызы зор.
Қазір қай өңірде де азық-түлік бағасының шарықтап тұрғанын ескерсек, күзде баға одан сайын көтеріледі. Ал, ауыл тұрғындары күздік өнімнің қамын қазірден бастап жасаса, өнім де мол, баға да тұрақты болмақ. Бұл – мәселені қарапайым тұрғыннан бастап ауданның ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік салаларына жауапты басшылары терең ескергендері абзал. Азық-түлік қауіпсіздігі – стратегиялық мәселе. Осы ретте, жергілікті диқандардың жұмысын қолдап, күзде өнімді лайықты бағаға өткеру ісін де жүйелі жолға қоятын уақыт әбден жетті…
«Көрген көз бен естіген құлақта жазық жоқ» әрине. Біз көзбен көріп, көкірекпен түйсінгенді ғана қағазға түсіріп отырмыз. Азық-түлік қауіпсіздігі және халықты сапалы өнімдермен қамту – стратегиялық тұрғыдан алғанда, маңызға ие. Мәселені ары қарай зерттеп зерделеп, одан оңтайлы шешім шығару – салаға жауаптылардың тікелей міндеті!!!
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»