Basty bet
Басты міндетіміз – мемлекетке адал қызмет ету
Мемлекеттің өркендеуі, халықтың әл-ауқатының артуы, қоғамның кез келген саласының дамуы – бірінші кезекте мемлекеттік қызметкердің еңбегіне тікелей байланысты. Дамыған елдердің тәжірибесі елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда мемлекеттік аппараттың кадрлық мүмкіндігі аса маңызды екендігін көрсетіп отыр.
Бүгінгі таңда елімізде мемлекеттік қызмет жүйесі толығымен жаңартылып, жаңа заманның ағымына орай реформалану үстінде. Қандай да бір қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуында мемлекеттік қызметтің алатын орны ерекше. Қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге негіз қалайтын «100 нақты қадам» жоспарының «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» бөліміне 15 қадамның енгізілуі мемлекеттік қызметтің маңыздылығын көрсетіп беріп отыр.
Бүгінде қоғамда болып жатқан өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін жаңаша ұйымдастыру қажет екендігін ұғындырып отыр. Осыған орай, мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жауапкершілігі және қызметтік әдеп мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 22 ақпандағы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің жаңа редакциясы бекітілді.
Жаңа Әдеп кодексі қызметтік әдеп стандарттарын белгілейді және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға негіз болып табылады.
Мемлекеттік қызметшілер – билік пен қарапайым бұқара халықтың арасын жалғайтын алтын көпір іспеттес. Мемлекеттік қызметшілердің ең басты міндеті – халыққа адал қызмет ету. Әрбір мемлекеттік қызметші осы қағиданы еш уақытта ұмытпауы тиіс. Халыққа жақын болып, кез келген жағдайда кәсіби және әділ маман болулары қажет. Олар елдің мүддесін бірінші орынға қоятын, тез әрі дұрыс шешім қабылдай алуы міндетті. Себебі, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығы тікелей мемлекеттік қызметке байланысты.
Нақты айтатын болсақ, ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – жауапты міндет. Өйткені, ол қай кезде де биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін көрсетеді.
Қазіргідей күрделі кезеңде мемлекет алдында тұрған өзекті шараларды жүзеге асыратын мемлекеттік қызметшілер екендігін ескерсек, бұл тұрғыда мемлекеттік қызметшілер басқаларға өзінің ісімен, білім-білігімен, тәжірибесімен ғана емес, әділдігімен, қарапайымдылығымен, сабырлығымен, отансүйгіштігімен, қызметте қажыр-қайратымен және кез-келген ортада үлгі болуы керек.
Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс барысындағы басты құралы болып табылатын жаңа Әдеп жөніндегі кодексі. Бұл – жауапкершілік жүгін арттыратын, талаптар ауқымын белгілейтін маңызды құжат. Ол мемлекеттік қызметшілердің моральдық-этикалық келбетін ғана емес, сондай-ақ олардың өзін-өзі ұстау мәнерінің базалық стандарттарын бекітеді. Мемлекеттік қызметшілер өздерінің күнделікті жұмысында қарапайымдылық, әділдік, адалдық, сатылмаушылық сияқты принциптерді ұстану керектігі басты орында тұрады. Сондықтан мемлекет сенімінінің үдесінен шығып, мемлекетке адал қызмет ету басты мақсатқа айналуы тиіс.
Қызмет орнында өзін-өзін ұстай білу, сыртқы бейнесі мен киім үлгісі тәртіпке сай болуын қадағалау, қимыл-әрекеттерін әңгіме кезінде қолдана білу анық әрі түсінікті жүйелі түрде сөйлей білу – осылардың барлығы қызметкердің кәсіби этикалық құндылықтарына және жалпы қабылданған этика жүйелеріне жатады.
Мемлекетке қызмет ету – қоғам мен мемлекеттің тарапынан ерекше сенімге иелену, моральдық-әдептілік талапқа сай келіп, еліміздің жарқын келешегін түзуге бар күш-жігерді жұмсау. Лайым осы бағытта аянбай, еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалының жақсаруына үлес қосайық!
Ержан НЫСАНОВ,
аудандық қазынашылық басқармасы
басшысының орынбасары