Basty bet

«Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш…»

«ҚХА-2022 үздік медиаторы» облыстық байқауы үздіктерді анықтады

«Би екеу болса, дау төртеу болады» дейді қазақ атамыз. Заманның талап-тілегіне сәйкес, қазіргі таңда ел ішіндегі дау-жанжалдарды, оның ішінде, отбасылық дауларды, азаматтар арасында күнделікті туындап жататын түсініспеушілік пен келіспеушіліктерді дабыраға айналдырмай, сотқа жеткізбей шешу ісінде медиация тәртібінің рөлі зор деуге болады. Олай болатыны, қазір осындай медиация тәртібімен талай дау-жанжалдар сотқа жетпей, өз шешімін табу үстінде. Бұл ретте араздасқан қос тарапты өзара ымыраға келтіріп, бітістіру ісінде билердің қызметін ерекше атап өткеніміз жөн.

Жалпы қазақ қоғамында медиация терминінің мазмұны біздің халқымызға ежелден таныс ұғым. «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген ұстаныммен өмір сүрген дана халқымыз аталы сөзге тоқтауды білген. Дала заңы бойынша қазақ атамыз әдемі сөзге емес, әділ сөзге тоқтағанын біз төл тарихымыздан жақсы білеміз. Қара қылды қақ жарып, әділдігін айтатын билердің көмегімен ел бірлігін сақтап, дауласушы тараптарды мәмілеге келтіру – ата-бабаларымыздың ертеден келе жатқан дәстүрі. Олар «араағайындық», «бітімгер», «мәміле» және т.б. терминдерді көбіне-көп қолданған. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қағиданы берік ұстанған билердің мәртебесі жоғары болып, елдің бірлігін, жердің тұтастығын сақтауға ықпал еткен. Міне, халықтық дәстүрдің жұрнағы ел ішінде әлі де сақталып келеді.
Медиация жолымен дауды шешіп, қоғамның тыныштығы мен ел мен жердің тұтастығын сақтауды мақсат еткен жұмыстар қасиетті Әулиеата өңірінде де жүйелі түрде қолға алынып отыр. Бұл ретте біз қоғамдағы билер институты жұмысының дамуына өзіндік зор үлестерін қосып келе жатқан Жуалы аудандық «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның аудандық филиалының жанынан құрылған Билер кеңесінің жүйелі жұмысын ерекше атап өткен жөн. Бұрынғы әділ билердің заңды жалғасы біздің өңірде де бар. Олар көбінесе дау-жанжалдарды әділ әрі екі тарапқа да тиімді шешуге күш салуда.
Ағымдағы жылдың 25 қарашасында облыс орталығы Тараз қаласындағы «Достық» үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясын дамыту тұжырымдамасын іске асыру мақсатында «2022 жылғы ҚХА үздік медиаторы» облыстық байқауының қорытындысы бойынша салтанатты марапаттау рәсімі өткен болатын.
Конкурс медиация институтын насихаттау және дамыту, қоғамдық келісім және жалпыұлттық келісім саласындағы дауларды реттеу бойынша қызметтер көрсететін ҚХА Қоғамдық медиаторларын анықтау және көтермелеу мақсатында өткізілгенін айтумыз қажет.
Байқауға Тараз қаласы және Байзақ, Шу, Меркі, Жамбыл және Жуалы аудандарының ҚХА-ның медиаторлары қатысты. Облыс аудандарының арасында Жуалы ауданынан медиатор Шора Ысқақов «Қазақстан халқы Ассамблеясының үздік медиаторы» атанып, арнайы дипломмен марапатталды.
Үздік медиатор аталымымен марапатталған азаматтарды Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесі басшысының орынбасары Сәуле Құрманқұлова марапаттап, Жамбыл облысындағы медиация институтының дамуына қосқан белсенді үлестері үшін барлық қатысушыларға алғысын білдіре отырып, оларға амандық пен табыс тіледі. Жүзден жүйрік шыққан медиаторларға қаржылай сыйлықтың сертификаттары табысталды.

Билер кеңесі – халық соты
Елімізде кейінгі жылдары Билер кеңесі институтының қайта өмірге келіп, аталған қоғамдық институттың жаңа заманға сай лайықталуы мен қайта жаңғырудың жолына түсуі бейбітшілік пен тыныштықты дәріптеген біздің халқымыз, жалпы қоғам үшін де үлкен қуанышты оқиға болғаны рас. Тап осы институттарды жандандыру мақсатындағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да өзіндік тұжырымдары бұл істің алға жылжуына ұйытқы болып отырғанын баса айтуға тиіспіз.
Осы ретте, 2018 жылдың 22-ші қарашасында Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрамы 7 адамнан тұратын Билер кеңесі құрылған болатын. Ал, 2019 жылдың басынан бері облыстағы 10 аудан және облысымыздың орталығы Тараз қаласында құрамы 5 адамнан, 156 ауылдық округте құрамы 3 адамнан тұратын билер кеңестері құрылып, осы бағыттағы жұмыстар жедел қолға алына бастады. Қазіргі таңда облыстағы билердің құрамы негізінен ел ішінде абырой-беделі бар, ақыл мен парасаты жетерлік, сонымен қатар, өмірлік тәжірибелері мол тұлғалардан жасақталған.
Облыс аумағындағы билер кеңестерінің тұщымды жұмыстары туралы мысалдарды көптеп келтіруге болады. Ежелден билеріміз ердің құнын бір ауыз сөзбен шеше білген. Сондай-ақ жер мен жесір дауын да ағайын арасынан сыртқа шығармай, ақылдаса отырып шешіп келген халықтың өкілі екенімізді мақтан тұтуға тиіспіз. Сол кезде қазақ сахарасында ақсақалдар мен билердің де институты жұмыс істегенін білеміз. Ел үлкеннің сөзіне тоқтаған. Қандай да бір түйіні қиын, шешімі күрделі мәселені көргені мол, кемеңгер билеріміз бір ауыз сөзбен түйіндеп, тұтас бір елдің, жалпы қазақтың бірлік-берекесін сақтап отырғаны белгілі.
Сол үрдіс бүгінде де сабақтастығын тауып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Қаймағы бұзылмаған ауылдарда әулеттің үлкеніне бағыну, ауылдың ақсақалы айтқан шешімге бас ұру үрдісі ішінара болса да ел ішінде сақталған. Ал бүгінгі таңда араздасқан ағайынды, ажырасқан жастарды қариялар, аузы дуалы ақсақалдар мен билер ара түсіп, татуластырып, табыстырып жатса, сауапты іс емес пе? Әрі десе, бұл үлкен тәлім-тәрбиенің қайнар көзі.
Аудандық билер кеңесінің құрылып, жүйелі жұмыс істеуіне үлес қосқан қариялардың қатарында Аманжол қажы Дүрәліұлы және Сағындық Тоқбергенов сияқты ел ішінде абырой-беделге ие бірегей азаматтардың еңбегін атап өткен жөн. Олар өз кезегінде қоғамдық жұмысты жолға қоюмен қатар, билер кеңесін өңірдегі беделді ұйымға айналдыра білді.
Бұл ретте Б.Момышұлы ауылы ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған билер кеңесінің төрағасы, медиатор Шора Ысқақовтың да билер кеңесі институтының жұмысын әрі қарай дамытуға байланысты айтар өз пікірі бар.
-Ағайын арасын жарастыру, ел ішіндегі дау-дамайларды ешбір дабырасыз шешуге бағытталған жұмыстар біздің қазақ қоғамында кеше немесе бүгін басталған жұмыс емес. Мұндай беделді қоғамдық институт бұрыннан қалыптасқан. Қазір де жұмыс жемісті істеуде. Бұған тарихымызда мысалдар мен нақты оқиғалар жетіп-артылады. Бұл бағытта бізге ешбір жаңалық ашудың қажеті жоқ. Тек ердің құнын екі-ақ ауыз сөзбен шешіп, қара қылды қақ жарып, дауды әділ шешкен дана бабаларымыздың дәстүрін жалғастырсақ, болғаны.
Қарап отырсаңыз, қай кезеңде де ел іші дау-жанжалсыз болмағаны белгілі. Қоғамды ірілі-ұсақты даулар, ағайын, көрші, туысқан, тіпті, ерлі-зайыптылар арасындағы келіспеушіліктерді бітістіру – қазіргі билердің басты мақсаты. Қандай жағдайда да дабыраға барудың қажеті жоқ. «Жабулы қазанның сол күйі жабылғанын» қалайтын болсақ, қай істе де әділдікке, ар сотына жүгінгеніміз жөн.
Жалпы, біз ең алдымен отбасындағы, ағайын, көрші-қолаң, жас-жұбайлар арасындағы ұсақ-түйек дау-дамайлардың барлығын сот отырысында шешіп қана қоймай, билердің, ақсақалдардың араласуымен де шешуге күш салғанымыз әлдеқайда дұрыс болмақ. Біздің мақсат – тараптарды араздастыру емес, мейлінше табыстырып, жастардың отбасын сақтап қалуына, бауырлар арасының суып кетпеуіне күш салу.
Осы ретте Б.Момышұлы ауылы ардагерлер кеңесінің жанындағы билер кеңесінің жұмысына аз-кем тоқталар болсам, Билер кеңесі институты құрылғаннан бастап, аудандық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған билер кеңесінің, оның ішінде, ауылдық билер кеңесінің жұмысына белсенді араласып келемін. 2022 жылдың ақпан айынан бері Б.Момышұлы ауылы ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған билер кеңесінің төрағасы, бітімгер ретінде қызмет атқарудамын.
2019 жылы алты іс қаралса, 2020 жылы 22 іс, 2021 жылы менің қатысуыммен барлығы 26 іс қаралды. Ал 2022 жылдың 11 айында Бауыржан Момышұлы ауылында барлығы 48 іс қаралды. Оның ішінде, ауыр емес қылмыс жасағандарға қатысты, отбасылық дау-жанжалдар және жер дауы, қарызды өндіру сияқты істер бар,- дейді ауылдық билеп кеңесінің төрағасы Шора Ысқақов.
Жуалы аудандық «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның аудандық филиалының жанынан құрылған Билер кеңесінің төрағасы Мұратқали Рахметовтың айтуынша, 2022 жылдың 11 айының қорытындысымен сотқа дейінгі және сот процесі кезінде барлығы 150-ден аса іс қаралған.
Жамбыл облыстық билер кеңесінің алқа мәжілісінде Жуалы ауданының Б.Момышұлы ауылы ардагерлер кеңесінің жанындағы билер кеңесінің 2019-2021 жылдары атқарған жұмыстарының есебі туралы баяндалған болатын. Облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов ауыл билерінің қатысуымен атқарған жұмыстарды қанағаттанарлық деп бағалағанын айта кетуді қажет деп таптық. Одан бөлек, аудандық билер кеңесінің жүйелі жұмыс атқаруына байланысты биыл аудан билерінің жұмыс тәжірибелері облыстың басқа аудандарына үлгі ретінде таратылды. Бір сөзбен айтқанда, 11 айдың қорытындысымен өңірдегі билер кеңесінің жұмысы облыс көлемінде бірінші орында тұр. Жылдың соңында да билер кеңесі осы жоғары көрсеткішті сақтап қалады деген сенім бар.
Өңір билерінің ынтымақ пен бірлікті, тұрғындар арасындағы ауызбіршілікті сақтаудағы атқаратын рөлі туралы айттық. Қазіргі таңда аудандық билер кеңесінің мүшелігінде барлығы 41 би жұмыс істеуде. Бұл ретте аудан орталығы мен жекелеген ауылдық округтер болмаса, қалғандары дау-жанжалдарды медиация тәртібімен шешу ісіне белсене араласып отырған жоқ. Сонда оларға ел ішінің дау-жанжалдардан тыныш болып, халық ауызбіршілігінің артуы толғандырмай ма? Сөз реті келгенде осы мәселені де билердің назарына тағы бір салғымыз келеді. Билердің негізгі міндеті дау-жанжалдарды бейбіт жолмен бітістіру болса, екіншіден олар елдің ынтымағын сақтап, жастардың тәрбиесіне де белсене араласулары қажет.
Билер кеңесін – халық соты деп бағалауға әбден лайық. Олар Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңының аясында жұмыс істеп, көршілер мен ағайын, достар мен әріптестер арасындағы, тіпті, ата-аналардың балаларына қатысты даулы мәселелердің де бейбіт жолмен шешілуіне қол жеткізуде.
Біздіңше, дауларды шешудің балама әдістерін халқымызға насихаттаудың, қоғамда оны тиімді үрдіс ретінде қалыптастырудың және осы мақсатқа жету жолында зиялы қауымның ақыл-кеңестеріне ден қоюдың үлкен мәні бар. Бұл ретте, біріншіден, дау-дамайлар соттың араласуынсыз жылдам шешіледі. Екіншіден, уақыт пен қаржы шығыны үнемделеді. Үшіншіден, әрқилы деңгейдегі соттардың жүктемесі азайтылады. Төртіншіден, баламалы әдістерді қолданудың нәтижесінде қоғамда азаматтардың және заңды тұлғалардың ара-қатынасында ауызбіршілік сақталады.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close