Basty bet
Отбасы – отан тірегі, қоғам жүрегі
Қыркүйектің екінші жексенбісінде елімізде Отбасы күні мерекесі аталып өтеді. Отбасы – адамзат баласының дүниеге шыр етіп келгенде, есігін айқара ашып енетін үйі, өсіп ержететін, тәрбие алатын аса қасиетті алтын бесігі. Қай уақытта болсын, отбасының адамзат ұрпағына ықпалын өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды. «Отан – қуат, отбасы – шуақ» деп білетін ұлтымыз отбасының тыныштығы мен құндылығын бірінші орынға қойған.
Осыған байланысты, Отбасы күніне орай аудандық «Отбасын қолдау орталығы» мекемесі және аудандық АХАЖ бөлімінің ұйымдастыруымен «Болашаққа бірге қадам» атты іс-шара ұйымдастырылды.
Шараның мақсаты – жастарға отбасын құру алдындағы жауапкершілік жүгін сезініп, өмірілік серігін таңдаудағы маңызды құндылықтар туралы және болашақ ата-ана болуға саналы әрі жауапты көзқарас қалыптастыру. Одан бөлек, ата-ананың мейірімі, бауырлардың ынтымағы, үлкенге құрмет, кішіге ізет сияқты асыл қасиеттер дәл осы отбасында қалыптасатынын жас ұрпаққа жеткізу.
Мерекелік басқосуда ауданның жастары, яғни, жас отбасылар, атап айтсақ, Ғабит Байділдаев және Алина Жусупова, Мадияр Мейірбекұлы мен Әнел Исабековаға аудандық АХАЖ бөлімінің басшысы Ахан Рымтай ресми түрде неке куәліктерін табыстады.
Әрі қарай жас жұбайларға отбасын құру мен ата-ана болуда саналы қадамдар жасауда «Отбасын қолдау орталығының» директоры Жамиля Калимбетова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев, аудандық сот төрағасы Бабырхан Абуев, аналар алқасының төрайымы Бақыткүл Қанаева, аудандық АХАЖ бөлімінің басшысы Ахан Рымтай, аудандық билер кеңесінің төрағасы Мұхидин Нұрпейісов, медиатор Раушан Алиева және үлгілі жас отбасы Ернар Русланұлы мен Ақбота Моматай өз тәжірибелерімен бөлісіп, олар отбасылық құндылықтарды ұлықтауға ерекше мән беріп келеді. Президенттің бастамасымен жүргізіліп жатқан әлеуметтік саясат – отбасы институтын нығайтуға, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдауға бағытталғанын жеткізді.
Одан бөлек, отбасы күні – тек мерекелік күн ғана емес, бұл – әр адам өз отбасын мақтанышпен еске алатын, ата-анасына алғыс білдіріп, жақындарына мейіріммен қарайтын шуақты мереке. Бұл күні ата-аналар мен балалар, әже мен ата, немерелер бір дастарқан басында бас қосып, бір-біріне деген сыйластықты арттыра түсетінін де жеткізді.
Кеште аудандық «Достық» мәдениет үйінің әншісі Назерке Ахмет жас жұбайларға арнап «Әйел бақыты» әнін тарту етті.
Сонымен қатар, жас-жұбайларға арналған бір-бірін қаншалықты түсінетінін, тындайтынын және сезінетінін анықтау мен өзара жақындықты арттыру мақсатында психолог Айгүл Дәрібаева психологиялық ойындар ұйымдастырды.
Іс-шараны ауданға үлгілі отбасы ретінде танылған, үйде үлгілі келін Ақбота Моматай «Ризамын саған!» әнімен қорытындылады.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»