Basty bet

Мәдениет ошағы – ауылдың рухани айнасы

Жақында киелі Түркістан қаласының төрінде Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы өтті. “Әділетті Қазақстан – Адал азамат” тақырыбына арналған жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық бірегейлігімізді нығайту, елімізде жаңа құндылықтарды орнықтыру жөніндегі ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды.

Жиында құрылтай мүшелері, белгілі қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері де сөз сөйлеп, маңызды мәселелерді көтерді. Көтерілген тақырыптардың бірі – мәдениет саласына қатысты. Атап айтқанда, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Азамат Сатыбалды Алматы мен Шымкент арасындағы автожол өте жоғары деңгейде салынғанын, ол – біздің экономикамыздың көрсеткіші екенін, алайда сол жолдың шетінде шашылып жатқан қоқыс біздің мәдениетіміздің көрсеткіші екенін айтты. Яғни, мәдениет пен экономика құстың қос қанатындай қатар жүруі керектігін, мәдениеттің тамыры таралмаған сала болмауы қажеттігін айта келіп, кейбір ауылдардағы мәдениет үйлері жабық тұратынын, формальды түрде жұмыс жасайтынын, ол тек қана сол ауыл, аудан әкімдерінің жиналыс өткізетін жері екеніне өкінішін білдірді.
“Мәдениет үйлерінің жұмысын жандандыруды, іске қосуды ұсынамын. Бізде Мәдениет үйі тек концерт қоятын орын деген қасаң түсінік бар. Ол жерде ұрпақ тәрбиесіне септігі тиетін үйірмелер жұмыс істеуге тиіс. Мәдениетті ауылдан бастау керек”,- деді Азамат Сатыбалды. Бұл мәселе шын мәнінде бар. Әрине, жұмысына жауапкершілікпен қарайтын, өзінің ісін жақсы көретін мамандар да жоқ емес. Алайда, ауылдарға іссапарға барғанда ел-жұртпен әңгіме барысында мәдениет үйінің жұмысына қарны ашатын тұрғындардың көп екені жасырын емес. Көбі есеп үшін жұмыс істейді. Дегенмен жоқтан бар жасап, жұмысын жақсы көріп атқаратын мамандар да жоқ емес. Мәселен, Билікөл ауылдық округіндегі Қарабастау ауылдық мәдениет үйінің мамандары туралы ауылдықтар жақсы пікірде.
Ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Салтанат Иманбаева. Аталған мәдениет нысанында жеті кісі қызмет етеді. Оның үшеуі мәдени қызметкер. Атап айтқанда үйірме жетекшісі Лала Нүрпейісовамен ұйымдастырушы Айнұр Адинова.
Мәдениет шаңырағы 2010 жылы күрделі жөндеуден өткен. Бүгінгі таңда ағымдағы жөндеуге сұраныс жасалуда. Шынында мәдениет үйі біраз жөндеуді қажет етіп тұр. Мәдениет үйі қатты отынмен жылытылады.
Іс-шаралар қыста кіші залда ұйымдастырылса, жазда ауылдағы сахнада өткізілуде.
Мәдениет үйінің мамандарының айтуынша төрт үйірме жұмыс істеуде. Олар: “Тұмар” көркем сөз оқу, “Гүлдер” би, “Ақтоты” домбырашылар”, “Шебер қолдар” үйірмесі.
-Мәдениет үйінде ауыл тұрғындарының атсалысуымен үлкен маңызды шаралар ұйымдастырылып тұрады. Мысалы, 5 мамыр күні “Ауылымның көркіне өнері сай”, “9 мамыр күні “Біз Жеңістің ұрпақтарымыз!” атты шаралар өтті. Ұлы Жеңіс күніне орай ұйымдастырылған шараға ауылымыздың мақтанышы Миразовтар келіп қатысты.
Халықаралық әйелдер күніне орай ұйымдастырылған “Келіні жақсы үйдің – керегесі алтын” келіндер сынына да ауыл келіндері ерекше белсенділікпен қатысып, ауылдықтарға тамаша көңіл күй сыйлады.
Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамы да өз деңгейінде өтті.
Балаларды қорғау күніне орай “Өлкемнің гүл жайнаған балғындары” атты шара балалар үшін қызықты болды.
Енді алдағы шараларға тоқталып өтсем, “Су патшалығына саяхат” атты дәстүрлі түрде өткізіп жүрген бұлақ басындағы ойын-сауығымызды ауылдағы жастар асыға күтуде. Одан бөлек ауылдық кітапханамен бірге “Абайды оқы, таңырқа” тағылымдық кеш, Ұлттық домбыра күніне орай “Күй атасы – Құрманғазы”, тағы да басқа іс-шараларымыз бар.
Балалардың жазғы каникулдағы уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатындағы үйірмелер өз жұмысын атқаруда. Алайда көп балалар жан-жаққа қыдырып кетеді. Біз ауылдағы бар балалармен және қонаққа келген балалармен өткізудеміз.
Ауылдық мәдениет үйінде кітапхана да орналасқан. Кітапхана үш бөлімнен тұрады. Яғни балалар бөлімі, абонемент бөлімі және цифрландырылған ақпараттық орталық.
Кітапхананың жалпы кітап қоры – 10 700.
6682 мемлекеттік тілдегі кітаптар бар. Оның 5970-і көркем әдебиет, 1621 кітап балаларға арналған.
Кітапханада кітапханашы Гүлсім Жұмаханова болса, әдіскер болып Салтанат Манат қызмет жасайды.
Кітапхананың жалпы оқырман саны – 181, оның 128-і ересектер болса, қалғаны балалар.
-Кітапхананың тұрақты оқырмандарының ішінде Динара Молдабева, Зура Лухманова, Меруерт Османалиева, Бибісара Дуржанова, Аяжан Мұхамеджан Аяжан, Ақсезім Ермағамбет, Серпер Мамырқұл, Аянат Мамыр, Айшабибі Ағыбайқызы, Айшат Мейірханды ерекше атап өтуге болады.
Оқырмандар тарапынан Әзілхан Нұршайықовтың “Махаббат қызық мол жылдар”, Мағжан Жұмабаевтың “Сен сұлу” кітабы, сонымен бірге педагогикалық, психологиялық, мотивациялық кітаптарға сұраныс көп болады.
Кітапханамызға сонымен бірге “Егемен Қазақстан”, “Ақ жол”, “Знамя труда”, “Ұлан”, “Балдырған” басылымдары келеді.
Кітапханада “Мерей” қызығушылық клубы “Балалы ел – бақытты ел” бағдарламасының негізінде жұмыс істейді. Мәселен, маусым айында мектеп жанындағы лагерьде “Жүректен маржан іздеген”, “Шерхан оқулары”, “Мен жастарға сенемін!” атты шаралар өтті. Енді шілде айында “Ай дидарлы ару Елорда”, “Жол тәртібін білейік, аман-есен жүрейік!” және Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдығына орай танымдық сағат өтетін болады.
Тамыз айында “Абай – дана, Абай – дара қазақта” Абай оқулары, 12 тамыз – Жастар күніне орай “Шын жүректен және іңкәр сезіммен”, Спорт күніне орай “Спорт – денсаулық кепілі” тақырыбында дайжест, ҚР Конституциясы күніне орай “Ата Заңым – айбыным” құқықтық сағат өткізу жоспарлануда,- дейді кітапханашы Гүлсім Жұмаханова.
Аталған ауылдық кітапхана аудандық байқаулараға белсене қатысқаны үшін бірнеше рет аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің және облыстық кітапхана басшылығының Алғысхаты мен Дипломдарымен марапатталған.
Иә, ауылдағы ағайынның көңіл күйін, мәдениетін көтеруде, ішкі мәдени, рухани сұранысын қанағаттандыруда ауылдық мәдениет үйлерінің рөлі үлкен. “Ел іші – өнер кеніші” демекші, елдің ішіндегі өнерлі жандарды тауып, олардың өз өнерін паш етуге, дамытуға көмектесу, олардың жүрегіне жол тауып, оны сахнаға шығаруға мүмкіндік жасау – үлкен жұмыс. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, жастардың кітап оқуға, өнерді сүюге тәрбиелеу мәдениет үйі мен ауылдық кітапхана мамандарының басты міндеті. Сондықтан барша мәдениет үйлерінің мамандарының жұмысына сергектік пен табыс тілейміз!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close