Basty bet
Шақпақатада заманауи футбол алаңы ашылды
Жуалы ауданына қарасты Шақпақата ауылында ерекше қуанышты оқиға орын алды. Ауылдың қақ ортасынан бой көтерген заманауи кіші футбол алаңы салтанатты түрде пайдалануға берілді.
Көптен күткен бұл спорт нысаны ауыл халқының игілігі үшін жасалған маңызды қадам, жастардың саламатты өмір салтына бет бұруына берілген нақты мүмкіндік. Алаң толықтай жасанды төсенішпен жабдықталған, түнгі уақытта ойнауға қолайлы жарық шамдарымен қамтылған. Бұдан былай ауыл балалары мен ересектер кешкі мезгілде де алаңсыз футбол ойнап, денсаулығын шыңдай алады.
Ашылу рәсімінде лентаны Жуалы ауданы әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Керімхан Төреқұлов пен ауыл имамы Пернебек Бердімбетов салтанатты түрде қиды. Елдің ақжарма тілегін арқалап келген бұл қос азамат ауыл жастарының жарқын болашағына жол ашқан жаңа нысанның мән-маңызына ерекше тоқталды. Шақпақ ауылдық округінің әкімі Нұрбақыт Балтабаев пен аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы сөзінде бұл бастаманың ауыл тіршілігіне серпін беретінін, спортты өмір салтына айналдырған ұрпақ тәрбиелеудегі маңызын атап өтті. Салтанатты шарада ауыл имамы Пернебек Көпбосынұлы да сөз алып, көпшілікке ақ батасын беріп, елдің берекесі мен бірлігі үшін тілек тіледі. Алаң құрылысын жүргізген «Сити құрылыс» ЖШС шараға арнайы қатысып, атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Серіктестік өкілі Дастан Мырзатай өз сөзінде: «Бұл алаң — болашақ чемпиондардың алғашқы ізі қалатын қасиетті орын. “Сити құрылыс” компаниясы үшін әрбір жоба жауапкершілік пен сенімнің көрінісі. Біз Шақпақата тұрғындарына тек сапалы емес, ыңғайлы әрі заманауи алаң сыйлауға тырыстық. Жастарымыз осы алаңда өсіп, тек мықты спортшы емес, жігерлі азамат болып жетілсін» деді.
Ауылда көп жылдан бері футболдың дамуына атсалысып жүрген, түрлі деңгейдегі ойындарды ұйымдастырып, ауыл жастарының басын қосып жүрген спорт жанашыры Дулат Жолдасұлы да бұл қуанышты жаңалықты тебірене қабылдады. «Шыны керек, осындай күнді асыға күттік. Жаңа футбол алаңының ашылуы — біз үшін үлкен мереке. Бұрын топырақ алаңда ойнап үйреніп қалған едік, енді осындай әдемі, жасанды төсеніш төселген, жарығы бар заманауи алаңда ойнаймыз дегенге сену қиын. Мұны тек спорт емес, үлкен қамқорлық деп білемін. Осындай игі істер үшін барлық атсалысқандарға ауыл жастары атынан алғысымды айтқым келеді. Бұл алаң бізге шабыт береді, жігер береді. Жастар енді осы жерде өз шеберлігін дамытып, үлкен арманға жол ашады», деп қуанышымен бөлісті.
Алаңның ашылуына орай өткен кіші футбол турнирі ауыл тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлады. Төрт команда сынға түскен жарыс нәтижесінде ардагерлер командасы І орынды, жастар командасы екінші орынды, ал Сағындықов ІІ оқушылары үшінші орын иеленді. Сонымен қатар, жасөспірімдер командасы да өз шеберлігін көрсетіп, көрермен ықыласына бөленіп, турнир соңында үздік ойыншылар арнайы марапаттарға ие болды. Шақпақаталықтар үшін бұл футбол алаңы жай ғана спорт орны емес, бірліктің, дені сау ұрпақ тәрбиелеудің және болашаққа деген сенімнің нышаны болмақ. Ең бастысы, бұл бастама ауыл жастарының арманына айналған жарқын жобалардың бірі ретінде есте қалары анық.
Ақжан Ілиясұлы,
Шақпақата ауылы