Basty bet
Үміт. Сенім. Жауапкершілік
Иә, бүгінгі Құрылтайға депутаттарды сайлау биыл 23 тамызға белгіленген. Сайлау барысында азаматтар өз өкілдерін таңдап, ел болашағына қатысты мәселелерді шешуге атсалысады. Бұл – елдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі. Оған қатысып, дауыс беру әрбір қазақстандықтың парызы.
«Себебі, еліміздің болашағы, кейінгі ұрпақтың жағдайы біз үшін өте маңызды. Құрылтайда көтеріліп жатқан мәселелер халықтың тұрмыс-тіршілігіне, елдің дамуына қатысты. Әсіресе әлеуметтік жағдай, жастардың болашағы, қоғамдағы тұрақтылық сияқты мәселелердің назарда болғаны қуантады. Біз, аға буын өкілдері, еліміздің тыныштығы мен дамуын қалаймыз. Сондықтан осындай қоғамдық жұмыстарға қатысып, өз пікірімізді білдіру арқылы мемлекетіміздің дамуына үлес қосуға тырысамыз. Қабылданған шешімдер халық игілігі үшін жүзеге асады деп сенемін»,- дейді Шақпақ ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Балтабай Көшербаев.
Құрылтайдағы дауыс берудің маңызы – әрбір сайлаушының үнін естуге мүмкіндік береді. Әділ әрі ашық ұйымдастырылған дауыс беру қабылданған шешімдердің сенімділігі мен жауапкершілігін арттырады.
Кез келген мемлекеттің дамуы халықтың белсенділігіне, азаматтардың ел тағдырына деген жауапкершілігіне байланысты. Осындай тарихи сәттерде құрылтай сайлауының маңызы арта түседі. Бұл жай ғана өкілдерді таңдау емес, бұл халықтың өз үнін білдіретін, болашаққа бағыт таңдайтын маңызды қоғамдық шешім.
Құрылтай сайлауы ел азаматтарына өз таңдауын жасап, қоғамның дамуына ықпал ету мүмкіндігін беретін саяси үдеріс. Халықтың сеніміне ие болған өкілдер елдің өзекті мәселелерін көтеріп, жұрттың талап-тілегін жеткізеді. Сондықтан әрбір дауыс ел ертеңіне қосылған үлес, әрбір таңдау мемлекеттің келешегіне әсер ететін қадам.
Қоғамның алдында маңызды міндеттер тұр. Экономикалық даму, әлеуметтік тұрақтылық, ұлттық құндылықтарды сақтау, жастардың болашағын қамтамасыз ету сияқты мәселелер тиімді шешімдерді қажет етеді. Осындай жағдайда құрылтай мүшелерін дұрыс таңдау – үлкен жауапкершілік.
Құрылтай сайлауының мәні тек басқару жүйесін қалыптастырумен шектелмейді. Ол халық пен мемлекет арасындағы сенім көпірін нығайтады. Ашық пікір, әділ таңдау және азаматтардың белсенді қатысуы – өркениетті қоғамның басты белгілерінің бірі.
Тарих көрсеткендей, ел тағдырын шешетін маңызды кезеңдерде халықтың бірлігі мен ортақ мақсатқа ұмтылысы ерекше рөл атқарады. Құрылтай – сол бірліктің көрінісі, халықтың үні естілетін маңызды алаң. Сондықтан сайлауға қатысу – тек құқық қана емес, ел алдындағы азаматтық парыз.
Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»