Basty bet

Кәсіптің көзін тауып, жұмыс істеуде

«Кәсіпке әркімнің-ақ бар таласы» демекші, ересектермен қатар жастардың да кәсіп ашып, дамытып жатқанын қоғам көріп отыр. Талабы таудай жастардың шынымен де алмайттың қамалы болмайды. Тындырымды да тиянақты ісімен саланың дамуына өз үлесін қосып жүрген іскер жастар ауданымызда аз емес. Солардың бірі – Күреңбел ауылының азаматы Мақсат Жаманқұлов.
Ол Күреңбел ауылында туған. Ауылдағы №10 Күреңбел орта мектебін бітіріп, Қарағанды қаласындағы техникалық колледжге шахты мамандығы бойынша оқуға түседі. Шахташы мамандығын алған Мақсат сол жақта әскери борышын өтеп, ауылға қайтады. Ауылға келіп әртүрлі жұмыстар істейді.
-Осыдан бес жыл бұрын бір дос балам Тараз қаласына жұмысқа шақырды. Ол қандай жұмыс деп сұрасам, ақыға ілмелі шар (люстра) орнатамыз деді. Мен өзім жұмыссыз жүргеннен кейін бірден келісе кеттім. Солай екеуміз қалада ілмелі шарға тапсырыс алып, жұмыс істеп жүрдік. Бір жұмыспен жүре беруге болмайды, қандай кәсіпті үйренсек, қайсысы бізге ыңғайлы болады екен деп ойландық. Содан ойлана келіп, керілмелі төбе кәсібін үйрене бастадық. Алғашқыда қиын болды. Көптеген қателер жіберіп отырдық. Бірақ жіберген қателіктен өзіміз сабақ алдық. Келесіде мұндайға жол бермеуге тырысатынбыз,- дейді Мақсат Ермұханұлы.
Қазіргі таңда тұрғындардың дені үйлерін жаңа үлгіде соғып, ішіне соңғы үлгіде әрлеу жұмыстарын жүргізеді. Бірі түрлі-түсті қағаздар жабыстырса, бірі керілмелі төбелер жасатуда. Керілмелі төбені қазіргі таңда барлық үйден көруге болады. Оның түрі көп, шеберлер өз қалауыңыз бойынша жасап береді.
Кейіпкеріміздің айтуынша, олар керілмелі төбені қонымды бағаға жасайды. Бұлар бірінші тапсырыс берушінің үйіне барып үйдің шаршы метрін өлшеп, әрі қарай қандай үлгіде жасау керектігін ақылдасып, сол арқылы материалға Тараз қаласына тапсырыс береді. Кәсіпкердің қолына материал тигенше, ол материал төрт адамның қолынан өтеді екен.
-Біз қазір екі жігіт болып жұмыс жасап жатырмыз. Бізге ауыл, аудан, Тараз қаласының тұрғындары тапсырыс береді. Бір тапсырысты үш күнде аяқтап, үй иесіне тапсырамыз. Әр тапсырыс берушінің талғамы әртүрлі. Керілмелі төбе бағасы басқа үйді төбесін әрлейтін заттарға қарағанда арзандау болады. Тапсырыс беруші дизайнді өзі таңдайды. Біз соған қарай жасап береміз. Керілмелі төбені жабыстырып бергеннен соң, ілмелі шарды қоса іліп береміз. Ілмелі шардың салмағы 3 кг мен 12 кг болу керек. Біз жасаған керілмелі төбеге 10 жылға кепілдік бере аламыз,- дейді Мақсат Жаманқұлов.
Бұл кәсіптің түрі жыл он екі ай жүре береді. Кәсіпкер керілмелі төбе жасаумен тоқтап қалмай, басқа да құрылыс түрлерін үйреніп, кәсібін кеңейтсем деген ойы бар.
Мақсат Жаманқұлов жары Әсел Сейдалиева екеуі үш баланы тәрбиелеуде.
Кәсіпкер кәсібін жаңадан бастайын деп жүрген жастарға өз кеңесін де айтты.
-Қазір кәсіпкерлікпен айналысатын уақыт. Сол үшін жастарға айтарым, қандай кәсіп бастасаңдар да қорықпаңдар. «Тәуекел түбі жел қайық» дегендей, тәуекелге бел буған адам ешқашан ұтылмайды. Қазір қол қусырып отыратын заман емес. Қазіргі заман масылдықты көтермейді. Тірліктің көзін тауып, өз кәсібіңді кеңейтуге мүмкіндік мол,-дейді ол.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close