Basty bet
Мектеп – ауыл айнасы
Қазіргі мектеп ұдайы даму үстінде. Себебі, әрбір елдің болашағы мектебінде шыңдалады. «Бір елдің болашағын көргің келсе, сол елдің жастарын қара» деп ғұламалар айтқандай, еліміздің негізгі тірегі – білімді, білікті жастар. Жас ұрпақтың бойындағы табиғат берген қабілеттерді тани білу, жан-жақты дамыту – бүгінгі күннің басты талабы. Жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру мұғалімнің, жалпы ұжымның бірлесіп жұмыс істеуін талап етеді.
Ауданымыздағы ынтымағы жарасқан, нәтижеге бағытталған білім беру ісінде табысты жұмыс істеп келе жатқан ауыл мектептерінің бірі – Диқан ауылындағы Диқан орта мектебі.
Диқан ауылында 145 аулада 918 тұрғын тұрады. Ынтымағы жарасқан шағын ғана Диқан ауылында биылғы оқу жылында үлкен қуанышты жағдай орын алып отыр. Ол ауыл тұрғындарының көптен күткен қуанышы – жаңа мектептің бой көтеріп, жаңа оқу жылы қарсаңында ашылуы. Ескі, тар мектепте қызмет етіп, білім алған ұстаздар мен оқушылар енді заманауи, зәулім ғимаратта білім алатын болады. Бұл да тәуелсіздігіміздің ауылға берген үлкен сыйы деп білеміз.
Диқан орта мектебінің жаңа ғимараты 180 балаға арналып соғылған. Ғимараттың бас мердігер мекемесі «ҚазМұнайҚұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жалпы бөлінген қаржы мектеп құрылысына 466 млн, сыртқы инженерлік жұмыстарына 199 млн теңге қарастырылған. Сыртқы инженерлік жұмыстарын «Интеллект Азия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде.
Үш қабатты жаңа мектепте 19 оқу кабинеті, химия, биология, физика пәндеріне арналған зертханалық кабинеттер, спортзал, кітапхана, асхана бар. Басқа да жұмыс кабинеттері жеткілікті. Екі лингафонды кабинеті де бар. Жаңа мектеп жаңа жиһаздармен қамтылған.
Мектеп ауласында технология пәніне арналған шеберхана орналасқан. Онда қыздарға тігін тігу кабинеті және тамақ пісіруге арналған кабинеттер, сондай-ақ ұлдарға арналған заманауи құрылғылармен жұмыс істейтін кабинеттер бар. Барлығы қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Мектеп фойелерінде шахмат, тоғызқұмалақ, тағы да басқа баланың ойлау қабілетін дамытатын бұрыштар жабдықталған. Жалпы мектеп іші заман талабына сай безендірілуде. Мектеп сыныптарының жабдықталуына ауылдың белсенді азаматтары да өз үлестерін қосуда.
Бұрын мектепте 56 компьютер болса, енді жаңа мектепке 34 компьютер беріліпті.
Қысқасы, мектепте барлық оқу, жұмыс кабинеттер қажетті құралдармен толық қамтылып отыр.
Мектепте жалпы 36 мұғалім еңбек етеді. Оның жоғары білімдісі – 34, арнаулы орта білімдісі – 2. Ал, санаттарына келсек, педагог шебер – 1, педагог зерттеуші – 14, педагог сарапшы – 7, педагог модератор – 9, санаты жоқтар – 5.
Сынып саны – 15. Жалпы биылғы оқу жылында мектепке 211 оқушы келеді. Оның 19-ы бірінші сынып оқушылары.
Өткен оқу жылы Диқан орта мектебінің ұжымы үшін табысты жыл болды. Атап айтқанда, мектепті жеті түлек бітірсе, жетеуі де жоғары оқу орындарының білім грантына түсті. «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер Сабина Қыдырбай ұстаздарының үмітін ақтап, Ұлттық бірыңғай тестілеуден 114 балл жинап, грантқа оқуға түсті. Сонымен бірге білім ордасының аудандық, облыстық пән олимпиадаларына қатысқан шәкірттері жүлделі орындарды иеленді. Мәселен, аудандық пән олимпиадасында 11 сынып оқушысы Сабина Қыдырбай құқық пәнінен І орынды, 10 сынып оқушылары Айсезім Бекмұхан орыс тілі мен әдебиеті пәнінен І орын, Инабат Сайлау география пәнінен ІІ орын, Алмира Нұрмахан өзін-өзі тану пәнінен ІІ орын, информатика пәнінен ІІІ орын, Жанерке Анарқұл қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен ІІ орын, 9 сынып оқушысы Инабат Әбдірамбек құқық пәнінен ІІІ орынды иеленді. Ал, облыстық пән олимпиадасынан құқық пәнінен Сабина Қыдырбай І орынды, орыс тілі мен әдебиеті пәнінен Айсезім Бекмұхан ІІІ орынды жеңіп алды.
Сонымен бірге түрлі республикалық, халықаралық олимпиадаларда көптеген мектеп оқушылары жеңімпаз болып, мектептің мерейін өсірді. Жалпы мектеп оқушылары үш жыл қатарынан дарынды оқушылардың ғылыми жоба, олимпиада және байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп келеді.
Мектептің өткен оқу жылының қорытындысы бойынша білім сапасы жөнінен, яғни ҰБТ қорытындысымен үздік мектептердің қатарына енуі, пән олимпиадасынан аудан бойынша II орында тұруы әрине мектеп басшысы Молдақұлова Майра Қожахметқызының іскерлігінің, талапшылдығының, біліктілігінің дәлелі.
«Мұғалім – мектептің жүрегі» демекші, бала бойындағы барлық жақсы қасиеттер мұғалімнің жігерге толы қызметінің арқасында ғана жетіледі. Мектепте жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп қан қоймай, жас мамандарға да бағыт-бағдар беріп ұстаздық етіп келе жатқан тәжірибелі мамандар жетерлік. Атап айтқанда, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Толғанай Қыстаубаева мен Рауза Момбаева, математика пәнінің мұғалімдері Райхан Ыршыманова мен Санағат Оразбаева, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Мұхамеджан Өрісбаев, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қаракөз Қырғызбаева, технология жөніндегі орынбасары Сәлима Болатбекқызы, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Тәжібай Қыстаубаев, еңбек пәнінің мұғалімі, кәсіподақ ұйымының төрайымы Балагүл Жаңабаева, бастауыш сынып мұғалімдері Қымбат Өрісбаева, Аққыз Сартаева, Эльмира Берікбаеваны, т.б ерекше атап өтуге болады.
Талай дарынды түлеткен Диқан орта мектебінің ұжымына, шәкірттеріне жаңа мектепте жаңашылдық, толағай табыс пен сәттілік тілейміз!
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»