Basty bet
Қарақаттың бала арманы – дизайнер болу
Бүгінгі әңгімемізге аудан орталығындағы №1 Балалар өнер мектебінің шәкірті, суретші Қарақат Әбдікерім арқау болмақ. Оның аталған өнер мектебінде көркем сурет үйірмесіне қатысып жүргеніне биыл төрт жылдай уақыт болған.
Ол аудандағы №1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияның 5 «в» сынып оқушысы. Оқу үлгерімі де өте жақсы.
«Мен сурет салғанды қатты ұнатамын. Қазіргі уақытта графика жанрында және киім дизайнының суреттерін салып жүрмін. Өскенде киім дизайнері болғым келеді», дейді Қарақат.
Қарақаттың анасы Ғалия Қызайбаева да осы өнер мектебінде қызмет етіп келе жатқанына 14 жылдай уақыт болған. Бүгінде ол аталған мектепте педагог-зерттеуші болып еңбек етеді. Сонымен қатар, көркем сурет үйірмесінен сабақ береді.
Анасының айтуынша, Қарақат кішкентай кезінен бері сурет салғанды, суреттерді бояп, әсемдегенді ұнатады. Мінезі өте сабырлы, көнбіс екен.
– Қарақаттың мінезіне қарап отырып нағыз шығармашылыққа жақын адам деп айтар едім. Тек көркем сурет үйірмесіне ғана қатысып қоймай, театр үйірмесіне де қатысады. Өзім көркем сурет сабағынан шәкірт тәрбиелегендіктен, қызымды да сурет салуға икемдеген емеспін. Сурет салу қызымның таңдауы.
Көркем сурет үйірмесінде үш топ бар. Барлығы – 40 оқушы. Балалардың сурет салуға деген қызығушылығын көргенде, сабақ өтуге деген құлшынысың арта түседі. Шәкірттерім алғыр әрі тез бейімделгіш.
Сурет бала үшін өнер емес, ол тіл. Сөзбен айтып жеткізе алмағанын, сурет арқылы жеткізуге мүмкіндігі бар. Бейнелеу барысында оңтайлының бәрі екінші орынға кетеді, тыйым мен шектеулер болмайды. Әсіресе, балалардың ой-өрісін дамытуға, өзгеше ойлауға, шығармашылық белсенділігін арттыруға көмектеседі.
Үйірме барысында балаларға сурет арқылы өз ойын, сезімін, уайымын, көңіл-күйін білдіруіне шектеу қойылмайды. Түрлі тәсілдерді қолдану арқылы түрлі түсті дақтар мен сызықтардан танымал бейнені тауып, оны безендіруге мүмкіндік тудырады.. Сабақтар суретшінің шығармашылық процессіне сай кезеңдерден өтетін алуан түрлі материалдар арқылы педагог пен балалардың жасампаз, шығармашылық жұмысына айналады. Бұл сабақтар қиял, шығармашылық, дербестік бұлағының рөлін атқарады, – дейді Ғалия Тұзақбайқызы.
Қарақаттың жетістіктері де бар. Атап айтар болсақ, облыстық жас суретшілер байқауының үшінші орын иегері атанса, Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына арналған «Ай мен Айша» жас қылқалам шеберлерінің облыстық байқауына қатысқаны үшін Алғысхаттармен марапатталған. Сонымен қатар, ауданаралық байқауларға да белсенді қатысып, жүлделі орындарды иеленген.
Ендеше Қарақаттың өнері өрге жүзіп, биік мақсаттарды бағындыра беруіне тілектестік білдіреміз!
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»