Basty bet
Татулық пен сыйластық – ең басты құндылық
Қасиетті кітабымыз Құранда бірлік туралы бірнеше жерде баяндалған. Соңғы пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде де барша адамзаттың ауызбіршілігін уағыздаған.
18 қазан – Рухани келісім күнінің түпкі мәні де барша адам баласын мейірімділікке, ортақ мақсатқа үндеуінде.
Елдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші де халықтардың өзара татулығының негізінде дами түседі.
Қоғамдағы ауызбіршілік, татулық әрбір отбасындағы тәрбиеден, сыйластық пен ауызбіршіліктен бастау алады. Егер отбасында ауызбіршілік, өзара бірін-бірі құрметтеу, сыйластық сезімдері болмаса, ол отбасының болашағы да бұлыңғыр. Отбасында игі қасиеттерді бойына сіңіре алмаған, мейірім-махаббат көрмеген жан қоғамда көп нәрсеге көңілі толмай, айналасына деген өкпе-ренішпен жүреді. Ал өкпе-реніш бар жерде түсініспеушілік те, берекесіздік те қатар жүрері сөзсіз.
Осы тұрғыдан алғанда еліміз үшін тату-тәтті, қоғамға пайдалы ұрпақ өсіріп, айналасына үлгі-өнеге бола білген әрбір отбасының орны бөлек.
Бүгінгі мақалаға ауданымызда дін саласында ұзақ жылдар бойы абыроймен еңбек етіп, жас ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан жан бүгінде аудан орталығындағы “Жуалы” көпшілік мешітінің имамы Сейітқазы қажы Медетбековтың отбасын арқау еткелі отырмыз.
Сейітқазы қажы Ташкентте Жорабек медресесінде оқып, білім алып, елге оралған соң өзінің туып-өскен ауылы Билікөл мешітінде имам болған. Кейін ауданның бас имамы, бес жылдай Тараз қаласында, соңғы жылдары қайта ауданға келіп имамдық сынды жауапкершілігі жоғары қызметті атқаруда.
Әкесі Әбдір гидротехник болып еңбек еткен. Ал анасы Несібелі он ұл-қызды өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсірген батыр ана.
Әкесі кітап көп оқитын, әңгімешіл кісі болыпты. Балаларына ұлы ойшыл Абай Құнанбаевтың өлеңдерін жатқа айтып беріп отырады екен. Сонымен бірге атбегілікпен де айналысыпты.
Ал анасы балаларының құлағына еш нәрсені ешқашан қорламау керектігін, әр нәрсенің обал-сауабы болатынын құйып өсірген жан.
Сейітқазы қажы бала кезден Абай Құнанбаевтың, Әбу-Насыр әл-Фарабидің еңбектерін сүйіп оқыған. Даналарымыздың еңбектеріне деген қызығушылығы соншалық жоғары болғаны кейбір төте жазумен жазылған еңбектерін оқу үшін араб тілін үйренген екен.
Оқығанын көңілге түйіп, ол кісілерді өзіне ұстаз тұтып, даналық кеңестерін өміріне әлі күнге пайдаланып келеді. Онымен бірге ұлы ойшылдарымыздың еңбегін әрбір қазақ оқыса деген тілекте.
Сейітқазы қажы ағамыз өмірлік серігі Балжан Жұмакерімқызы екеуі отбасында бес ұл, бір қыз тәрбиелеп, олардан бүгінде 11 немере сүйіп отыр.
Сыйласып өмір сүрудің сыры туралы сұрағымызға Сейітқазы қажы былай деп жауап берді:
-Мен Абай атамыздың мына бір адамдыққа бағдар қылар өсиет сөзін ұстанамын:
Кемді-күн қызық дәурен тату өткіз,
Жетпесе, біріңдікін бірің жеткіз.
Күншілдіксіз тату боп шын көңілмен,
Қиянатшыл болмақты естен кеткіз!..
Бір жерде бірге жүрсең басың қосып,
Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып.
Біріңді-бірің ғиззат, құрмет етіс,
Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып”.
Екі жарты бір бүтін болып, бас қосқан соң бір-біріңді толықтырып, құрметтеп, сыйласып өмір сүргенге не жетсін!
Менің жарым марқұм анамды қатты сыйлады. Енесінің батасын алды. Жақсы жар, жақсы ана болды, бүгінде жақсы ене. Қандай жағдай болсын ақылға салып, әулеттің анасындай болған жан.
Қазір Аллаға шүкір, төрт келініміз бар. Үшеуі әзірге бір шаңырақтың астында тату-тәтті тұрып жатыр. Балжан келіндеріне үйдегі тазалықты сақтауда, ерін сыйлауда, ерте тұрып, өзінің міндетін мінсіз орындауда үлгі болуда. Үнемі келіндеріне жаман сөз айтпауға, әйел ретінде өздеріне жақсы қарауға, бала тәрбиесіне жете көңіл бөлуге, сергек болуға шақырып, дұрыс бағыт-бағдар беріп отырады.
Үш келін, яғни үш отбасының арасында менікі-сенікі деген түсінік жоқ, әрдайым бір-біріне көмекші, қамқор.
Бала тәрбиесінде екеуміз де қаталдық пен жұмсақтықтың ортасын ұстанамыз. Тәйт дейтін жерде тәйт деп, жұмсақтық танытатын жерде барынша мейірімімізді төгуге тырысамыз.
Мен имам болған соң көп шәкірт тәрбиеледім. Сондықтан үйде көп жастар жүрді. Жұбайым әрдайым оларға жылы қабағымен ақ дастарқанын жайып, менің мерейімді өсіріп отырды.
Жалпы қазақта “Жігіт жақсы бола алмас – алғаны жаман болған соң” деген даналық сөз бар…-дейді Сейітқазы қажы Медетбеков.
Асыл дінімізді ардақтап, имандылық жолды ұстанған отбасының үлкен ұлы Рамазан Алматыдағы “Нұр-Мүбәрәк” ислам мәдениеті университетін бітірген, екінші ұлы Құрбан да аталған университетті бітіріп, қосымша үш жыл Стамбулда қарилық оқуды оқып келді.
Мұхаммед Әмин Балалар өнер мектебінде домбыра сыныбында сабақ берсе, төртінші ұлы Шымырдың заңгерлік білімі бар. Кенже ұлы Алматыдағы “Үшқоңыр” медресесінде білім алуда. Ал қыздары Райхан денсаулығына байланысты үйінде.
Келіндері Әлия, Салтанат, Аяжан, Мәнсияның да өз мамандықтары бар.
Сейітқазы қажы Әбдірұлымен әңгімеміз әрі қарай ұлттар арасындағы татулық, рухани келісім, дүниетаным сабақтастығы жайында өрбіді.
-Адамды ешқашан ұлтына, діліне, дініне, тіліне қарай бөліп, кемсітуге болмайды. Себебі, бәріміздің түпкі негізіміз бір. Барлығымыз Адам ата мен Хауа анадан жаралдық. Алла Тағаланың алдында бәріміз бірдейміз. Ешкім өзін зор, өзгені қор санамауы тиіс.
Кейде бір дау-дамай туындағанда бүкіл ауылды немесе руды немесе ұлтты жамандап жатады. Олай етуге болмайды. Тұтас жаман ұлт болмайды, жеке адам жаман болуы мүмкін.
Жалпы, қай ұлтта да жаман адам да, жақсы адам да болады.
“Адамның күні адаммен” демекші, көрші мемлекеттермен де тату болу керек. Себебі, бұл – өмір ғой. Сенде бар менде жоқ, керісінше сенде жоқ менде бар. Бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста болып, өзара тәжірибе алмасып өмір сүрген дұрыс.
Кез келген елдің дамуы үшін бірінші ол елдің халқының арасында сыйластық, татулық, ауызбіршілік болуы керек. Дау көп жерде – жау да көп. Сондықтан рухани келісім күнінің қай қоғамда болсын мәні, маңызы зор,- дейді Сейітқазы қажы Медетбеков.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»