Basty bet
Еңбекпен өрнектелген өнегелі өмір
Ынтымағы мен бірлігі жарасқан Ертай ауылынан өнегелі, қазыналы қарияларды көптеп кездестіреміз. Өмірін еңбекке арнаған, саналы ғұмырында ұрпағына жақсы тәлім-тәрбие берген, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып отырған ардақты аналар да осында.
Мұндағы қарапайым еңбек адамдарымен кездесе қалсаң, олар бірден еңбекпен өткен өмірлері туралы әдемі әңгімелерін айта жөнеледі. Олардың есті естеліктерін тыңдай отырып, нәзік жандылардың күш-қайратына, шыдамдылығына, кең пейіліне, қонақжайлығына қанық боласың.
Таңның атысы, кештің батысы тапсырылған жұмыстың үдесінен шығу үшін жауапкершілік танытып, нәтижесінде үздік сауыншы атанған Нұрайла Қаңтарбаева бүгінде бір әулеттің ұйытқысы. Алты баланы дүниеге әкелген «Күміс алқалы» ана биязылығымен ұрпағына қымбат асыл ана, ардақты әже. Өмір өрнектеріне, тіршілікке көбірек араласқан Нұрайла әже бүгінде 84-те.
-Өзіміз әкеден екі ұл, екі қызбыз. Таудың етегіндегі Түлкібас ауданындағы Корниловка қазіргі Жаскешу деген ауылда туып-өстім. Әкем Ұлы Отан соғысының ардагері болған. Берлинге дейін шайқасып елге аман оралған. Әке-шешем екі ұл, екі қызын жеткіземін деп, ел қатарлы тылда еңбек етті. Кейіннен колхозда да жұмыс істеген.
Біздің уақытта қазіргі жастардай бос уақыт болып, оқуға ден қоюға мүмкіндік болған жоқ. Небәрі 6 класты бітіріп, сауатымызды аштық. 1959 жылы ертайлық Мейірхан Қаңтарбаев деген азаматқа тұрмысқа шығып, екі ененің қолына түстім. Ененің тәрбиесін көрдім. Алғашында жолдасым екеуміз жоқшылықты көрсек те, қолымыздағы барымызға қанағат тұттық. Үйдегі қариялардың үдесінен шығу үшін келіндік міндетті де атқарып, өмірге бала да әкелдік, – дейді әже.
Нұрайла әже колхоздың екінші тауарлы-сүт фермасында сауыншы болып жұмыс істеп, едәуір тәжірибе жинақтап, жылдан-жылға жақсы көрсеткіш көрсетеді. Бұл еңбегі де еленіп, жұмысшылар арасында «Үздік сауыншы» атанып, «Ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін» медалімен марапатталады.
-Еңбекпен өткен өмір-ай десеңізші… Колхоз уағында жүктелген жұмысты жауапкершілікпен атқару үшін бесіктегі баламызды тастап кете беретінбіз. Әр күніміз қарбаласпен өтуші еді. Кезінде егістікке шығып қызылша теріп, шөп жинау науқанына да араластық. Сауыншы болу тіпті, қызық әрі қиыншылығы қатар жүретін жұмыс еді. Жұмысқа баламды бесікке салып апарған кездерім де болған. Өйткені, күндігіне 30-40 сиыр сауып, сүтін өткіземіз. Берілген жоспарды да орындау қажет.
Жұмысымызды таза әрі тиянақты орындауымыз керек. Жолдасым І дәрежелі шопыр болған, екеуміз 40 жылға жуық уақыт колхозда еңбек еттік. Жолдасымның денсаулығы болмай, зейнетке шыққан соң өмірден озды. Аллаға шүкір, қазіргі таңда артынан ерген ұрпағы оның атын өшірген жоқ. Оларды еңбекке баулып, ауызбіршілікке тәрбиелеп, аяқтандырған жайым бар. Перзенттерім әкелерінің берген тәлім-тәрбиесі мен өнегесін бойына сіңірді. Әкесінің салған сара жолымен адал еңбекке шыңдалып, өмірден өз орындарын тапты. Қазіргі таңда ұл-қызымнан 15 немере, 20 шөбере сүйіп отырған жайым бар. Қолымда кенже ұлым Мырзағали мен келінім Жұмакүл тұрады. Бұған шүкіршілік етемін! Адамға ұрпағының өсіп-өнгенін, жалғасқанын көргеннен артық бақыт бар ма?!- деген Нұрайла әже ел амандығы мен жастардың білімді, жан-жақты болуын тілейтінін жеткізді.
Әжеміз жас кезінде он саусағынан өнер тамған шебер болған. Қазір көзімізден бұлбұл ұшып бара жатқан ою ойып, өрнек салу, алаша, текемет тоқу секілді ұлттық қолөнерімізді жанына серік еткен.
– Ою-өрнек сап алаша, текемет, сырмақ, жүн көрпе тігетін өнерім бар. Бабаларымыз «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген ғой. Осы күні қолымнан нендей іс келсе, соның бәрін шешемнен үйрендім. Сондықтан, әуелі Аллаға, сонан соң ата-анама деген ризашылығым мен алғысым шексіз. Ұл-қыздарыма, туған-туыстарға, тұрмысқа шыққан қыздарының жасауын өзім жасағам. Жас кезімізде өзім көйлек тігіп. үйге келгендеріне көйлегің деп ұстатып жіберетінмін. Анда-санда тапсырыстар да болып тұратын. Ертеректе әйелдер жүнді жуып, сабап, түтіп, иіруден бастап жіпке дейін өздері істеген ғой. Қазір онымен ешкім айналыспайды. Базар, дүкендерде не керектің барлығы толып тұр. Қазақтың ата-бабасынан мұра боп қалған қолөнер түрлері өте көп әрі бай. Соның ішінде киізден текемет, алаша, тұскиіз тоқып, жүннен көрпе тігу екінің бірінің қолынан келе бермейді. «Бүгінгі жастардың төл өнерімізді үйреніп, әрмен қарай дамытайық» деген қызығушылығы да, құлқы да жоқ,- дейді Нұрайла әже.
«Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз тегін айтылмаса керек. Адам өмірінің мәні саналатын өз ұрпағы жақсы атын шығарып, ел сүйсінер азамат болса, ата-ана үшін одан асқан қуаныш жоқ. Осы ретте, алтын құрсақты анадан тараған ұл-қыздар да қарапайым еңбек адамдары. Әртүрлі салада өз еңбектерімен адал табыс тауып, бір-бір отбасының отағасы, отанасы атануда.
Бұл отбасынан өнер адамы, заңгер, есепші, ұстаз жан-жақты перзенттер тараған. Немерелері прокурор, кәсіпкер, есепші, өнерге бейімі бар, әуелете ән салып, мыңбұрала би билейтін немерелері де бар. Ұл-қызынан тараған немере-шөбересі қара шаңыраққа жиналғанда үй іші қуанышқа, бақытқа, ең бастысы, қазыналы қарттың жүзінен тараған жылулыққа бөленеді.
Лаура Мұсабекова,
«Жаңа өмір»