Basty bet

Болашақ сарбаздарға берері көп “Ашық есік күні”

Аудан аумағында орналасқан 91678 әскери бөлімінде жұма күні мектеп оқушыларына арналған “Ашық есік күні” шарасы өтті. “Ашық есік күніне” Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназия, М.Жұмабаев, Ә.Бөкейханов атындағы орта мектептердің 11 сынып оқушылары мен №16 Жуалы колледжінің білімгерлері қатысты.

Ұлы Жеңістің 78 жылдығы және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 31 жыл толуына орай және жастардың әскерге баруға деген қызығушылығын ояту, әскери жоғары оқу орындарын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шара бірнеше бөлімнен тұрды.
Оқушылар мен білімгерлер алдымен алаңда дайындалған көрмемен танысты. Көрмеге таулы жерде жүретін түрлі әскери көліктер мен оларға орналастырылған қарулар қойылған. Жас сарбаздар оқушылардың “Көліктердің қызметі, олар қандай мақсатта пайдаланылады, қандай ерекшеліктері бар?” дегендей сұрақтарына жауап берді.
Әрі қарай қолданыстағы қарулар, әскери киім үлгілері, таулы егерлік полк болғандықтан барлау ротасының құралдарымен танысты. Әскерилердің тауда жүргенде киетін жаздық, қыстық формаларын, күнделікті және парадта киетін формалары мен спорттық киімдерін, басқа да мина іздеушінің формасы, биологиялық, химиялық, ядролық қаруларға арналған формалармен таныстырды.
Сонымен бірге аттардың қызметін, әскери байланыс құралдарын көрді.
Сондай-ақ, жас сарбаздар казармасына кіріп, сарбаздардың тыныс-тіршілігімен танысты.
Казармадағы сарбаздар әскерге жаңадан келіпті. Олар әскери киімдеріне погондарын тігіп үйренуде екен. Төсек-жабдықтары тап-тұйнақтай әрі тап-таза, олар жуынантын, басқа да керекті заттармен толық қамтылған.
Оқушылар бөлімнің асханасында әскери жоғары оқу орындары туралы үгіт-насихат жұмыстарын тыңдады.
Бірінші сыныпты сержант Макенов Мейірбек Әзімханұлы өзі оқыған Бурабайдағы Ш.Уәлиханов атындағы Кадет корпусы жайлы баяндады. Ол әскери оқу орындарына түсу жолдарын түсіндірді. Оқушылар оқу орнының материалдық-техникалық базасы, оқу әдістері, оқу орнындағы мамандықтар туралы арнайы дайындалған бейне-роликті тамашалады.
91678 әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, капитан Самат Бақытжанұлы өзінің генералдар өлкесі, Ер Баукеңнің туған жері Жуалыда қызмет етіп жатқанын мақтанышпен жеткізіп, жастарды әскерге келуге, әскери оқу оындарына түсуге шақырды. Сонымен бірге алдағы уақытта мектептерде “Ерлік” сабақтары өтетінін хабарлады.
Әрі қарай оқушыларға жасанды туғамен тауға шығу әдістерін көрсетті. Оқушылар да сақтандырылған жолмен шығып өз ептіліктерін сынап көрді.
Спорт алаңшасында Жуалы колледжінің студенттері мен жас сарбаздар қол күрес, арқан тартыс, турникке тартылу, жүгіру, автоматты шашып-жинаудан, тағы да басқа спорт түрлерінен жарысты. Автоматты шашып-жинауда Жуалы колледжінің алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы Айдар Болбырақовтың шәкірттері жас сарбаздарды жеңіп кетті.
“Ашық есік күні” іс-шарасынан болашақ сарбаздар әскери өмірден хабардар болып, өздеріне қажетті көп мағлұмат алды. Жастарды патриоттық сезімін оятып, әскерге баруға деген қызығушылығын оятуға түрткі болатын осындай шаралар алдағы уақытта да ұйымдастырылып тұрса деген тілегіміз бар.

 

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close