Basty bet
Бірлік бар жерде – тірлік бар!
Аудан прокурорының жоспарына сәйкес, Жуалы ауданы бойынша 2023 жылғы басты бағыттары ретінде айқындалған құқық бұзушылық және ұлтаралық қатынастарды нығайту, ұлт өкілдері арасындағы тұрмыстық жанжалдардың алдын алу мақсатында ауданға қарасты Мыңбұлақ, Шақпақ және Жетітөбе ауылдық округтерінде ауыл тұрғындарымен және этнос өкілдерімен кездесулер өткізілді.
Шараның мақсаты – ұлтаралық қатынастарды нығайтып және ел тыныштығын, татулығын, бірлігін, ынтымағын сақтауға, ауыл тұрғындары арасындағы арандатушылықтың алдын алу және этносаяси мәселелерді тұрақтандыруға шақыру.
Үш ауылдық округтерде өткен кездесулерге аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, аудан прокурорының орынбасары Нұрсұлтан Тілеш, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның Жуалы аудандық филиалының төрағасы Сейітхан Жұмашев, аудандық билер кеңесінің төрағасы Мұратқали Рахметов, «Мехрибан-Шаңырақ» әзірбайжан ұлттық орталығының төрайымы Эсмира Мамедова, «Славян» ұлттық орталығының төрайымы Ирина Протасова, Мыңбұлақ, Шақпақ және Жетітөбе ауылдық округтері ардагерлер кеңестерінің төрағалары қатысты. Сонымен қатар жиындарға аудандық мәслихаттың депутаттары – Қалды Байрамов, Қанат Наушабаев және Ермек Абдиваитов қатысып, жергілікті халықты өзара татулық пен бірлікті сақтауға және сыйластықты арттыруға шақырды.
Ең алғашқы жиын Мыңбұлақ ауылдық округінде өтті. Онда әкімнің міндетін атқарушы Гүлнәр Әбілекқызының айтуынша, округтегі жалпы халықтың саны – 4 642 адамды құраса, оның ішінде, 4 136 қазақ ұлтының өкілі, 175-і орыс, бесеуі неміс, екі украин, екі қырғыз және 156-сы әзірбайжан ұлтының өкілдерінен құралған.
Екінші кездесу Шақпақ ауылдық округінің орталығы Шақпақата ауылында өтті. Мұндағы тұрғындар саны – 4 141, оның ішінде, қазақтар – 3 671, орыс – 96, әзірбайжандар – 362 және басқалары 12 адамды) құрап отыр. Округте мемлекеттік әлеуметтік көмек алатын 10 отбасы болса, оның ішінде, үш өзге ұлт өкілінің отбасы мемлекеттен әлеуметтік көмек алады. Мемлекеттік мекемелерде 25 өзге ұлт өкілдері қызмет атқаруда.
Ал Жетітөбе ауылдық округіндегі жалпы халықтың саны 3 068 адамды құраса, оның 13 %-ін өзге этностар құрайды. Атап айтар болсақ, былтырғы жылдан бері «Ауыл аманаты» жобасымен 2,5 пайыздық несиелеу шаралары арқылы «Кооперативтерді құру» және «Жетітөбе-2022» АӨК құрылып, ауыл-аймақтың дамуына этнос өкілдері де өзіндік үлестерін қосуда.
Осы үш ауылдық округте өткен этнос өкілдерімен болған кездесулерде аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, аудан прокурорының орынбасары Нұрсұлтан Тілеш, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның Жуалы аудандық филиалының төрағасы Сейітхан Жұмашев сөз сөйлеп, олар Қазақстан халқының елеулі бөлігін түрлі этнос өкілдерінің құрайтынын айтып, ел бірлігінің татулығын және ұлтаралық қатынастарды нығайтудың маңызды екеніне тоқталып, ауыл тұрғындарын татулық, бірлікке өзара сыйластыққа шақырды.
Қазақстан жеріне әртүрлі кезеңдерде тағдырдың жазуымен жер аударып келіп, тұрақтанған өзге ұлт өкілдері баршылық. Олар бүгінгі күні әлемдік қауымдастыққа Қазақстан Республикасы атауымен енген елдің азаматтары ретінде өмір сүруде. Олар тағдырдың тәлкегіне ұшырап қуғындалып келгенде, жергілікті қазақтар өз жағдайлары аса мәз болмаса да, қолдан келген көмектерін жасап, аман-есен өмір сүріп кетулеріне жәрдемдесті. Бірқатар ұлттардың өкілдері саяси қуғындау аяқталып, құқықтары қайта келтірілген уақытта Отандарына кері қайтса, кейбір отбасылар осында біржолата тұрақтап қалды.
Қорытындылай келе, біздің елімізде алуан түрлі этникалық қауым бейбіт өмір сүру арқылы бірлік бар жерде тірліктің бар екендігін көрсетіп отыр.
Эльмира Сүйінбаева,
«Жаңа өмір»