Basty bet

Майталман механизатор

Асыл халқымызда «Ер еңбегімен озады, Еріншек езілумен тозады» деген мақал бар. Өз өміріне адал еңбекті, қара жұмысты серік еткен қаншама ақ жүректі тұлғалар арамызда жүр. Бірін білсек, бірін біле бермейміз. Өзінің ұрпағын маңдай тері арқылы адал аспен асырап, оларға саналы тәрбие беріп жүрген жанның бірі – Шілдебай Рахманов. Шілдебай Рысбекұлы 1960 жылы ауданға қарасты Қызыларық ауылында дүниеге келген. Ол мектеп қабырғасын аяқтаған уақыттан бастап еңбекке ерте араласып кетті. Өз уақытында совхозда әртүрлі жұмыс атқарды.
1978-1980 жылдары Отан алдындағы азаматтық борышын өтейді. 1980 жылы әскерден туған еліне аман-есен оралып, Әсел Өсербайқызымен танысып, шаңырақ көтереді. Халқымызда «Бақыт дегеніміз – еңбек пен баланың қызығын көру» деген тәлімді сөз бар. Сонау албырт шағында жүрекпен ұғысып, нық сеніммен қол ұстасқан Шілдебай қария мен Әсел апай екеуі 43 жылдан аса тату-тәтті тірлік кешіп, отбасында төрт перзент тәрбиелеп өсірген. Бүгінде солардан 14 немере сүйіп отырған бақытты жандар.
Отанасы Әсел Рахманова 1962 жылы Билікөл ауылында дүниеге келген. Отбасылық жағдайға байланысты жоғарғы оқу орнына түсуге мүмкіндік болмай, еңбекке ерте араласып кетеді. Сол жылдары совхозда картоп жинап еңбектенеді. Кейіннен Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепте вахтер қызметшісі болып жұмыс істейді.
Бұл отбасының негізінен жер жыртып, бақша егеді десек артық айтқандық емес.
1981 жылдан бастап күні бүгінгі дейін трактордың рөлін бермей келеді. Ол Темір Әбденбаев деген кісінің шаруа қожалығында ұзақ жылдар бойы механизатор болып қызмет етеді. 2008 жылдан бастап Дәулет Үсенбаевтың иелігіндегі «Дархан» шаруа қожалығында тракторшы болып жұмыс істейді. Шілдебай аға өз ісіне асқан жауапкершілікпен, ұқыптылықпен қарайтындықтан ауыл ішінде беделді, ортасында сыйлы.
Ауыл арасында сөзі өтімді, қолынан келсе көмегін аямайтын жанашыр жан. Пайғамбар жасын алқымдағанына қарамастан қимылы ширақ, жүзі жылы. Өмірінің қырық жылындағы еселі еңбегі болашақ ұрпаққа үлгі.
– Біздің мамандықты бүгінгі жастар ұната бермейді. Десе де біз жастық шағымызда тәрбиенің әсерімен осы саланы игердік. Мен атақ-даңқ үшін емес, отбасымның алдындағы жауапкершілігім үшін адал еңбек етіп келемін. Өзімнен кейінгіге үнемі «адал нәрсенің берекесі бар» деп айтып отырамын. Осылай ел үшін жасаған еңбегіміздің ескеріліп жатқанына қуаныштымын – дейді озат еңбеккер.
Еңбек еткеннің еңсесі биік. Бұл отбасының төрт түлік малға деген жақындығын да байқадық. Қазіргі таңда қорасында бес-алты жылқы, екі-үш бас сиыр, 20 шақты қойы бар.
– «Қыста малыңды бақ, жазда шөбiңдi шап» деп дана халқымыз тегін айтпаса керек. Баға шарықтап тұрған заманда өз жерің болмаса қиын. Жем-шөптің бағасы қымбат. Мал өсіру оңай шаруа емес. «Аңсар» шаруа қожалығын құрдық. Онда бас-аяғы 22 гектар егістік жеріміз бар. Жалпы, 13 гектар алқапқа арпа, бидай, 5 гектарға жерге картоп, ал қалған жерімізге жоңышқа егіледі. Егін орып, бұйырған ырысты ысырапсыз жинау жұмысы қоңыр күзге дейін жалғасатын болады,- дейді Шілдебай аға.
Жер-Ана еңбек еткен адамнан несібесін аямайды. Бұл сөз дәл бүгінгі шаруа қожалыққа қаратылып айтылғандай. Себебі, қолда бар шағын ғана жерден табысқа кенеліп, мол өнім алып отыр. Әрекет бар жерде, берекет қашық емес. Қашаннан да солай. Дегенмен, нарықтық қатынас барысында күнбе-күн ізденіп, еселі еңбек етпей, табысқа жете алмасың анық.
«Жалпы жұртыңды құрметтеу – туған өлкеңнің тарихын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады: Олай болса, еңбек адамының біз білмейтін елеулі еңбегін оқырмандарға жеткізу – бүгінгі ой-мақсатымыз болды. Қазіргі жастар осындай еңбекшілерден үлгі алса, туған жеріне тер төксе, ауылымыз көркейіп, әлеуеті артып, халқымыз әлденіп жатар еді.
Біз үстіміздегі жылы Пайғамбар жасқа толып отырған майталман механизатор Шілдебай Рахмановтың ерен еңбегінен елдікті, ерлікті, қайсарлық пен туған жерге деген махаббатты ұғындық. Әр адам бақытын еңбектен табуға құқылы.

Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close