Basty bet
«Әкем – бәйтерегім!»
Отбасылық құндылықтарды насихаттау, сондай-ақ, отбасының тұрақты дамуы мен бала тәрбиесіндегі әкелердің рөлін ілгерілету мақсатында Тараз қаласындағы «Анаға тағзым» орталығының ұйымдастыруымен облыстық «Әкем – бәйтерегім» отбасылық байқауы өтті.
Тағылымы мол маңызды іс-шараға Жуалы «Мыңбұлақ» халық театрының режиссері Ербол Бекжанов ұлы Жандәулет пен қызы Айкеріммен бірге қатысып, байқау ережесіне сәйкес «Таныстыру», «Әкеге құрмет – балаға өсиет», «Әке көрген оқ жонар», «Сұрақ-жауап» , «Өнерлі әке» , «Бата беру» кезеңдері бойынша сынға түсті. Әкелердің талабы мен таланты, сондай-ақ, тұрмыстық жағдайдағы іскерлік қабілеті сыналған сайыстың нәтижесінде Ербол Айтпағанбетұлы үшінші орынды иеленіп, арнайы Диплом және қаржылай сыйлықпен марапатталды.
Ғибратқа толы шарада Ербол баланың бағбаны «ата-ана» деген ұғымның қадірін арттырып , олардың саналы да салиқалы болуы жолында бар күш жігерлерін жұмсайтынын, бала үшін әке тәрбиесінің орны орасан зор екенін өзінің әдеби ашық, сахналық театр тілімен көрерменнің жүрегіне жеткізе айтып қошаметке бөленді. Ал қызы Айкерім анасы Жазираның кішкентай бауырына қарап байқауға келе алмағанын айтып анасының пісіріп берген томпақ бауырсақтары мен құртын көрерменге ұсынып тәнті етті. Жеті жастағы ұлы Жандәулеттің:
«Әке, өзіңнен биік болмысты таба алғаным үшін,
Балалығымның бал күнін сездіргенің үшін,
Бала боп бізбен бір сәтке ойнағаның үшін,
«Адам бол балам» деп жүрер шын ақылың үшін
Рақмет, әке!» деген өлең жолдары әсерлі шықты.
«Даңқ – далада, рақат – құтханада. Бұл дүниеде бақыт бар деп сенсеңіз –құтханаңыздан іздеңіз» деп қазақтың көрнекті ақыны Күләш Ахметова айтқандай, әрқайсымыз бақыт пен берекені жанұямыздан табайық. Асқар тауымыз, қорғанымыз, бәйтерегіміз болған әкелер мәртебесі қашанда биік болсын!
Назипа Тұранқызы,
аудандық халық шығармашылығы
және мәдени демалыс орталығының
көркемдік жетекшісі