Basty bet

Комиссия мүшелеріне арналған пайдалы оқыту семинары

Сәрсенбі күні аудандық «Достық» мәдениет үйінде Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасында сайлау процесін ұйымдастырудың теориялық және практикалық негіздері» тақырыбында жаңадан сайланған учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің біліктілігін арттыруға арналған бір күндік оқыту семинары өтті.

Семинарды Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов ашып, ол өз сөзінде, тыңдаушыларға оқыту курсының мақсаты мен міндеттерін жеткізді. Сонымен қатар, сайлаудың электоралдық кезеңдері, белгілі бір нормативтік, ұйымдастырушылық рәсімдері бар қоғамдық-саяси және құқықтық процесс екенін және сайлау процесінің барлық қатысушыларымен тиімді өзара іс-қимылды, сайлау комиссиясының әрбір мүшесінің құзыреті мен кәсібилік деңгейін үнемі арттыруды міндеттейтіні де ескертілді.
Оқыту курсының негізгі спикерлерінің қатарында – облыстық аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы Әбілқайыр Асқарұлы, Жуалы аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Бақытжан Есентайұлы, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Мейіржан Ермекбайұлы, облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Талғат Салқанұлы, «Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының инженерлік-техникалық орталығы» РМК-ның Жамбыл облысы бойынша өкілі Арын Илясұлы, қосымша дәріскері АСК мүшесі Мәжит Мамытұлы, аудандық сайлау комиссиясының мүшесі, ЖАО бас есепшісі Рафхат Абибуллаұлы, қосымша дәріскері Ә.Қадырбекова, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Еркін Серікұлы, аудандық прокуратураның аға прокуроры Иса Жансерікұлы, «Тұлға» психологиялық кеңес беру және тренинг жүргізу орталығының төрайымы Зейнеп Әбдімәжитқызы, №207 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Гүлсара Жарылқасынқызы және «Трипл ЛТД» ЖШС-ның өкілі Олжас Болатұлы бар.
Спикерлердің тарапынан қатысушыларға сайлау процесін ұйымдастыру, оның ішінде, сайлау алдындағы үгіт, электоралдық оқыту бойынша құқықтық және теориялық білімдерін ғана емес, сонымен қатар, сайлау заңнамасындағы құқықтық жауапкершілік, сайлауды ақпараттық, қаржылық және құжаттамалық сүйемелдеу мәселелері бойынша бірқатар практикалық сабақтар ұсынылды.
Сондай-ақ, тренинг форматында тыңдаушылармен сайлау комиссиясының сайлауға дайындық кезеңінде, дауыс беру күні, сайлаушылардың дауыстарын санау және дауыс беру қорытындыларын белгілеу кезінде жұмыс істеу машықтары пысықталды. Бұдан бөлек, көпшілік алдында сөз сөйлеуді, саяси партиялармен, байқаушылармен, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен, үкіметтік емес ұйымдармен және сайлау процесінің өзге де қатысушыларымен өзара іс-қимылды дамыту дағдылары кеңінен талқыланды.
Семинар соңында «Трипл ЛТД» ЖШС-ның өкілі Олжас Болатұлы тыңдаушыларға белгіленген үлгідегі сертификаттарды табыстап, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының жаңадан сайланған учаскелік комиссия мүшелеріне бағытталған маңызды іс-шараны қорытындылады.

Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close