Basty bet
Шәкірттердің шамшырағын жаға білген ұлағатты ұстаз
Баланың ой-өрісінің қалыптасуы күрделі процесс. Ал, білім берумен қоса, баланың шығармашылық қабілетін де қатар дамытатын ұтымды тағы бір жол үйірме екені белгілі. Осындай балалардың ашылмаған сан қырлы талантын ашуға септігін тигізіп жүрген, өнерлі өренге білім беретін ұстаздардың бірі – Гүлнар Рақышева.
5 қазан – ұстаздар күні. Осынау кәсіби мерекеге орай аудандық №1 Балалар өнер мектебіндегі фортепиано сыныбының мұғалімі Гүлнар Рақышевамен сұхбаттасқан едік.
– Гүлнар Аршайқызы, әңгімемізді өзіңіздің өмір жолыңыздан, еңбек жолыңыздан бастасақ.
– Мен Бауыржан Момышұлы ауылында туып-өстім. Музыкалық аспапқа деген қызығушылығым бала кезімнен басталды. №1 Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназияда бастауыш сынып оқып жүрген кезімде, мұғалімім музыкалық қабілетімді байқап, әкеме айтқан екен. Содан мұғалімім мен әкем себепші болып, музыка мектебіне қабылдандым. Аудандағы музыка мектебінің ең әуелгі түлектерінің бірі – менмін. Өнер жолындағы алғашқы ұстаздарым – Зарудный Н.Н. және Күләш Қасымқызы еді. Бұл бағытта жолым болып, білімді ұстаздардан тәлім алғаныма қуанамын. Кейіннен «Ұлттық кадр» бағдарламасымен Алматыдағы Чайковский атындағы музыкалық колледжге сырттай оқу бөліміне түстім. Онымен қоса, Тараз қаласындағы педагогикалық институтта «Музыкалық білім» кафедрасында білімімді толықтырдым.
Еңбек жолын 1981 жылы музыка мектебінде ұстаздық етуден бастап, кейін 1993 жылы Балалар өнер мектебіне ауыстым. Бастапқы уақыттары шәкірттеріммен байқауларға өте сирек баратынбыз. Уақыт өте жаймен оқу бағдарламасын жетілдіре бастадық. Шеберлік жылдар өте келеді деген рас екен. Кейін біртіндеп үлкен сахна алдындағы қорқыныш, қобалжуды азайттық. Дегенмен, сахна алдындағы қобалжу әлі де бар. Бірақ, бұрынғыдай емес, уақыт өте батылдық пайда бола бастады, әлі де шыңдалып келеміз. Фортепиано аспабын үйретуден бөлек, концертмейстер ретінде домбырашылармен де жұмыс жасап, олардан емтихан аламын. Шәкірт тәрбиелеумен қатар, отбасында аяулы жар, қос бұрымдай екі қыз, бір ұлдың анасымын. Үшеуі де жоғары оқу орнын бітірген, бір-бір мамандық иесі атанып отыр. Айта кетсем, кіші қызым Жанар өнерге жақын, ол қазіргі таңда менің әріптесім. Яғни, домбыра сыныбының мұғалімі болып жұмыс жасайды.
– Фортепиано сыныбының талаптары қандай?
– Фортепиано сыныбына әрбір жаңа оқу жылында шамамен 10 оқушы қабылдаймыз. Фортепиано сыныбына қабылданатын оқушының жасы кем дегенде 7-8 жастан кіші болмауы керек. Себебі, ойын баласына аспапты, нотаны үйрету оңай емес. Бізге көбінде үшінші, төртінші сынып оқушылары келеді. Жалпы, өнер мектебінде фортепиано сыныбында оқу ұзақтығы жеті жыл. Осы жылдар ішінде нағыз өнер майталмандарының ізін жалғайтын өрендер бойындағы қабілеттерін барынша шыңдауға тырысамыз. Бір қарағаннан аспапта ойнау оңай көрінгенімен, расында олай емес. Бұл көптеген қабілеттерді талап етеді.
– Шәкірттеріңіздің жеткен жетістіктері туралы айтыңызшы?
– Өнердің қыр-сырына қаныққан шәкірттерім облыстық, халықаралық және республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иемденіп жүр. Бірі I Халықаралық «Жас толқын» өнер байқауынан III орын алса, бірі III Республикалық «Ұлы дала ұрпағы» өнер мен білім байқауында «Аспапта ойнау» жанры бойынша II орын, енді бірі II Республикалық «Дарабоз» байқауынан II орынды еншіленді. Облыстық «Өнерге қанат қаққандар» ән-би және өнер байқауына қатысқандары үшін марапатталды. Осылайша, шәкірттеріміз мектептің мерейін үстем етуде. Айта кету керек, балалардың белгілі бір жетістікке жетуі ата-аналарға тығыз байланысты. Ата-ана, бала және мұғалім арасындағы қарым-қатынас дұрыс болса, жетер жетістік те биік болары сөзсіз.
Бітіруші түлектердің арасында Мирас Мақатбек қазіргі таңда Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінде «Музыкалық білім беру» мамандығы бойынша білім алуда, ал Наталья Чистякова аудандық «Аула клубында» биден сабақ береді. Бұл мен үшін зор жетістік әрі үлкен мақтаныш.
– Гүлнар Аршайқызы, шәкірттерді аспапқа үйретудің қандай қиындықтары бар?
– Ең үлкен қиындық – шәкіртте аспаптың болмауы. Біз сабақта қаншалықты үйретіп жіберсек те, оны үйге барып қайталауы керек. Бұл аспап өте қымбат тұрады.
Біздің ең бірінші мақсатымыз – баланың өнер мектебін бітірген соң осы бағытты жалғастыруы. Мұнан басқа, баланың музыкаға деген сүйіспеншілігін оята білуі қажет. Музыканы естімесең, жұмыс істеу қиын. Ең бастысы, ритм, тыңдалым және есте сақтау қабілеті жақсы болса, ол оқушымен жұмыс істеу оңайырақ. Қандай аспап түрі болсын, оған деген үлкен сүйіспеншілік пен қызығушылық болуы керек. Шын жүректен шыққан әуеннің өзінің басқаша сыңғырлаған сазын байқауға болады. Бізге келетін кейбір балалардың ешқандай музыкалық білімі жоқ немесе мүлде аспап ұстап көрмеген. Солардың барлығы да өздерінің ынталарының арқасында біраз жетістікке жетіп келеді.
– Өмірден не түйдіңіз?
– Мен Балалар өнер мектебінде 43 жылдай еңбек етіп келемін. Күн сайын алдымда отырған шәкірттеріме зер сала қараймын. Алға үмітпен талпынған олардың алдында менің де ұстаз ретінде үлкен жауапкершілігім бар екенін іштей сезінемін. Сондықтан менің өзіме қояр талабым, алдыма қойған мақсатым жоғары болуы тиіс. Өйткені, сол жарқыраған шамшырақты дер кезінде байқап, жаға білу – менің ұстаздық парызым.
«Адамның адамшылдығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі – оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт болашақта алған бағытынан таймасы анық.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Кемеліңізге келіп, тәжірибеңіз толысқан, қадір-қасиетіңіз қалыптасқан шағыңызда қарсы алып отырған кәсіби мерекеңіз құтты болып, шығармашылық шабытыңыз шыңдала берсін!
Сұхбаттасқан Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,
«Жаңа өмір»