Basty bet
Ақсақалы бар елдің – ақыл сұрары бар, Жастары бар елдің – жарқын болашағы бар
Елде орын алған қайғылы оқиғаларды айыптай отырып, қасиетті Жуалы ауданындағы жерлестеріме мынаны айтқым келеді. Біріншіден, Қазақ елінің бір бөлшегі саналатын Жуалы ауданы қаһармен қолбасшы Бауыржан Момышұлына алтын бесік болған қасиетті өлке. Бауыржан Момышұлының, «Тәртіпсіз ел болмайды, Тәртіпке бас иген құл болмайды» деген қанатты сөзі өз еліңе, өз халқыңа құл болсаң, өзгеге құл болмайсың деген мағынада айтылғаны даусыз. Өз елін, туған халқын сүйетін адам ең алдымен өз Отанына адал қызмет етіп, оның құлы болуы керек. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы халыққа өсиет еткен бұл сөзді мен ел ішінде үнемі айтудан жалыққан емеспін.
Болар іс болды. Енді оған болаттай берік болуымыз қажет. Ел өңірлерінде болған Тәуелсіздікке сызат түсіріп, ел іргесін шайқалтуды мақсат тұтқан бүлікшілердің басбұзарлық әрекеттерінің біздің елде орын алғаны қандай өкінішті. Бірден айтамын, бұл әрекеттерде қарапайым халықтың еш кінәсі жоқ. Сондықтан орын алған оқиғалар туралы елмен ашық сөйлескеніміз дұрыс. Халық істің ақ-қарасын білулері қажет. Дәл қазіргі сәтте елге жылтыр сөздің еш қажеті жоқ. Ақты ақ деп бағалап, қараны қара деп қаралайтын кез қазір.
Ақсақалы бар елдің – ақыл сұрары бар, жастары бар елдің – жарқын болашағы бар. Елдегі болған мұндай жағдайдың қайта орын алмауы үшін ел ақсақалдары жастарға ақылын айтып, оларды дұрыс бағытқа тәрбиелесе бәрі жақсы болар еді. Қазір болған оқиғаға байланысты көбінде жастарды кінәлап жатырмыз. Бір жағынан бұл дұрыс емес. Ел өңірлерінде болған митингілерге жастардың барлығы өз еркімен қатысқан жоқ. Оларды сыртқы күштер үгіттеп, осындай жағдайға жеткізіп отыр. Мұндайда ақсақалдар, аға буын өкілдері тәрбие жұмыстарынан бейтарап қалмаулары қажет деп есептеймін.
Алаңға шыққан шерушілердің ел тыныштығын күзеткен сарбаздарға қол көтергені дұрыс болған жоқ. Ішкі әскер және қарулы күштер қатарында қызмет етіп жүрген сарбаздарға қол көтеріп, қару кезену – Отан алдында да үлкен опасыздық жасағанмен бірдей. Ертең сол жастардың өзі де әскер қатарына бармай ма?! Бүгін сарбаздарға қол көтерген жастар ертең елді қалай қорғамақшы? Ал көшеде қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысып жүрген сарбаздар біріміздің баламыз, енді біріміздің немереміз, біріміздің бауырымыз емес пе. Осы жағын неге терең ойламаймыз біз?!
Біз осы ретте жастардың тәрбиесінде кеткен кемшіліктерді әрбір ата-ана, отбасы, әулет, қала берді қоғам болып қайта қалпына келтіруміз қажет. Бұл бүгіннен басталып, өмір бойы атқарыла беретін маңызды жұмыс болуы керек. Бала тәрбиесінде, жастардың болашағын ойласақ, енді кешігуге болмайды. Менің ойым, жастар әскер қатарына барсын, мейлі бармасын, олар өз Отанының алдында Ант қабылдаулары қажет. Сонда олар өз Отанының адамына да, мүлкіне де, тіпті шыбынына да титтей зиян келтірмес еді.
Ел өңірлерінде бас көтерген бүлікші, басбұзарлардың әрекетін тоқтату үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қауіпсіздік шарты ұйымынан (ҰҚШҰ) көмек сұрауы да көп мәнге ие. Мысалы, көршіңнің үйі өртеніп жатса, оны өшіруге көмек көрсетуің керек емес пе? Бұл да сондай жағдай. Бұл мәселені аталған ұйымға мүше елдердің басшылары бірден қолдап, оған дер кезінде үн қатып отыр. Бұл әрекет өз кезегінде елдегі жағдайды тез қалыпқа келтіруге үлкен сеп болмақ.
Президент Жарлығымен 10 қаңтарды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялауы да бекер емес. Өйткені, елдегі жаппай тәртіпсіздіктерден қаншама кісі қаза болды. Оның ішінде күштік құрылым қызметкерлері де бар. Отанға соңғы демі қалғанша адал қызмет етіп, ойран салған содырларға қасқайып қарсы тұра білген сарбаздардың ата-аналарына, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамын.
Қаралы күн тарихта қаралы із қалдырғанымен, қара күннің көзі ашылар. Бұлт торлаған аспаннан күннің көзі көрінер әлі. Мұндай қиын кезде Президентіміз, елдің Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жанына топтасуымыз керек. Бір халық болып жұмылып, опасыздықтарға қарсы тұру да маңызды. Бұл бір күндік шаруа емес. Қауіпсіздік, тәрбие мәселелеріне келгенде үлкендердің ақыл-парасатына, тәжірибелі адамдардың ой-пікірлеріне, ақыл-кеңестеріне мұқият құлақ асқанымыз жөн. Қателік қай жерден кетті? Қай тұста босаңсуға жол беріп қойдық екен? Осы сұрақтардың жауабымен қоса, бүлік шығарған кінәлілердің де жазасын халықтың алдында беру керек деп есептеймін.
Әлі де елімізде ақыл-парасатпен шешетін мәселелер өте көп. Осындай қиын сын сағаттар орнаған тұста Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы халықпен бірге болды, алдағы уақытта да бірге бола береді. Президент елге, ел Президентке сенді. Бұл – қиындықты еңсеруде үлкен мәнге ие. Қиындықтарды жайлап еңсереміз. Қиындықты көрген, оны жеңген халықтың болашағы зор деп білемін. Біздің халық та сондай батыр халық.
Туған жердегі халыққа, жерлестеріме айтарым, мұндай жағдайда мейлінше сабырлы болып, елдің тұтастығын, ең басты байлығымыз – Тәуелсіздікті дін аман сақтап қалуды ойлайық. Мен қандай қиын сәттерде де өзімді тәрбиелеп өсіріп, қияға қанат қақтырған жерлестеріммен, туған халқыммен біргемін. Оның өркендеуіне, жастардың болашағының жарқын болуына тілекші азаматтардың бірімін.
Ақыл сұрайтын ақсақалдарымыз азаймасын, жастарымызға өмір, иман берсін деп тілейік. Алдымызда жақсы күндер көп әлі. Ел іргесі бүтін, халқымыз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Бақытжан ЕРТАЕВ,
Ауған соғысының ардагері.
Генерал-лейтенант,
Халық Қаһарманы.
Нұр-Сұлтан қаласы