Basty bet

90 ЖАСТАҒЫ ТЫЛ АРДАГЕРІ ДАУЫС БЕРДІ

Жуалы ауданында 2025 жылдың 18 мамырына тағайындалған Боралдай, Қарасаз және Мыңбұлақ ауылдық округтері әкімдерінің сайлауы ұйымшылдықпен өтті. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы тарапынан сайлау заңдылықтарын қадағалау, оның ішінде, сайлау учаскелерінің жұмыстарын реттеу, саяси партиялардың атынан ұсынылған кандидаттарды тіркеу, саяси науқанға қатысты тағысын тағы негізгі жұмыстар белгіленген заңдылықтар аясында атқарылды.
Ауданда барлығы үш ауылдық округте ауыл әкімдерінің сайлауы өтті. Атап айтқанда, саяси науқан ауданға қарасты Боралдай, Қарасаз және Мыңбұлақ ауылдық округтерінде өтіп, жергілікті тұрғындар ауылдық округтің әкімі лауазымына кандидат болып тіркелген 12 азаматтың ішінен ауыл-аймаққа жанашыр, іскер әкімге лайықты азаматты таңдады деген үміттеміз.
Мыңбұлақ ауылдық округінде әкімнің сайлауы өтетін күні барлық сайлау учаскесі белгіленген уақыт таңертеңгі сағат 7:00-де ашылды. Ауыл қариялары сайлау учаскелеріне ерте келіп таңдауларын жасап, игі тілегін де қоса білдірді. Сайлау күні алғашқы дауыс берген азаматтарға сый-сияпаттар берілді. Сондай-ақ Мыңбұлақ ауылдық округінде көпті көрген көнекөз қарт, 40 жыл теміржол салысында жұмыс істеген тыл және еңбек ардагері Әлімбек Есдәулетов келіп дауыс берді. Қос дәуірдің куәгері болған ақсақал: «Болашақтың бағдарын жастардың қолына бердік. Ендігі күтеріміз артымызда қалған ұрпағымыз қиындық көрмей өмір сүріп, ел аман, жұрт тыныш болысын» деп өз бата-тілегін жеткізді.
Айта кету керек, Мыңбұлақ ауылдық округіндегі сайлаушылар тізіміне – 2 851 азамат енгізілді. Дауыс беруге – 1 908 сайлаушы, оның ішінде, есептен шығару куәліктері бойынша – 0, дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс – 12 сайлаушы қатысты. Кандидаттардың жалпы саны – 3 адам.
Ауыл әкімінің сайлауында тұрғындар жоғары жауапкершілік танытып, азаматтық белсенділігін көрсетті. Тұрғындар жаңа сайланар ауыл әкімінен зор үміт күтетіндерін айтып, жақсы көңіл күйде тарқасты.

Лаура Мұсабекова,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close