Basty bet
Азық-түлік бағасы терең зерделеуді қажет етеді
Белгілі және белгісіз себептерге байланысты кейінгі жылдары біздің еліміздің барлық өңірінде азық-түлік бағасының қатты шарықтап тұрғаны жасырын емес. Бұл жағдай өз кезегінде аз қаражатқа, мардымсыз жалақыға ғана қарап отырған қараша халыққа оңай тиіп отырғанын да ешкімнен жасыра алмаймыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда Қазақстан халқының бір миллионнан астамының әлеуметтік жағдайының өте төмен, тіпті, ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейтінін айтқан еді. Жалақы төлеудегі теңсіздік те әлеуметтің арасын тым алшақтатып тұрғаны белгілі. Дәл қазіргі жағдайда халықтың табысы мен нарықтағы шарықтаған бағаны мүлдем салыстыруға келмейді.
Былайша айтқанда, ел Үкіметі және жергілікті билік те қымбатшылықтың алдында қауқарсыз болып отыр. Ел басшылығы тарапынан азық-түлік бағасын реттеу мен әлеуметтің әлеуетін арттыру туралы қаншама тапсырмалар берілгенімен, бұған жауапты жергілікті шенеуніктердің осындай немқұрайдылығынан азық-түлік бағасы шарықтағанның үстіне шарықтап барады. Біз бұған дейін де аудан орталығындағы базарларда және халық көп баратын үлкен-үлкен маркеттер мен дүкендерге барып, ондағы азық-түлік тауарларының бағаларын бірнеше мәрте салыстырып көргенбіз.
Жасыратыны жоқ, мемлекетіміз әлі күнге ел тұрғындарын қолжетімді әлеуметтік азық-түлікпен толықтай қамти алмай келеді. Былайша айтқанда, «Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болды» деп қалпағымызды аспанға лақтырып, мақтанғанымызбен, әлі күнге дейін «өз қолымыз өз аузымызға» жетпей отыр. Жаз бен күз айларындағы бау-бақша дақылдары пісіп, мал семірген молшылық маусымдарда ғана сырттан келетін өнімдерге сұраныс төмендегенімен, қыс пен көктемде көрші елдерден келетін өнімдерге тәуелді болып қалатын уақыттарымыз бар. Бұл енді азық-түлік қоймаларын көбейтіп, лайықты деңгейде азық-түлік қорын жасай алмай отырған Үкімет пен әкімдердің кемшілігі.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары туралы айтар болсақ, аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі мамандарының берген мәліметінше, аудан аумағында 19 әлеуметтік азық түлік тауарының 11 түрі өз ауданымызда өндіріледі, қалған сегіз түрі шет облыстардан келеді. ӘМАТ-ның 11 түріне тоқталар болсақ, оған бөлке нан, сиыр еті, тауық еті, майлылығы 2,5% пастерленген сүт, майлылығы 2,5% пастерленген айран, майлылығы 5,9% сүзбе, сарымай, өсімдік майы, қырыққабат, сәбіз, картоп аудан аумағында өндіріледі. Ал қалған сегіз түрі, оның ішінде, күріш, бірінші сортты бидай ұны, қарақұмық жармасы, рожки, тауық жұмыртқасы, ақ қант, ас тұзы, пияз басқа өңірлерден жеткізілуде.
Сонымен қатар, 11 наубайхана аудан тұрғындарын нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Тараз қаласынан келетін ХД белгісі бар зауыт наны 1000-1500 данаға дейін дүкендерге таратылады.
-Азық-түлік қоймасына көкөніс өнімдерін сақтау жөніндегі пилоттық жобасына келсек, көкөніс өнімдерін сақтау бойынша «Злиха» шаруа қожалығы белгіленіп, оған 500 тонна картоп, 100 тонна қырыққабат, 50 тонна сәбіз өнімін сақтау туралы келісім жасалынды.
«Алқаптан сөреге дейін» жобасы аясында «Ержан» шаруа қожалығы, «Бірлік» 1 тонна 200 келі, қырыққабаттың әр келісін 30 теңгеден және «Үмбеталы» ШҚ 970 келі картоптың әр келісін 130 теңгеден тікелей «Табиғат сыйы» көкөніс базарындағы алты кәсіпкерге, «Ақшайы», «МЕР», «Сұлтан», «Гүлнар» дүкендеріне жеткізіп беруде. Дүкендерге шаруаның өнімдерін тікелей жеткізіп беру мақсатында арнайы жүк көлігі мен келісімшарт жасалған. Жыл басынан бері Б.Момышұлы ауылындағы орталық базарда 10 мәрте ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Аудандағы шаруа қожалық және сүт өңдеу кәсіпорындарының өнімдерін делдалсыз аудандағы сауда дүкендері арқылы сату бойынша 11 келісімшарт жасалып, сатылуда. Атап айтқанда, олар «AQMOL-2025» ЖШС-ның сүт өнімдері «Ақшайы» дүкенінде зауыт бағасымен сатылуда. Одан бөлек, «Ахмадбекова А.Ж» тауық еті, «Ақшайы», «Гүлнар», және аудан орталығындағы әлеуметтік дүкенде сатылуда. «Нысанов М.М» жеке кәсіпкерлігінің сүт өнімдері, «Арман», «Ахан», «МЕР», «Нүркен» дүкендерінде сатылуда. Сондай-ақ, «Злиха» ШҚ-да өсірілген картоп, «Ақшайы» дүкенінде, «Ақбөпе» ШҚ-ның қырыққабат өнімі «МЕР» дүкенінде, «Ахмет» ШҚ-ның сәбізі «Гүлнар» дүкенінде сатылымға қойылған,- дейді аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы Шыңғыс Боранбаев.
Тұтынушылардың өтініші бойынша екі кәсіпкерге қатысты тауық еті және картоптың бағасына үстеме пайыз қосып сатқаны үшін ескерту түріндегі әкімшілік істер қозғалды. Мұндай жағдайда дүкен иесіне айыппұл салынады. Мұны да тиісті бөлімнің мамандары айтып отыр. Одан бөлек, аудан аумағындағы азық-түлік тауарларына сатып алу түбіртегін бермеу бойынша 24 әкімшілік іс қозғалып, ескерту түріндегі әкімшілік шаралар қолданылған.
Иә, аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің мамандары өңірде жиын-терім жұмыстарының аяқталуына байланысты 10 мәрте ауыл шаруашылығы өнімдеріне арналған жәрмеңкенің өткізілгенін айтады. Онда көбінесе тұрғындарға ең қажетті деген картоп, сәбіз, пияз, т.б. бау-бақша дақылдары, сондай-ақ, жылқы және тауық еті, аудандағы кәсіпорындарда өндірілетін сүт өнімдері сатылымға қойылған.
Жәрмеңке апта сайын Б.Момышұлы ауылындағы орталық базар аумағында ұйымдастырылуда. Бірақ, азық-түлік бағаларында ала-құлалық бар. Мысалы, картоптың келісінде жүйелілік жоқ. Кей жерде 130-дан сатылса, кейбір кәсіпкер картоптың әр келісін 150 теңгеден сатылымға қойған. Ал сәбіз сортына және сапасына қарай 100 бен 150 теңгенің аралығында саудаланып жатыр.
Біздің бұл ретте айтайын деген басты мәселеміз, пияздың бағасы туралы. Жамбыл облысы пиязды молынан өндіретін өңір болғандықтан, басқа-басқа біз пияздан қысылмауымыз қажет. Тиісінше, өнімнің бұл түрі кез-келген тұрғынға қолжетімді болуы қажет деп білеміз. Жиын-терім науқанының қорытындысында Жамбыл облысында жиналған пияздың көлемі 1 миллион тоннадан асты. Бұл – үлкен көрсеткіш.
Қосымша айта кететін болсақ, бұл дақылдың өңірдегі егістік алқабы жыл сайын артып келеді. Мәселен, өткен жылы облыс бойынша 24,5 мың гектарға пияз отырғызылса, биыл 25,1 мың гектарға егілген. Оның ішінде Шу ауданында – 13,1 мың гектарды, Жамбылда – 5,6 мың гектарды, Қордайда – 3,7 мың гектар және Байзақта – 1,8 мың гектарды құрайды.
Бір қуантарлығы, еліміздегі пияздың 75 пайызы Жамбыл облысында өсіріледі. Бәрін айт та, бірін айт. Күннің суытуына және қыс мезгілінің жақындағанына байланысты болу керек, өткен аптада бір дана тор қап пияздың бағасы 2000 теңгеден 3 500 теңгеге бір-ақ секірді. Екі мың теңге кезінде пиязды сатып алуға үлгермеген тұрғындар ендігі кезекте аталған дақылды осыншама қымбат бағаға алуға мәжбүр. Бұл мәселе туралы аудан орталығындағы азық-түлік жәрмеңкесінде бірнеше сатушымен әңгімелестік. Бірақ олар пияздың көтерме бағасының бірнеше есеге өсіп отырғанын айтып, қымбат бағаға сатуға мәжбүрміз дегенді алға тартып отыр. Біздің ауданға пияз дақылы облыстың орталығы Тараз қаласынан тасымалданады.
Десе де, ауданда өткізілген бірнеше жәрмеңкенің барысында байқағанымыз, пияз бағасында бір жүйе жоқ. Әркім «өз бағасын» ұстануда. Оның үстіне, өнім тұтынушының қолына тигенше бірнеше қолдан өтетіні белгілі. Бұл ретте алыпсатарлардың жолын кесу керек сияқты. Бағаны қолдан өсірушілермен күресті күшейтпей, қай азық-түлік болсын, бағаның өсуін тоқтата алмайтынымыз анық.
Қорыта келгенде, алдымыздағы жауапты науқан саналатын қыс мезгіліне кірмес бұрын азық-түлік бағасына тағы бір зерделеу жасаған дұрыс. Әйтпесе, алдағы қыстан қысылатынымыз анық.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»