Basty bet
«Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман»
тақырыбында мұғалімдердің дәстүрлі тамыз кеңесі өтті
Апта басында аудандық мәдениет үйінде білім беру саласындағы ең маңызды жиындардың бірі «Білім келешегі:Адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында дәстүрге айналған ұстаздардың тамыз конференциясы өтті.
Еліміздің жарқын болашағы саналатын балаларға білім мен тәрбие беру – болашаққа салынған ең жақсы әрі сенімді инвестиция болып саналады. Әсіресе, қазіргідей күрделі кезеңде білім саласына, оның ішінде, білім берудің сапасына, тәлім-тәрбие мәселелеріне, педагогтардың біліктілігін арттыру, тағысын тағы маңызды мәселелерге баса назар аударылуы қажет. Мемлекет те бұл мәселеге аса басымдық беріп, саладағы жұмыстарды жүйелеуге барынша күш салу үстінде. Айта кетсек, білім беру саласында бірқатар маңызды реформалар да жүргізіліп, өз жемісін бере бастағанын да көзіміз көріп отыр
«Тамыз кеңесі» – бұл жалпы педагогтардың жай бас қосып, марапат алатын алаңы ғана емес, бұл білім саласындағы түйткілді әрі өзекті деген мәселелерді талқылауға әрі шешімдер қабылдауда және ақылдасуға таптырмайтын басқосу екені белгілі..
Кеңестің мақсаты – педагогикалық мамандықтың мәртебесі мен беделін көтеру. Жаңа 2025-2026 оқу жылында орын алатын өзгерістермен таныстыру.
Мәдениет үйінің алаңында аудан орталығында орналасқан білім мекемелерінің көрме жұмыстары ұсынылды. Аудан әкімі Жалғас Мұртаза бастаған аудан басшылығы және облыстық мәслихаттың депутаты Ерұлан Мағзымбеков көрме жұмысымен танысты.
Кеңестің негізгі бөлімінде «Білім келешегі:Адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында Жуалы ауданы білім бөлімінің басшысы Бахыт Шертаева тамыз кеңесінің бағдарламасымен таныстырды. Әрі қарай сөз алған аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы педагогтар қауымын алдағы Білім күнімен және жаңа оқу жылымен құттықтады.
– Құрметті ұстаздар! Қымбатты қонақтар! Бүгін біз тағы бір жаңа оқу жылының қарсаңында кездесіп отырмыз. Сондықтан, ең алдымен баршаңызды алдағы Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Білім – тамыры терең, танымы мол ерекше ұғым. Биылғы тамыз кеңесі «Білім келешегі:адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында Қазақстандағы білім беру жүйесінің даму бағыттарына арналып отыр.
Бұл – заман талабына сай, адамгершілігі жоғары, кәсіби құзыретті және әлеуметтік жауапты тұлғаны қалыптастыруға бағытталған білім беру жүйесінің бүгіні мен болашағына бағдар беру.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы өткен республикалық тамыз коференциясында «Ұстаз – ұлттың шамшырағы. Сіздер күнделікті қажырлы еңбек арқылы ел дамуына өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Жас ұрпақтың бойына білім нәрін сеуіп, озық ойлы ұлт тәрбиелеп жүрсіздер. Елдің ертеңі мұғалімдерге тікелей байланысты. Сондықтан ұстаздың қоғамдағы орны бәрінен биік болуға тиіс»,-деп, ұстаз мәртебесін қорғаудан бастап, жасанды интелектіні меңгеруге дейінгі 5 басымдықты атап өтті.
2025-2026 оқу жылында оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттыру, жасанды интеллект мүмкіндіктеріне басымдық берілмек.
Осыған орай, білім беру ұйымдарының әсіресе, мектеп-лицей мен мектеп-гимназиялардың жұмысына талап күшеюде. Мұндай білім беру ұйымдары жәй мектептерден бір саты жоғары тұруы, заман талабына сай жұмыс атқаруы керек. Сондықтан, аудандық білім бөліміне аудандағы мектеп-гимназия мен мектеп-лицей жұмыстарына бақылауды күшейтіп, оқу-тәрбие үрдісінің ұйымдастырылуына талдау жасап, статустарын қайта қарауды ұсынамын.
Енді кезекте, бүгінгі күннің өткір де өзекті мәселелерінің бірі -бала тәрбиесі. Медиа мен әлеуметтік желінің кері әсері – интернеттегі зиянды контент оқушылардың санасына кері әсер етуде. Сондықтан оқушылар бойында ұлттық сананы қалыптастыру мен рухани тәрбие беру, мәдени мұраға деген қызығушылықты арттыру жұмыстарын күшейтуіміз керек. Ауданда бұл бағыттағы жұмыстар ақсап тұр деуге болады. Бұған себеп: мектептерде тәрбие жұмыстарының формальді өтуі, мектеп пен ата-ана арасындағы байланыстың төмендігі, тәрбие бағытында жұмыс жасайтын мамандардың біліктіліктерінің төмендігі.
Құрметті ұстаздар! Келешек ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру, елі мен жерін сүйетін, ұлтқа қызмет ететін адал азамат ретінде қалыптастыру – баршамызға жүктелген ортақ үлкен міндет.
Мұғалім білімін көтермей, кәсіби шеберлігін шыңдамай,өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие берем деу қазіргі заман талабына сай келмейді.
Балаларды біліммен сусындатып, тәрбие беруде шығармашылықпен еңбек етіп, шәкірттері тиянақты білімдерін көрсетіп жүрген ұстаздарға алғыс айтқым келеді.
Игілікті істеріңізде әрқашан асқақ абырой мен жоғары мәртебе тілеймін,- деді Жалғас Әлижанұлы.
Әрі қарай аудандық білім бөлімінің басшысы Бақыт Шертаева баяндама жасады. Ол өз баяндамасында жасанды интеллект білім беру саласында күн сайын маңызды рөл атқарып, білім мен оқытуға деген көзқарасты түбегейлі өзгерте алатын перспективаларды атап өтті. Бұл туралы Президент: «Балаларға жастайынан жасанды интеллект технологиясын оқытқан жөн. Бұл – болашақта жастарымыздың бәсекеге қабілетті озық маман болуына қажетті бірден-бір дағды», – деп барлық ұстаздарға үлкен міндет жүктелгенін де жеткізді. Одан бөлек 2024-2025 оқу жылының қорытындысына және 2025-2026 оқу жылының міндеттері мен өзгерістеріне тоқталып өтті.
«Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ерұлан Сабенұлы: «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» деп аталуы кездейсоқ болмаса керек?! Олай дейтінім, ең дамыған мемлекеттердің ұлттық байлығының небәрі 15 пайызы ғана материалдық құндылықтан, 20 пайызы – табиғи ресурстардан, ал 65 пайызы сапалы адами капиталдан, яғни білімді де білікті азаматтарынан құралған. Ал сапалы білімге оның негізгі қатысушысы мұғалімсіз қол жеткізу мүмкін емес. Қазақтың Һас батыры Ер Баукең өз заманында «Ұстаздық ұлық емес, Ұлы мамандық» деп лайықты баға берген»- деді Ерұлан Мағзымбеков.
Жиында сонымен қатар, №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның директоры Жанболат Орынбек Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткен жылдан бастап елімізде менеджерлердің кадрлық резервін іріктеу және дайындауға бағытталған «білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшы» жобасын іске асыру жайлы баяндама жасады. Ал №1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияның мұғалімі, облыстық, республикалық, президентік олимпиада жеңімпазының жетекшісі Балжан Даулова жетістік ұстаздың кәсіби шеберлігі мен шәкіртінің талпынысының айқын дәлелі екеніне кенінен тоқталды.
Кезек марапаттау рәсіміне берілді. Аудан әкімі Жалғас Мұртаза ауданның ұлағатты ұстаздарын Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Алғысхаты мен облыс әкімінің және аудан әкімінің Құрмет грамотасы, Алғысхатымен, Жамбыл облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасы және Алғысхатымен және «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапаттады. Озат педагогтарды «Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерұлан Сабенұлы, аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев, “АМАNАТ” партиясы аудандық филиалының төрағасы Марат Нарымбеков, білім бөлімінің басшысы Бақыт Шертаева марапаттады.
Тамыз кеңісінің соңы мектеп оқушылары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»