Basty bet
Ауыл ахуалы алаңдатады
Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаев Алматы қаласының іргесіндегі Нұра ауылындағы сайлаушылармен кездесті.
Нұра ауылы – Алматы қаласынан 42 шақырым жерде орналасқан елді мекен. Ауылдағы басты мәселе – жұмыссыздық. Тұрғындардың басым бөлігі күн сайын Алматы қаласына қатынап жұмыс істейді. Қала іргесіндегі ауыл саналатындықтан оқу орындары студенттерге жатақханадан орын бермей, жастар күн сайын қалаға барып-келіп оқуға мәжбүр.
Алайда ауыл мен Алматы арасында автобустың жүрмегеніне төрт жылдай уақыт болған. Бұл мәселені шешуге билік құлық танытпаған. «Автомобиль көлігі туралы» заң бойынша қала маңындағы елу шақырымға дейінгі елді мекен қалалық қоғамдық көлікпен қамтамасыз етілуі керек болса да, сот шешімі шықса да, мәселе орындалар емес. Алматы қаласының әкімдігі сот шешімін орындаудың орнына қарсы шағым жазып әлек. Аталған ауылда су, жарық, денсаулық сақтау, білім беру мәселелері де өзекті.
«Алматы мен Нұра ауылы арасындағы автобус қатынасының мәселесіне «Ауыл» партиясы араласып, сотта ауыл тұрғындарының пайдасына шешім шығарылғанын білесіздер. Десек те қоғамдық көлік мәселесі әлі де шешілген жоқ. Әлемдік қауымдастық мемлекет мәртебесін мегаполистермен емес, алыстағы ауылдың ахуалымен өлшейді», деді Жигули Дайрабаев.