Basty bet
Болашаққа сенім сыйлайтын орталық
Қазіргі таңда жастар мен жасөспірімдердің денсаулығын сақтау, саламатты өмір салтын қалыптастыру және олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау қоғам мен мемлекет арасындағы негізгі міндеттердің бірі. Өскелең ұрпақтың физикалық, психологиялық және рухани саулығы – елдің ертеңгі болашағының айнасы, ұлт денсаулығының тірегі. Осы бағытта аудандық орталық ауруханада «Сенім» жастар денсаулық кабинеті жастарды жан-жақты қолдау барысында жүйелі қызмет етіп отыр.
Мұнда әрбір жасөспірім өз ойын ашық айтып, кәсіби мамандардан көмек алу мүмкіндігіне ие. «Сенім» атауының өзі жастарға үміт пен жауапкершілік сезімін ұялатып, өмірге деген дұрыс көзқарасты қалыптастыруға бағытталған.
Өңірімізде «Сенім» жастар денсаулық кабинеті 2021 жылдың 20 сәуірінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру және Жамбыл облысы бойынша жастар денсаулық орталықтарының жұмысын күшейту мақсатында ашылған болатын. Содан бері аталған кабинет жастардың физикалық және психологиялық саулығын нығайту жолында табысты жұмыс жасап келеді.
Кабинеттің басты мақсаты – жасөспірімдер мен жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттау, репродуктивті денсаулықты қорғау, қалаусыз жүктіліктің алдын алу, контрацепцияның маңыздылығын түсіндіру және отбасын жоспарлау. Сонымен қатар, жастарға психологиялық, әлеуметтік және құқықтық кеңес беру бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Орталықта толықтай жоғары білікті мамандар қызмет атқаруда, яғни дерматовенеролог, акушер-гинеколог, хирург, уролог, психолог, әлеуметтік қызметкер және медбике. Орталықта әр маман өз бағыты бойынша жастарға кәсіби кеңес беріп, жеке қабылдау жүргізуде. Гинеколог пен уролог жыныстық денсаулық пен репродуктивті жүйеге байланысты сұрақтарға жауап берсе, дерматовенеролог жұқпалы аурулардың алдын алу жолдарын түсіндіреді. Ал, психолог пен әлеуметтік қызметкер жастарға өмірлік дағдыларды қалыптастыру, күйзелістен шығу, өз-өзіне сенімді болу және отбасылық қатынастарды реттеу мәселелері бойынша қолдау көрсетуде.
Кабинет жұмысының негізгі қағидалары – қолжетімділік, еркіндік, мейірім және сенім. Бұл қағидалар жастардың еркін түрде көмек алуына, өз мәселесін жасырмай айтуына және мамандармен ашық қарым-қатынас орнатуына мүмкіндік береді. Барлық әңгімелер мен қабылдаулар қатаң құпиялылық негізінде жүргізіледі, бұл жастардың өздерін қауіпсіз сезінуіне жағдай жасайды.
2025 жылдың алғашқы тоғыз айында «Сенім» жастар денсаулық кабинеті аудандық білім бөлімі, КММ «Жастар ресурстық орталығы» және әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету қызметімен бірлесіп, аудан көлемінде кең ауқымды ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Осы кезең ішінде 432 іс-шара ұйымдастырылып, 9261 жас пен жасөспірім қамтылды. Шара репродуктивті денсаулықты сақтау, зиянды әдеттердің (темекі, алкоголь, есірткі) алдын алу, тұрмыстық және психологиялық зорлық-зомбылықтың алдыналу, сондай-ақ, өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу сияқты маңызды тақырыптарды қамтыды.
Сонымен қатар, кабинеттің профилактика бөлімі әлеуметтік желілерде де белсенді жұмыс жүргізуде. Instagram парақшаларында srb_jualy_profilaktika_bolimi, zhualy_zrb және Facebook-та Жуалы проф.мцз парақшаларында пайдалы ақпараттар мен іс-шаралар туралы хабарламалар тұрақты түрде жарияланып, жастар арасында ақпараттық мәдениетті қалыптастыруда.
2025 жылдың тоғыз айлық есебі бойынша «Сенім» жастар денсаулық кабинетіне 394 жас жасырын түрде келіп, кәсіби кеңес алған. Келушілердің басым бөлігі гинеколог пен психолог мамандардың қабылдауында болып, ерте жүктіліктің алдын алу, жеке бас гигиенасы, отбасылық қатынастар және өзін-өзі бағалау тақырыптарында көмек сұраған. Сонымен қатар, «Сенім телефонына» 25 адам хабарласып, психологиялық және медициналық кеңес алған.
Алдағы уақытта «Сенім» жастар денсаулық кабинеті аудандық білім беру ұйымдарымен, қоғамдық бірлестіктермен және ата-аналар комитеттерімен бірлесе отырып, жастар арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды күшейтуді жоспарлап отыр. Ата-аналармен «Бала өмірінің қауіпсіздігі», «Бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі», «Жасөспірімдер арасындағы аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу» тақырыптарында кездесулер өткізуді жоспарлауда. Сондай-ақ, әр округтегі аналар алқасының қатысуымен «Ерте жүктіліктің алдын алу және жасанды түсіктің зияны», «Жат қылықтардың қыз тағдырына әсері» атты дәрістер ұйымдастыруды да көздеп отыр.
Қазіргі жаһандану дәуірінде жастардың жан дүниесін түсініп, олардың ішкі әлеміне үңілу – қоғамның ең маңызды міндеттерінің бірі. Осы тұрғыда еліміздің түкпір-түкпірінде жұмыс істейтін «Сенім» жастар орталықтары ерекше орын алады. Бүгінде, Қазақстан бойынша жүзден астам осындай орталық жастарға әлеуметтік, құқықтық және ең бастысы психологиялық қолдау көрсетіп, олардың өмір жолында сенімді қадам жасауына мүмкіндік беріп отыр.
Осы тұста, орталықта әр жасөспірімнің мәселесіне жеке көзқараспен қарап, оның жан күйзелісін түсініп, бағыт-бағдар беретін кәсіби психолог Венера Сейтаеваның пікірінше: «Жастарға ең керегі – тыңдайтын, түсінетін адам. Біз тек кеңес бермейміз, ең алдымен оларды өз-өзіне сенуге үйретеміз. Әр жас буын өз ойын ашық айтуға, сезімін дұрыс түсінуге және қажет болғанда мамандардан көмек сұраудан ұялмауға тиіс. Ал, үлкендер жастардың ішкі жан дүниесін түсініп, арада сенім мен құрметке негізделген байланыс орнатуы қажет. Тек сонда өзара түсіністік пен қолдау арқылы біз дені сау, рухы мықты және еркін ойлайтын, өз еліне адал жастарды тәрбиелей аламыз », дейді ол.
Шын мәнінде, осындай орталықтар – жастардың рухани тірегі, сенімнің бастауы. Ал, «Сенім» атауының өзі терең мағыналы, сенім – болашақтың кілті, өмірдің өзегі. Ендеше, әрбір жас өз жүрегіндегі сенім шырағын өшірмей, қоғамға жарқын жолмен қадам басса, еліміздің ертеңі де нұрлы болмақ.
Аяжан ҚАЗЫБЕК,
«Жаңа өмір»